Шымкентте тұтыну кооперативіне алданған бір топ адам шу шығарды. Еш пайызсыз үй мен көлік әперем деген «Елім ай» компаниясына 150-ге жуық тұрғын ақша салған. Бірақ межеленген уақытта келісілген көлік те пәтер де бұйырмапты, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Енді айлап ақшасын қайтаруды талап еткендер кооперативтің Шымкенттегі филиалына келген. Жиналған топ екі жыл бұрын әлеуметтік желілерде жарнамасы жер жарған «Елім ай» тұтыну кооперативінің салымшылары. Олар ай сайын ақша салып тұрсаң, көп ұзамай көлік пен пәтерді пайызсыз аласың дегенге имандай сеніпті. Енді сан соғып қалғандар салған қаржысын қайтара алмай жүр.
«Олар келісімшартты бұзды. Біз басында аламыз деп құдайдай сеніп, осыған тапсырдық. Менің мүгедек балам бар. Үйде немерелерім бар, баспана аламын деп дәмеленіп, ақшаны тірнектеп жинадым. Бар салғанымыз, мінекей! Не там жоқ, не ақша жоқ», – дейді салымшы Гүлзабира Жүнісбекова.
Қазақстанда жұмыс істеп жатқан кооперативке Шымкенттің өзінен 150-ге жуық тұрғын қаржы салған. Алды бірнеше миллионын өз қолымен апарып беріпті. Өзгелер де бұл компанияға алданып қалмас үшін жиналғандар басшысының суретін құшақтай келген. «Аферист, аферист, аферист! Ақшамызды қайтарсын! Бұл кооперативке сенім жоқ!» – деп айқайлайды олар.
Алайда салымшылар жер-көктен іздеген басшылық «ешқайда қашқан жоқпын» дейді. Тек үш күн ауырып телефон тұтқасын көтеруге мүмкіндігі болмапты. Сондықтан шымкенттік салымшылардың «дүрлігуіне негіз жоқ» деп отыр. Өйткені ақшаның барлығы келісім бойынша көпқабатты үйдің құрылысы мен алынар көлікке жұмсалады деп сендірді.
«Бухгалтерия тізімін істеп жатыр. Иншаллах, бүгіннен бастап барлығы қайтарылады. Бұл бір. Екіншіден, кооператив жұмыс істеп жатыр. Ешкім ешқайда қашқан жоқ. Мен, Алланың қалауымен Қаскелеңде, жұмыстамын, кеңседемін. Біз, негізі, кооператив құрылысқа кетіп жатыр. Қазір жер алынған, құрылыс жүргізіп жатырмыз 160 квадрат үй салынып жатыр. Адамдар ақша салады, біз үй саламыз, пәтер беріледі, болды», – деп сендіргісі келді тұтыну кооперативінің директоры Ербол Киізбаев.
Десе де «ақша қайтарылады» дегенге сенбеген шымкенттік салымшылар кеңсеге полицейлерді шақырып арыз жаза бастады. Енді жұртқа баспана мен көлік алып беруге ниетті кооператив басшыларының жұмысын құзырлы орындар тексеретін болады.