Шежіресін шойынжолда жазған әулет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек», – деген еді. Шынында да, маңдай терімен ел игілігіне үлес қосқан жандар – қоғамның тірегі, ұлт мерейін асқақтатар тұлғалар. Сол еңбек ерлерінің қатарында теміржолшылардың орны ерекше.

Заманның күретамыры іспетті теміржол – елдің бірлігі мен дамуының айнасы. Шойынжолмен сан тағдыр тоғысып, талай әулет өз нәсібін тапты. Сол жандардың арасында өмірін осы саламен өрген, темірдей тәртіп пен қажырлы еңбекті ұрпағына аманат еткен Бектасовтар әулеті бар.
1940 жылы жарық дүние есігін ашқан Күмісхан Бектасов атаның өмір жолы – маңдай тер мен мағыналы ғұмырдың айғағы. Балалық шағы Екінші дүниежүзілік соғыстың ауыр кезеңімен тұспа-тұс келіп, қиындықпен есейген ол ерте жастан еңбекке араласты. Шойынжолдың бойында 44 жыл табан аудармай қызмет еткен Күмісхан ата – «Құрметті теміржолшы» төсбелгісінің иегері, замандастарының мақтанышы.
Өмірдің қызығы мен қиындығын қатар кешкен жары – Ұлмекен Бектасова да осы салада еселі еңбек еткен жан. 1949 жылы 22 наурызда Түркістан облысы, Түлкібас ауданының Жамбасарық ауылында дүниеге келген ол жастайынан еңбекке бейім болып өсті. 1978-2003 жылдары Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясында электромонтер болып, 25 жыл ғұмырын шойын жолдың бойына арнады.
– Біз Күмісхан екеуміз «Түлкібас» стансасында таныстық. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді ғой. Бүгінде ұл-қыздарымыз, немерелеріміз, келіндеріміз бен күйеу балаларымыз да осы салада тер төгіп жүр. Теміржол – тәртіп пен жауапкершіліктің мектебі. Түн ортасында шақырса да баруға тиіссің. Сол себепті бұл мамандыққа тек еңбекқор жандар ғана шыдайды, – дейді Ұлмекен апай.
Ұлағатты әулеттің тұңғышы Бауыржан Бектасов 1968 жылы 16 ақпанда дүниеге келген. Әке жолын жалғап, бүгінде «Қазақстан теміржолы» Жамбыл бөлімінің өнеркәсіптік қауіпсіздігі бойынша бас маманы болып қызмет етсе, жұбайы да теміржол саласының өкілі – Тараз вокзалында бейнебақылау операторы.
– Әкем кейде түн қараңғысында жұмысқа кететін. Бала болсам да кейде соңынан еріп, шойынжолдағы тіршілігін қызықтайтынмын. Сол кезден бастап теміржолға деген ықыласым оянды. Қазір мен қауіпті нысандарды бақылап, тексеріп жүремін. Түлкібастан Отарға дейінгі аралық – біздің жұмыс аймағымыз. Кейде жұмысбастылықтан отбасына көңіл бөлуге уақыт тапшы. Бірақ біздің борыш – ел қауіпсіздігі мен қозғалыстың тұрақтылығы, – дейді Бауыржан Күмісханұлы.
Ал әулеттің гүлдей қызы Гүлнар бала күнінен ұстаз болуды армандап, кейін әке өсиетін тыңдап, теміржол саласының маманы атанады. Бізбен тілдескен сәтінде ол аяулы әкесі Күмісхан туралы естелігін күлімсіреп бастап, артынан көзіне жас іркілді.
– Мен 1969 жылы 22 желтоқсанда Жуалы ауданында дүниеге келдім. 1986-2015 жылдар аралығында «Қазақстан теміржолы» Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясында электромеханик болып еңбек еттім. Жолдасым да осы саланың маманы. Мектепте жүрген кезімде «Болашақта кім боласың?» деп сұраса, ойланбастан «Мұғалім боламын» деп жауап беретінмін. Сонда әкем: «Қызым, теміржол мамандығын оқы. Бұл сала сенің өміріңде үлкен мектеп болады, өмірдің шынайы қырын ұғасың», – деп айтатын. Сол ақылды сөз менің тағдырымның бағытын айқындады. Әкем теміржолдың шаруасымен сыртта апталап, айлап жүретін. Ол кісінің үйге келгені біз үшін үлкен мереке болатын. Оның әр оралуы – отбасына қуаныш, шаңыраққа жылылық сыйлайтын. Әкем отарбадағы ауыр еңбегімен қатар, отбасындағы жауапкершілікті де қатар алып жүрді. Қазір кей жастар «жұмыс көп, отбасына уақыт жоқ, бастысы – ақша табу» деп сылтау айтады ғой. Ал менің әкем олай демейтін. Ол отбасының ғана емес, бауырлары мен туыстарының да хал-жағдайын сұрап, қол ұшын беруге дайын тұратын. Туыстарымыз бен таныстарымыз әкем жайлы жылы естеліктер айтқанда жүрегіміз бір марқайып қалады, – деді Гүлнар Сембиева өткен күнді сағынышпен еске алып.
