Сиыр жылы: ел есінде қалған ерекше оқиғалар

Әлем халқы тағы бір жылды артқа тастады. 2021 жылдың ең басты тарихи оқиғасы – дүниежүзі қауымдастығы коронавирус құрсауынан құтылудың жолы деп қарастырған жаппай вакциналау қолға алынды. Биыл қазақстандықтардың өмірінде де елеулі өзгерістер орын алды. Біз де еліміздің Сиыр жылын қалай өткергеніне шолу жасауды жөн көрдік.

Тәуелсіздік пен тарихи күн

Ең алдымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ретінде жариялады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып-жұмғандай қас қағым сәт. Дегенмен бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз. Тәуелсіздік күні еліміздің әр аймағында жоғары деңгейде тойланып, тіпті шетелдік қандастарымыз да өз жерлерінде Туымызды көкке желбіретіп, Әнұранымызды асқақтатып, мерейлі мерекені атап өтті.
Сонымен қатар 1986 жылы әлемдік алпауытқа айналып тұрған қаһарлы Кеңес империясынан теңдік сұрап, азаттық үшін алаңға шыққан көтеріліске биыл 35 жыл. Жетпіс жылдық тас бұғау да жігерін жасыта, ұлттық намысын тұншықтыра алмаған қазақ жастары алаңға шыққан күн – тәуелсіз ел үшін ең қастерлі күндердің бірі. Қазақ жастары қылышынан қан тамған Кеңес империясы кезінде алаңға намыс үшін шықты.

Мәжіліске үш партия өтті

Жыл басында айтулы шаралардың бірі – Мәжіліс депутаттарының сайлауы болды. Орталық сайлау комиссиясында 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен Қазақстандағы Парламенттік сайлауға үш партия өтіп, өздерінің кандидаттарын Мәжіліске ұсынды. Сонымен, Мәжілісте «Nur Otan» партиясында 76 депутаттық мандат, «Ақ жолда» 12 депутаттық мандат, Қазақстан Халық партиясында 10 депутаттық мандат, Қазақстан халқы Ассамблеясында 9 депутаттық мандат бар. Ал біздің облысымыздан Мейрамбек Төлепберген, Гүлдара Нұрымова мен Ильяс Буларовтар бас партияның тізімі арқылы халық қалаулысы атанды.

Халық ауыл әкімдерін сайлады

2021 жылы 25 шілде күні Қазақстанның тарихында алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Ауыл әкімдеріне сайлаудың үгіт-насихат жұмыстары 14 шілдеде басталып, 9 күнге созылды. Республика бойынша өз лауазымынан босайтын 730 әкімнің орнына саяси партиялар және өз-өзін кандидат ретінде ұсынушы азаматтар тіркеліп, тұрғындар өз ауылдарының көркеюі мен дамуы үшін таңдауларын жасады.

Ұлттық санақ – 2021

Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде халық санағы үшінші рет өткізілді. 1 қыркүйекте басталған биылғы санақтың ерекшелігі – шарада алғаш рет цифрлық технологиялар қолданылды. Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов онлайн сауалнамадан халықтың 42,5 пайызы өткенін, жаппай аралап шығу арқылы санақпен 57,5 пайыз адам қамтылғанын мәлімдеді. Қазақстандықтардың жалпы саны – 19 169 550 адам. Отандастарымыздың 48,71 пайызы – ерлер, 51,29 пайызы – әйелдер.
Елбасы «Nur Otan» партиясының тізгінін Президентке берді
Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Төрағасының өкілеттігін беру туралы шешім қабылдап: «Партияны ел Президенті басқаруға тиіс», – деді. Өкілеттіктерді тапсыру рәсімі партияның Жарғысына сәйкес орындалды.

Зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін алуға рұқсат етілді

Елімізде 2021 жылдың қаңтарынан бастап зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға рұқсат етілді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін 700 мыңнан астам қазақстандық пайдалана алатыны айтылды. Зейнетақы жинағының бір бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделу немесе қаржы компанияларына басқаруға беру үшін алуға рұқсат етілді.

Отандық «QazVac» вакцинасы халыққа егілді

26 сәуірден бастап ресми түрде отандық «QazVac» вакцинасын халыққа егу басталды. Осылайша Қазақстан әлемде СOVID-19 індетіне қарсы өз вакцинасын әзірлеп, өндіріске шығарған елдердің санатына қосылды.

Қуаңшылық қос бүйірден қысты

Жазда Қазақстанның бірнеше өңірінде жауын жаумай, жер құрғап, қуаңшылық болды. Маңғыстау мен Қызылорда облысында мал қырылды. Арал ауданында төтенше жағдай жарияланды. Жер-жерден еріктілер жем-шөп жинап, зардап шеккен өңірлерге жөнелтті. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты отставкаға жіберді.

Байзақ ауданындағы жарылыс

26 тамыз күні Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болды. Жарылыстан 13 адам қаза тауып, 98 адам зардап шеккені, үш кісінің хабар-ошарсыз кеткені хабарланды. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кететіні туралы өтініш беретінін мәлімдеді. 29 тамыз – елімізде Жамбыл облы-сы, Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан қаза тапқандарды аза тұту күні болып жарияланды.

Оқушылар дәстүрлі форматта оқи бастады

Қыркүйекте қазақстандық оқушылар бір жарым жылдық үзілістен соң мектепке келді. 1-сынып оқушылары үшін «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулығы қайта оралды. Бұл оқулықтар 1 қыркүйек күні балаларға салтанатты түрде табыс-талды. Алғашқы қоңырауға тек 1-сынып оқушылары қатысты.

«Pfizer» келді

10 қарашада Қазақстан COVID-19-ға қарсы «Pfizer» вакцинасының алғашқы партиясын алды. Келісім аясында «Comirnaty Pfizer/BioNTech» вакцинасының 4 миллион 230 мың дозасы сатып алынды. «Comirnaty» – америкалық «Pfizer» компаниясы мен Германияның «BioNTech» технологиялық компаниясы шығарған РНҚ-ға негізделген матрицалық вакцинаның (мРНҚ) сауда атауы. Бұл – Қазақстанда тіркелген алтыншы вакцина. Әзірге ол жүкті және емізулі баласы бар әйелдер мен 12 жастан асқан балаларға тегін салынуда. Алдағы уақытта ақылы түрде салуға болатын вакцинаның құны белгілі болмақ.

Жеткілікті шектің жыры

Қазақстанда 2022 жылы зейнетақы жинағын шешуге арналған жеткіліктілік шегі артатыны белгілі болды. Шекті меже келесі жылдан бастап ең төменгі жалақының өсуіне байланыс-ты көтеріледі. Бұл шешімге әлеуметтік желі қолданушылары наразылық білдірді. Президент зейнетақы қорындағы қаржысын пайдаланып үлгермеген азаматтарды қолдап, Үкіметке бұрынғы шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.

Біртуарлар мерейтойы

Биылғы мерейлі жылға бірнеше атаулы дата тұспа-тұс келіп отыр. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығы, ағартушы-педагогы, жазушы, қоғам қайраткері Ы.Алтынсариннің 180 жылдығы, Алаш зиялысы, қайраткер, Алашорда үкіметінің мүшесі, заңгер, қазақтың тұңғыш құқық магистрі Жақып Ақбаевтың 145 жылдығы, қазақтың мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, шопан Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығы еліміздің түкпір-түкпірінде жоғары деңгейде атылып өтті. Осы орайда Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына Елорда күніне орай ескерткіш ашылды. Сондай-ақ Қарағанды облысы, Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхановтың есімі берілді.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Comments (0)
Add Comment