Дінді ұстанудың екі түрі болады, біріншісі – дұрыс ұстану, екіншісі – қате ұстану. Дінді дұрыс ұстанудың маңыздылығы соншалық, оның жеке адамға және қоғамға өте үлкен пайдасы бар.
Дінді дұрыс ұстану адамның адами қасиетін сақтап, оны биік дәрежеге көтереді. Ал дінді қате ұстану – адамзатқа өте үлкен зиян келтіріп, адамды биік дәрежеден төменгі дәрежеге түсіреді. Дінді қате ұстанып, адасып жүру дінсіз болудан да қауіпті. Дінді қате ұстанудың нәтижесі адамның болмысына сіңіп, орнығады, яғни ол адам дінде тыйым салынған нәрселерді шариғи тұрғыда рұқсат санай бастайды. Бұл адамға «мына ісің шариғатқа қарсы, мұны тоқтат» десең, тоқтамайды. Себебі ол оны өз шариғатында дін деп біледі.
Расында, адамның дінді қате түсінуі жазықсыз қан төгуге дейін алып баруы да мүмкін. Қаншама жас дінді дұрыс түсінбегендіктен өзгені де, өзін де өлімге қиып жатыр. Олар адамды өлтіру шариғаттан деп ойлап, адасты. Өздерінің сеніміне қарсы келген адамдарды өзінің ата-анасы, туыс-тумасы екеніне қарамай, адасқан деп айыптап, тіпті кейбірін өлтіріп те жібергеніне куә болдық. Сондықтан мұндай адамдар дінді ұстанбайтын адамнан да қауіпті болады. Тарихқа көз салсақ, мұсылмандардың арасында адасқан ағымдар өте көп болған. Осы тұста «Дінді тура ұстану мен қате ұстанудың арасын қалай ажыратамыз?» деген сұрақ туындауы мүмкін.
Бірақ бүгінгі күнгі діндарлықтың барлық көрінісі дұрыс па, әлде оның зиян жақтары да бар ма? Иә, өкінішке орай, зиян жағы да бар. Адамның дінді қате ұстануы қоршаған ортаға өте үлкен зиян алып келеді. Кейде ондай адамды жарылғыш затқа ұқсатуға болады. Өзін қашан жарып жіберетінін білмейсің. Ол адамның ойлау жүйесінде қателік бар. Сондықтан өзінен басқаша пікірдегі кез келген адамның ойы оған біртүрлі көрінеді. Бұл адами ойлау табиғатынан шығып кеткен. Кейде құлақ естіп, көз көрмеген нәрселерді айтып жүрсе, кейде дұрыс емес пәтуалар береді. Халық арасында ақылға сыймайтын істерді жасап жүреді. Демек, дінді дұрыс ұстану мен қате ұстанудың аражігін айырып алуымыз керек.
Ал оны бір-бірінен қалай ажыратамыз? Жалпылама алғанда, діни мәтіндерді дұрыс та, бұрыс та бағыттар қабылдайды әрі Құрандағы аяттардың анық аят екеніне де қарсы келмейді. Хадистің хадис екендігінде де талас жоқ.
Бірақ ағымдардың арасында талас-тартыстар көп. Бұл талас-тартыстар адамдардың Құран мен хадисті өз түсінігімен түсінуінен туындап жатыр. Дінді дұрыс ұстанушы мен қате ұстанушының арасын айыратын басты себеп – осы. Дінді дұрыс түсінетін адамдар бұл түсінікті ғалымдарымыздың түсінігінен алып жатыр. Ал қате түсінушілер дінді өздерінің кем ақылдарымен түсінгендіктен, талас-тартысқа түсіп, соңында адасты.
Діни мәтіндерді сыртқы мағынасында түсініп, сол бойынша әрекет етеді. Бұл екі түсініктің арасындағы басты айырмашылық – дінді дұрыс түсінетіндер діни мәтінді нақыл қыларда тек мәтінді ғана емес, сол мәтіндегі ғалымдардың түсінігін қоса нақыл жасайды. Осы дұрыс жол болып саналады.
Дұрыс бағыт бір мәселеге дәлел айтарда Құран мен сүннеттен келтіріп жатқан дәлелді ғалымдардың түсінігімен келтіреді. Ал басқалар бір мәселеге дәлел келтіретін болса, Құран мен хадистің тек өзін ғана келтіреді. Біз Құран мен хадисті өз түсінігімізбен түсініп, оны мәселеге әсте дәлел ете алмаймыз. Исламдағы түрлі ағымдардың шығуына Құран мен хадисті өз түсінігімен түсіну себеп болған.
Егер біз бір мәселеде дәлелді Құран мен хадистен қарайтын болсақ, бір адам басқаша түсінеді, екінші адам одан басқаша түсінеді. Соңында адасу туындайды.
Ал жоғарыда айтқан «қатты ұстану» бағытындағылар дінді өздерінің ойымен түсінгендіктен адасуда. Қазіргі таңда мұсылман елдерінде болып жатқан қантөгістер, мұсылмандарды кәпір етіп шығарулар – осы бағыттың, яғни дінді өз түсініктерімен түсінуінің себебінен.
Олардың ойынша, Құран мен хадис өздігінен түсінікті, оған кез келген адамының түсінігі жете алады. Сондықтан өздерінің түсінігін ақиқат деп біледі. Ең сорақысы, олар дінді сыртқы көрінісімен шектеп қойды. Бұл да олардың таяз түсінігі. Дінді бидғат, ширк деген белгілі бір тармақтармен ғана шектеп, сол бойынша мұсылмандарды күпірлікте айыптап, өлімге қиып жатыр.
Біз орта жолды ұстану арқылы әрқашан дұрыстыққа жетеміз. Бұл дұрыс бағытқа фиқһи мәзһаб иелері, атап айтқанда, «Ханафи», «Мәлики», «Шәфиғи», «Ханбали» мәзһабтары жатса, ақида мектебіне «Мәтуруди» және «Әшғари» мектебі жатады.
А.Сабырұлы,
Жамбыл облысы әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығы оңалту бөлімінің басшысы