Сіз қайда жүрсіз?..

Уақытында баспасөз беттерінде осындай айдар болатын. Онда елге танылған әдебиет, өнер адамдарының тағдыры баяндалып жататын-ды. Бір кездері Талас ауданында «Талас толқыны» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі, күйші композитор Дәулетхан Әбденбаев маған жезде болып келеді. Өткен ғасырдың ортасында Алматыға қоныс аударған Дәукеңе жолыққан сайын «Сіз қайда жүрсіз?» деген айдармен мақала дайындамақшы болғанымды сөз етемін. Бірақ Алланың дегеніне амал бар ма?! Сол ойды жүзеге асырамыз деп жүргенімізде Дәулетхан аға өткен жылы өмірден өтіп кетті. Оған да, міне, жыл толып қалыпты.

Дәулетхан Әбденбаев 1957 жылдың 3 сәуірінде Талас ауданының «Жданов» совхозында, қарапайым шопанның отбасында дүниеге келеді. Жастайынан Талас жұртына белгілі шопан, әкесі, Социалистік Еңбек Ері Иаш ақсақалға көмектесе жүріп, мал бағады. Елге сыйлы Иаш қария мен Базаркүл ананың кіндігінен тараған он ұл-қыз да еңбекқор болып өседі. Ал тумысынан өнерге деген ұмтылысы ерек, домбыраға деген әуестігі басым бала Дәулетханның бойына осы жылдары-ақ табиғатпен үндесіп, тылсым дүниенің сырын ұғуға деген құлшынысы әсем әуезбен үйлесе бойына сіңген сыңайлы. Бұл құбылыс өнер адамының әрқайсысының бойына ана сүтімен қатар жер ананың, туған жердің құтты топырағынан даритыны әу бастан белгілі. Мүмкін Дәулетханның алғашқы әуезді әндері мен күйлерінің сарыны осы кезде-ақ санасына сіңіп, нықтап орын алғанына ешкім күмән келтіре қоймас.
Дәулетхан Иашұлы орта мектепті тәмамдағаннан кейін 1973 жылы әскер қатарына шақырылып, әскери борышын өтеп келді. Әскерден кейін сол кездегі Жамбыл қаласындағы Мәдени-ағарту училищесін бітіріп, 1978-1979 жылдары Ақкөл музыка мектебінде домбырадан дәріс береді. Күйші, сазгер Дәукеңнің еңбек жолы мәдениет саласымен тікелей байланысып, ол аудан орталығы Ақкөлдегі Мәдениет үйі мен сол кездегі №14 кәсіптік-техникалық училищесі ұйымдастырған көптеген мәдени іс-шаралардың негізгі ұйымдастырушысы әрі белсенді қатысушысы болып танылды жерлестеріне.
Әсіресе, сол жылдары атағы да, даңқы да алысқа кеткен аудандағы «Талас толқыны», «Айша бибі», «Назқоңыр» ансамбльдерінің дамуына өз еңбегі мен өнерін қатар қосты. Жергілікті ақындар – Нарша Қашағанұлы, Шорабек Айдаров, Серік Томановпен, сазгерлер – Орынбасар Әбжапаров, Қуандық Кенжебаев, Әуесхан Салабековпен етене шығармашылық жұмыс істеп, таластықтардың мақтанышына айналған бірнеше ән мен күй өмірге келді. Былайғы жұрт өнерін бағалап, Дәукеңнің бұл кезде «Таластың Дәулетханы» аталған дәуірі болатын. Тіпті, ел ішінде отырыстар мен кештерде сазгердің ақын Нарша Қашағанұлының сөзіне жазылған «Кеш кездестік екеуміз» әні жастардың орындауында жиі айтылып жүрсе, ақын Шорабек Айдаровтың сөзіне жазылған «Бейбітшілік анасы» патриоттық әні әрбір аудандық салтанатты жиындардың беташар әніне айналды.
