Аттракционнан құлаған жігіттің жағдайы ауыр деп хабарлады turkystan.kz Шымкен қалалық денсаулық сақтау басқармасы таратқан мәліметке сілтеме жасап.
Кеше 10-шы сәуір күні қаладағы саябақтардың бірінен 103 қызметіне ер адамның биіктен құлап кеткені туралы шақырту түскен. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлері 20 жастағы жігіттің ауыр жарақат алғанын анықтаған.
«Оқиға орнына барған жедел жәрдем қызметкерлері науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізді. Медициналық тексеру барысында пациенттің бас сүйек маңдайы жарақаттанғаны анықталып, операция жасалды. Науқастың жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр» деп жазылған басқарманың хабарламасында.
Оқиғаның мән-жайын қалалық полиция қызметкерлері анықтап жатыр.
«Бәйдібек би көшесіндегі аттракциондар саябағындағы жайт бойынша әл-Фараби ауданы полиция басқармасының қызметкерлері ҚР ҚК 306-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс тіркеді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Оның барысында жайттың бүкіл егжей-тегжейі анықталады» делінген полицияның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.