Шымбайына батқан соң келеді

«Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалының мәжіліс залында қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.

Арайлым Шабденова
Суретті түсірген Ю.Ким

Қоғамдық қабылдауға қала әкімдігіне қарасты бөлім басшылары мен екінші деңгейлі банк қызметкерлері қатысты. Қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі БАҚ көргенде қысылып, газет, телеарналарға есімдерінің шыққанын қаламайтындықтарын жеткізді. Сондықтан мақалада тұрғындардың есімі көрсетілмейді.


Алғашқылардың бірі болып қабылдауға қала тұрғыны Е.З кірді. Ол «Бәйтерек» мөлтек ауданында мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға пәтер алған. 2014 жылы қоныстанған тұрғын бүгінде пәтердің сапасы сын көтермейтіндігін, шатырдан аққан судан мезі болғандығын айтып шағымданды. Қала әкімдігіне бірнеше рет арыз жазған ол ешқандай нәтиже жоқтығын айтады. Тұрғынның өтінішін тыңдаған шаһар басшысы: «қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Ғазиз Ералиев осында отыр. Сенбі-жексенбі күндері жиын жасап, осы үйдің тұрғындарымен кездеседі. Туындаған мәселелерді шешу жолдарын қарастырады» деді. Ал А.Т есімді азамат болса 2017 жылы Тараз техника және бизнес колледжінде «Кәсіпкерлік негіздер» тақырыбы бойынша қысқа мерзімді курсын аяқтап, сертификатын алған. Бизнес жоспар бар, алайда несие бермейтін банктердің табалдырығын тоздырған зейнеткер көмек сұрай келіпті. Бұл сауал бойынша «Центркредит» банкінің қызметкерлері заң аясында тұрғынға жауап берді. Тұрғылықты мекенжайы болмай, пәтер кезегіне тұра алмаған Н.К есімді азаматша шаһар басшысынан үй алып беруді және әлеуметтік жәрдемақыға көмектесуді сұрады. 14 жыл бұрын жер кезегіне тұрған азаматша, бүгінде бір үйдің бір бөлмесін 20 мыңға жалдап тұрады екен. «Қыстыкүні өлместің күнін кешіп жүрмін. Үйінің 1 бөлмесін беруге кім келіссе, сол үйде тұрамын» деген қала тұрғыны көзіне жас та алды. Ал Қ.С. есімді тұрғын екі баласының мүгедек екендігін айтып, пәтер кезегінің жылжымайтындығына наразылығын білдірді. «Үш балам бар. Оның екеуі мүмкіндігі шектеулі. Бір қызым талма ауруымен ауырады. Үй кезегіне 3184-ші болып тұрдым. 2012 жылдан бері бұл кезек жылжымай келеді. Балаларымның денсаулығына байланысты олардың қанша уақыт өмір сүретіндерін де білмеймін. Кімнен, қайдан көмек болады? Пәтер алу үшін қанша уақыт күтуім керек?», – дейді тұрғын.


– Заңға сәйкес қала бойынша мемлекеттік қордан үй кезегіне тұрған азаматтар әр түрлі санатта үй алады. Мәселен, бүгінгі таңда 17 мыңнан астам тұрғын үй кезегінде тұр. Ал жылына тек 1 үй пайдалануға беріліп жатқанын ескеру керек. Сондай-ақ үйді 2005 жылы мамыр айында кезекке тұрғандар алып жатыр, – деді қала әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев.


Сондай-ақ шаһар басшысы бұл азаматшаға қалалық мәдениет үйінде арнайы құрылған штабқа барып, құжат тапсыруды айтты.
– Бүгінгі таңда көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларын анықтау, олардың жағдайын бақылау мақсатында қалалық мәдениет үйінде штаб құрылды. Онда арнайы сала мамандары қажетті құжаттарды тіркеп, тізім жасақтауда. Көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың барлығын сол жерде қабылдап жатырмыз, – деді қала әкімі.


Қоғамдық қабылдауға қайырылғандардың басым көпшілігі тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүрген азаматтар болды. Сонымен қатар «Қант зауыты» маңындағы көшенің жолдары, жарықтандыру, ауыз су мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды жарықтандыру бойынша да қайырылған азаматтардың мәселесі ескерусіз қалмады. Қала бойынша қатынайтын қоғамдық көліктердің соңғы аялдамаға жетпейтіндігі, бағытын ойына келген уақытта өзгертетін жүргізушілер мен кондукторлардың мәдениеті тұрғындар наразылығын тудырған. Қабылдауға келген он адамның ішінде тек 1 ғана тұрғын жазбаша жауапты күтетіндігін айтты. Қайырылған азаматтардың өтініш-талаптары ескерусіз қалмайтындығын қала әкімі әрбір тұрғынға жеткізді.

Comments (0)
Add Comment