Шу ауданында 250 орындық бастауыш мектеп балалар игілігіне берілді. Нысанның құрылыс жұмыстарына жеке кәсіпкердің қаражатынан 600 миллион теңге жұмсалып, қажетті жағдайлар жасалған. Сонымен қатар мектепте 288 балдырған білім алып, 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Заманауи білім ұясының ашылу салтанатына аудан әкімі Сәкен Арубаев қатысып, жергілікті тұрғындардың қуанышына ортақтасты.
– Ауданымызда 114 білім мекемесінің 47-сі мектеп. Биыл Шу қаласы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің жапсарлас ғимараты пайдалануға берілсе, аудан орталығында 300 орындық бір мектептің құрылыс жұмыстары жүруде. Ағымдағы жылы С.Шәкіров атындағы мектебіне спорт залының құрылысына ЖСҚ әзірлеуге 10,0 млн, 5 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына ЖСҚ дайындауға 2,5 млн теңге қарастырылды. Алдағы 3 жылдың ішінде білім саласында бірқатар мектептер салынып, күрделі жұмыстары жүргізілетін болады. 2025 жылға дейін білім ошақтарындағы мәселелер шешімін табады деген жоспарымыз бар, – деді аудан әкімі.
Оқу процестері қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Сондай-ақ спорт және музыка залдары бар. Мұғалімдер саны – 22. Мектепалды даярлық және бастауыш сыныптар бойынша негізгі және қосымша мемлекеттік білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады.
Дайындаған Дариха Үмбетиярова