Шырайы артқан шежірелі өлке

Күләш ӘБДІКЕШОВА,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Бір кездері еліміздің Тұңғыш Президенті «Тарихтың темірқазығы» деп бағалаған көне шаһардың келбеті күн санап айшықталып келеді. Еңселі ғимараттар, сәнді скверлер, жанға сая болған саябақтар қаланың ажарын ашып тұр.
Мұндай ілкімді істерге ардагерлер қауымы әрқашан дән риза. Қаламыздағы қариялар ешқашан қоғамдық істерден қол үзген емес. Облыс орталығын өркендету бағытындағы ой-пікірлерін үнемі ортаға салады. Әрбір игі істің басынан табылатын да осы – кеудесі қазынаға толы қарттарымыз. Ардагерлеріміздің әрқайсысының Тараз қаласының дамуына қосқан үлестері қомақты. Сондықтан шаһардағы баянды бастамалар мен жарқын жобаларға қолдау білдіріп, ақыл-кеңестерін аямайды. Жастарымызды әрдайым туған қаласына жанашырлық танытып, көшелерді ластамауға, бүтін дүниені бүлдірмеуге шақырамыз. Сондай-ақ жыл сайын Қала күні қарсаңында қалалық ардагерлер кеңесі тарапынан «Аялайық қарттарды!» акциясы, «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» фестивалі, «Мен әжемін ұрпағын әлдилеген» байқауы секілді тағылымға толы іс-шаралар ұйымдастырылады. Мұның бәрі өскелең ұрпақтың санасына үлкендерді сыйлау, құрмет көрсету сынды ізгі қасиеттерді сіңіруге бағытталған.
Өткен мен бүгінге алтын көпір болған ардагерлеріміздің әлі де берері мол. Көне шаһардың әр саласында қолтаңбасы қалған қарияларымыз үшін Қала күнінің маңызы зор, мазмұны терең. Ендеше, осы сәтті пайдалана отырып, баршаңызды Қала күні мерекесімен құттықтаймын! Әр тасына тағылым тұнған шежірелі өлкеміздің тарихы тағы да мыңжылдықтарға ұлассын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Comments (0)
Add Comment