Сонымен бірге әке жолын жалғаған әулеттің азаматы Сүгір Бектасов – еңбек адамының бейнесін айқын көрсететін жан. Шойын жолда шыңдалған азаматтың ұлы Жайдар да әке жолын жалғап бүгінгі күні «Қазақстан теміржолы» Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясында байланыс диспетчері болып қызмет атқарады.
– Алғаш теміржол саласына электрик болып қабылданып, бүгінде Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясында өндірістік телімнің бастығы болып жұмыс істеймін. Ал жұбайым Тараз станциясында жүк қабылдаушы қызметін атқарады. Біздің жұмысымыз қиын болғанымен, қызықты. Кейде үйде алаңсыз ұйықтап жатқан сәтіңде қоңырау шалып, жұмысқа шақырту аламыз. Сондайда еш қиналмай, ақау шыққан аймаққа барамыз. Себебі әрбір дұрыс істелген жұмысымыз – мыңдаған жолаушының тағдыры. Күн-түн, демалыс, мереке демей еңбек етеміз, – дейді маман.
Сонымен қатар әулеттің қыздары Толғанай «Қазақстан теміржолы» Ақмола магистральдық жүйесінде поезд диспетчері болса, Әсем Күмісханқызы «Қазақстан теміржолы» Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясында электромонтер болып қызмет атқаруда.
Осындай ерен еңбегінің арқасында әулеттің азаматтары Бауыржан Бектасовқа 2022 жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына 25 жыл» мерекелік медалі, 2024 жылы «Кәсібі бойынша үздік» атағы берілген болса, Сүгір Бектасов 2019 жылы «Үздік маман», 2022 жылы «Адал еңбегі үшін» медалінің иегері атаныпты.
Осылайша болат жолдағы берекелі әулет рухани және отбасылық құндылықтар мен отбасы институтын нығайту мақсатында 2014 жылы бастау алған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық, облыстық кезеңінен топ жарып, жақында Астана төрінен Әулиеатаға абыроймен оралған болатын. Бұл – бірнеше ұрпақ бойы теміржол саласына төккен маңдай тердің, қажырлы еңбектің әділ жемісі.
Ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазақстандық отбасыларды қолдауға бағытталған ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын тілге тиек етіп: «Қазақ – қашанда отбасын қасиетті ұғым санаған халық. Отбасының беріктігі мен ынтымағы – ұлттың бірлігі мен тұрақтылығының кепілі. Сондықтан ата-ананы ардақтау, туыстық қатынастарды нығайту сияқты құндылықтар ұлт мәдениетінің өзегіне айналды. Қазіргі таңда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен осы сабақтастықты әрі қарай сақтау үшін ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Бұл ретте отбасы институтын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға және қоғамда дұрыс құндылықтар жүйесін насихаттауға баса мән беріліп отыр. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да отбасыларды қолдауға, ана мен баланың құқықтарын қорғауға арналған маңызды міндеттер жүктеді. Бұл әлеуметтік бастамалардың бәрі елімізде отбасы құндылықтарының нығаюына және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді деп сенеміз», – деген болатын.
Жалпы, еліміздің әр өңірінен 3 434 өтінім түскен жобада топ жарған жерлестеріміз миллион теңге көлемінде ақшалай сертификатқа ие болыпты.
– Отбасы қашанда ұлттың ұйытқысы саналады. Өз отбасында тыныштық пен татулықты өзара үйлестіріп, жетістікке жетпеген адам, өмірде де биік шыңдарды бағындыра алмасы анық. Жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп тұратын «Мерейлі отбасы» байқауында еліміздегі ең үлгілі саналатын отбасылардың тағылымға толы өмірлері насихатталып, түрлі марапатқа ие болуы дәстүрге айналды. Бұл – қоғам өміріне де елеулі үлес қосатын бастама екеніне сенімім мол, – дейді Ұлмекен Бектасова.
Әулеттің әрбір мүшесінің өмір жолы – теміржол тарихымен біте қайнасқан. Олардың өмір жолы – адалдық пен еңбекқорлықтың, отансүйгіштік пен ұрпақ сабақтастығының жарқын үлгісі. Бектасовтар әулетінің өнегелі өмір іздері Қазақстан теміржолының шежіресінде алтын әріппен жазылатыны анық.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Comments (0)
Add Comment