Әсіресе, жоғарыдағы «Талас толқыны» ансамбілінің өнерін шетелдіктерде тамсана тамашалаған жылдар еді ол кез. Өнер ұжымының Монғолия сапарынан кейін облыстық «Еңбек туы» газетінде 1984 жылдың 26 қыркүйегінде жарық көрген жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлының «Туысқан елдің қошеметіне бөленді» деген мақаласында: «…Осы сапарада Ақкөл жетіжылдық музыка мектебінің мұғалімі Дәулетхан Әбденбаев өзінің айшықты үнімен Ыбырайдың «Гәкку», орыстың халық әні «Коробейникиді», Түркештің күйі «Көңілашарды» нақышына келтіре орындады», – деген жолдар бар…
1994 жылы Жайсаң тауының бір қойнауындағы Керегетас жотасында Төле бидің туғанына 330 толуына арналған мерейтойы өтеді. Сол тойға өзінің өнертартуымен бармақшы болған Дәулетхан Әбденбаев «Қарлығаш әулие» деген күйді өмірге әкелді. Бұл жайында «Ақ жол» газетінің 1994 жылы 15 қаңтарда жарық көрген санында журналист Мұрат Сыздықовтың «Дәулетхан күйші» деген мақаласында төгіліп баяндалады.
«…Кезекті нөмірдің кейбір мәселелерін әңгімелеп отырғанымызда кабинетке Дәулетхан кіріп келді. Орта бойлыдан сәл жоғары, кең кеуделі, жылы жанары үнемі күлімсіреп тұратын Дәукеңнің жүзінен бір қуаныштың лебі есетін тәрізді. Мал-жан амандығын сұрасып, қауқылдасып қалдық. Осы тұста:
– Бұрындары там-тұмдап естігеніміз болмаса, Төле би Әлібекұлы турасында білетініміз шамалы-ақ екен, – деді күйші жігіт сәл ойланып – Енді, міне, тәуелсіздігімізге қол жеткенде өшкеніміз жанып, халқының болашағы үшін дүниенің бар рахатын тәрк еткен жампоздар жарқырап ортамызға оралып отыр. Бүтін билікке қолы жеткен Төле бабаның қайраткерлік тұлғасы ол өмір сүрген қарама-қайшылығы көп замана шындығы жанымды байыз таптырмай, ақыр осындай күй болып өрілген жайы бар.
Біздің өтінішімізден кейін бір қомданып алған Дәулетхан редактордың кабинетіндегі домбыраны алды. Қанағын қағып-қағып жібергенде-ақ күмбірлеген майда қоңыр жан дүниеңізді балбыратып ерітіп жіберетіндей әсем екен. Арындаған екпіннен ада. Кәдуілгі шертпе күйдің шебері атанып жүрген Дәулетханның машығын білдіреді. Сәл ғана жұмсақ мұң араласқандай сезімге жетелейтін қоңыр әуен кей-кейде Төле бабаның парасат-пайымы мол сабырлы кескінін еске түсіргендей. Күй аяқталғанда бәріміз үнсіз қалып, бір-бірімізге қарадық. Сонан соң жаңа күйді газет редакторына тыңдатқанды жөн көрдік. Ол кісіден жылы пікір естіп шыққан Дәулетханның дидарына қанқызыл рең лапып, кейбір жігіттердің «Қане, тағы да бір тартып жіберші» деген өтінішіне ризалықпен бас изей берді. Осылайша Дәулетхан дүниеге әкелген «Қарлығаш әулие» күйі газетіміздің сол арнаулы санында «Күй-лебіз» деген айдармен жарияланған болатын.
Арада бірер апта уақыт өткенде Дәулетханмен Керегетас жайлауында той үстінде жүздесудің сәті түсті. Жаңа күйді астаналық қонақтарға тыңдатуды ойлаған мен Дәкеңді қолтықтап Шу ауданындағы Жамбыл атындағы совхоз тіккен ақбоз үйге қарай жетеледім. Отырғандар М. Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының режиссері, драматург Қадыр Жетпісбаев, белгілі жазушы Әбіқұл Ибрагимов, осы шаруашылықтың директоры Сағат Жұмағұлов күй аяқталғанда бір уақыт үнсіз отырып қалды. Жазушы емес пе, алғашқы сөзді Әбекең бастады.
– Айналайын, бауырым, күй тарта білмесек те күйдің табиғатын түсінетіндей дәрежедеміз. Баба тойына әдейі әзірлеген сый-сыяпат екен. Рахмет! – деді. Қалған азаматтар да осы тақылеттес пікірлер айтып жатты.
Ертеңіне Төле би рухына бағышталған ақындар айтысы аяқталғаннан кейін таластық күйші осы концертте өзінің «Қарлығаш әулие» күйін қалың көпшіліктің алдында тұңғыш рет орындап, жұртшылықтың ақ батасын алды.
