Жаңа жыл жақындаған сайын облысымыздың әр жерінде қылқан жапырақты ағаш сатушылар көбейеді. Жаңа жылды орманнан келген әсем шыршамен қарсы алған әдемі дегенімізбен, жасыл желекті жаппай кесе берсек, орманға барынша зиян тигізетініміз анық. Осыны жақсы білетін Жуалы ауданына қарасты «Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің» орман сақшылары шыршаны заңсыз отаудан қорғау шараларын жүзеге асыру мақсатында күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Шырша ағашы баяу өсетінін көпшілік біле бермейді. Осыны ескермейтін адамдар көбіне енді-енді тамыр таратып келе жатқан жас қарағайларды кеседі. Ағашты бар болғаны бір күндік мерекенің сәнін кіргізу үшін ғана пайдаланып, содан кейін лақтырады. Осы орайда шыршаны аяусыз кесетіндердің назарына ескерте кетер бір жайт Қазақстан Республикасының заңдарында орман қорын күзету, қорғау, ормандарды молықтыру мен өсіру саласындағы заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік белгіленген. Атап айтсақ, Жаңа жылды желеу етіп, қылқан жапырақтыларға балта сілтегендерге ел Үкіметінің қаулысына сәйкес шара қолданылады. Шырша-қарағайды отаған адамға айыппұл салынады. Орманға орасан залал келтірген жағдайда құқық бұзушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Статистикаға сүйенсек, біздің елімізде жыл сайын 300 мыңдай шырша кесіледі екен. Біз тал отырғызып, еліміздің жасыл табиғатын қорғап қалу жолында жұмыс істеп жатсақ, мына жағынан xалық бір түнге бола 300 мың шырша талын кеседі. Сонда қандай пайда болғаны?
Әрбір шырша біздің таза ауамен тыныс алып, оттегімен қанығуымызға септігін тигізеді. Өзіміздің және жақындарымыздың денсаулығына залал келтірмейік! Жыл сайын бұл бассыздық жалғаса берсе, күндердің бір күні жасыл желекті алқаптарымыздың барлығын жойып жібергенімізді байқамай да қалуымыз ықтимал.
Біздің орманшылар шыршаны заңсыз кесуден қорғау іс-шаралары барысында күн-түн демей қызмет атқарады. Ауданға қарасты елді мекендерде жаңажылдық шыршаларды сатумен айналысатын сауда нүктелерін де аралап, рейд жұмыстарын да жүргізеді.
Жалпы орманның «жасыл сұлуын» заңсыз отауға тек Жаңа жыл қарсаңында ғана емес, жалпы жыл-он екі ай бойына қатаң тыйым салынады. Орманда өсіп тұрған ағаш та заңның қорғауында екенін ұмытпайық, ағайын!
Ең бастысы, қылқан жапырақты ағаштарды сақтай отырып, бәріміз бірге өлкемізді одан сайын көркейте түсейік. Осы үшін келер ұрпақ, бәлкім, бір кезде бізге алғысын білдірер.
«Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