Шығыс Қазақстан облысында зейнеткер әйелдің үйінен оқ-дәрі қоймасы табылды

Риддерде 62 жастағы зейнеткердің үйінен оқ-дәрі қоймасы табылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, Риддер қалалық ПБ криминалдық полиция қызметкерлері «Қару» ЖПІШ  аясында жедел-іздестіру іс-шараларын өткізіп, жергілікті тұрғынды ұстады.

«Тәртіп сақшылары үй верандасындағы қоймадан 5,6 мм калибрлі 703 патрон, 37 дана 20 мм тегіс ұңғылы мылтық, 7 дәрі қорабы, 3 қап үгінді, сондай-ақ қару дүмбісі  мен соққы механизмін тапқан. Әйел адам жұбайы қайтыс болғаннан кейін барлық арсеналдың өзіне қалғанын айтқан. Алайда полиция күдіктінің де, оның марқұм жұбайының да қару иелері ретінде базада жоқ екенін анықтаған», – делінген хабарламада.

62 жастағы қала тұрғынына қатысты келуге міндеттеу түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасы таңдалды.

Қазіргі кезде аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігімен («Жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғылардың оқ-дәрілерін заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру») сотқа дейінгі тергеу басталды.

Күдіктіге бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін.

Comments (0)
Add Comment