Дәулетхан Әбденбаев өзінің құдіретті әрі киелі күй өнерінің қарашаңырағына қалай келіп кіргенін былайша әңгімелейді: «Әкем Иаш – ауданымыздағы елу алты Социалистік Еңбек Ерінің бірі. Өз басым әкемді қатты құрметтеп өстім. Марқұм біздерді адалдыққа, адамгершілікке, еңбексүйгіштікке уағыздайтын, біреудің ала жібін аттамауды қатаң ескертетін. Кей-кейде қара домбыраны күмбірлетіп, ыңылдап отырғанда ән салуды ұнатушы еді, жарықтық. Өнерді де қатты бағалайтын. Есімі республикамызға белгілі күйші Боранқұл Қошмағанбетовті туған інісіндей жақсы көруші еді. Шертпе күйдің шебері атанып жүрген Боранкұл ағамыздың «Ешкітаудың етегінде», «Дауылдан кейін», «Кең жайлау» күйлерін өзім сүйсіне орындаймын. Оның үстіне Борекеңді ақылшым, ұстазым санаймын».
Дәукеңнің күйі де, әндері де өнер адамдарынан жақсы баға алды. Кейін республикалық «Мәдениет» газетінде өзі сөз еткен Боранқұл Қошмағанбетов Дәулетхан туралы лебіздер білдіре: «Бұл жігіт өзін-өзі жылы келіп, бағалай алмай жүр. Ойпырмай, осы уақытқа дейін тек домбырашы деп келген Дөкең керемет күйші-сазгер болайын деп тұрған өнерпаз екен ғой», – деген еді.
«Жібек жолы» – Дәулетханның ұзақ уақыт ойланып, толғанып жүріп, бабалар рухына бағыштаған бағалы дүниесі. Осы ретте Дәулетхан Әбденбаевтың «Өзіңді, сәулем, сағындым», «Сағыныш», «Өтелер ме?», «Есіңе, сәулем, мені аласың ба?», «Жүрегім кінәлі емес пе?», «Анама» сияқты бір топ әндеріне Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев жоғары баға бергенін де айта кету парыз.
Дәулетхан Әбденбаевтың «Далатау» күйі – алты алаштың арысы, ұлы қазақ Дінмұхамед Қонаевқа арналған күй. Бұған дейін Адам-Алатауға теңеліп келген Дінмұхамед Меңліахметұлын дала тауға теңеуі – күйшінің ерекше шығармашылық құбылысы. Қазақты даладан, даланы қазақтан айыру мүмкін емес. Бұл теңеу – жазиралы, жасыл желекті дала төсіндегі пейілі кең, күн жүзінен мейірім мен махаббат төгілген ұлы қазақтың дархандығын, дала пейілін паш ететін шығарма. Ал белгілі күйші Секен Тұрысбеков Дәукеңнің «Қарлығаш әулие», «Далатау», «Жібек жолы» күйлеріне оң бағасын берген еді уақытында.
Дәукең 1995-1996 жылдары отбасымен Алматы қаласына қоныс аударды. Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде оркестр жетекшісі болып қызмет етіп, студенттерге дәріс берді. Бірақ бір кездері өнер астанасы айналған Алматы жатырқай қарсы алса да, ол өнерден қол үзбеді. Университетте оркестрмен бірге көптеген концертке қатысып, тарихи-театрлық қойылымдарға да белсене араласты. Әсіресе, университеттің 70 жылдығына арналған қойылымда Абылай ханның бейнесін сахнада сомдап, студенттерден құралған ансамблімен бірге бірнеше дәстүрлі күйлерді орындағаны көпшілікке мәлім. Өнер адамы емес пе? Дәукеңнің бойында актерлік қасиет те болатын.
Осы жерден зейнетке шықты. Ұзақ жылғы ұстаздық қызметінде көптеген талантты шәкірт тәрбиелеп, олардың үлкен жетістіктерге жетуіне жол ашты. Бүгіндері шәкірттері Дәулетхан Әбденбаевтың шығармаларын насихаттаушы өнер тобырына айналды.
Дәукең өмірлік жары Жанар Әзімбекқызы екеуі үш қыз сүйді, сегіз немере көрді. Ағайынға қадірлі, бауырға жанашыр, шәкірттеріне сүйікті ұстаз, ұл-қызына ардақты әке бола білген Дәукеңнің асыл бейнесі ұмытылмақ емес! Өйткені Дәулетхан Әбденбаев артына өшпес мұра қалдырды. Мұра еткен сексенге тарта ән мен күйдің ішінде қазақ музыкасының алтын қорына енген шығармалары әлі де талай концерт пен жиындарда орындалатыны анық.
Сіз қайда жүрсіз, АҒА?!

Ерман ӘБДИЕВ,
Ақпарат саласының үздігі

Comments (0)
Add Comment