Шетелдік ғалымдар Тараз төрінде бас қосты

Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты базасында «Жасөспірімдердің суицидтік мінез-құлқын алдын алудағы пәнаралық көзқарас: мәселелер, қиындықтар және заманауи шешімдер» атты халық- аралық ғылыми-практикалық конференциясы өтуде.

Кеше басталған алқалы жиынға еліміздің және шетелдік беделді ғалымдар мен дәрігерлер қатысуда. Халықаралық шара жасөспірімдердің суицидтік мінез-құлқының теориялық және практикалық аспектілері бойынша сындарлы пікірталас ұйымдастыру және ғылыми-практикалық ұсыныстар әзірлеу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Жиын барысында жүйелі түзету мақсатында жасөспірімдердің психикалық денсаулығына әсер ететін және суицидтік мінез-құлқын қалыптастыратын мәдени, әлеуметтік, психологиялық, биологиялық және ситуациялық қауіп факторлары сөз болуда.
Мәселен, италиялық Молизе университетінің медицина ғылымдары және денсаулық сақтау кафедрасының профессоры, психиатр Марко Саркиопоне Қазақстандағы жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу бағдарламасының нәтижелері жайында талдау жасаса, ресейлік Шығыс Еуропалық психоанализ институтының психоаналитикалық психо-терапия кафедрасының профессоры, Еуро-палық психоаналитикалық психотерапия конфедерациясының жетекшісі, тренингтік аналитик, психология ғылымдарының докторы, профессор Елена Змановская аутоагрессивті мінез-құлықтың әртүрлі формалары бар отбасыларымен және жасөспірімдермен жұмыс істеудегі ресурстық көзқарас жайында әріптестерімен пікір алмасты. Бұдан бөлек, Мәскеу қаласындағы «РБА Көркемдік білім беру және мәдениеттану институты» «Тұлғаны дамытуды психологиялық-педагогикалық қамтамасыз ету» зертханасының меңгерушісі, психология ғылымдарының докторы, профессор Илья Слободчиков, мәскеулік «РБА Жас ерекшелік физиологиясы институты» Федералдық мемлекеттік бюджеттік ғылы-ми мекемесінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Елена Приступа мен елімізге белгілі гипнотерапевт, педагогика және психология ғылымдарының докторы, профессор Талант Бөлеевтер аталған тақырып аясында жасаған зерттеулерімен таныстырды.
Екі күнге созылатын конференция аясында бүгін шеберлік сыныптары ұйымдастырылып, әлем елдері үшін аса маңызды мәселеге айналып отырған жайт жан-жақты талқыға салынбақ.

«JT-ақпарат»

Comments (0)
Add Comment