Бүгінде сыртта жүрген отандастарымыз аз емес. Бірі үлкен саясат «сахнасында» жүрсе, енді екіншілері өзге елдердің әдебиет һәм мәдениетімен сусындауда. Осы орайда жат жерде жүрген жерлестерімізді оқырман қауымға таныстыру мақсатында «Өзгеше көзқарас» атты айдарымыз оқырманға жол тартты. Бүгінгі біздің қонағымыз – АҚШ-тың Калифорния штатының тұрғыны, жазушы Лира Қоныс.
– Бұрынғы жас, албырт Лираны не ойландырушы еді? Бүгінгі ақыл тоқтатқан Лираны не толғандырады?
– Ақыл тоқтатудың белгілері әрекеттен білінеді. Бұрынғы мағынасыз көп достың орнын сапалы бірер доспен алмастыру, шағым айтуды тоқтатып, мәселені шешуге тырысу, басқалардың сізді мойындауы мен бағалауына тәуелді болуды ұмыту, пайдасыз адамдар кіретін есіктерді жаба бастау дегендей уақытпен келетін әрекеттер бар. Жас кезімде оқыған Абай мен қазір оқып жүрген Абай екеуі екі бөлек адам сияқты. Айналама «баяғы Абай қазір басқа біреуге айналып кетсе, оны түсіне бастағаның, бұл ақыл тоқтатудың һәм қартаюдың басы» деп қалжыңдаймын. Ал сұраққа тікелей жауап берсем, мені қара басымнан басқа еш нәрсе толғандырмайды. Көршінің баласы қазақша білмей ме – ол көршінің шаруасы. Африкадағы балалар аштан өліп жатыр ма – обалы балалардың әке-шешесі мен сол елдің билігіне. Америкалықтар сайқымазақ Трампты сайлап алды ма – өздері төрт жыл цирк болды. Менің күшімнен, бақылауымнан тыс обсессивті уайымдар менікі емес. Әлдебір тақырыпқа алаңдаудың өзі басы артық жауапкершілік, кез келген уайым біздің жүйкемізге әсер етеді.
– Отбасыңызға тоқталып өтіңізші. Жолдасыңыз, балаларыңыз немен айналысады? Сіздің шет елде тұрып жатқаныңызға бірнеше жылдың жүзі болды. Балалар сол жақта жүріп есейіп келеді. Біздің мемлекет туралы түсініктері қандай?
– Қоңыртөбел ғана отбасым бар. Жолдасым ғылым саласында, әлемдік туризм мәселелерін зерттеумен айналысады. АҚШ ғалымдарымен бірігіп, Қазақстанның алдағы отыз жылдық туризм концепциясын жасаған. Үш баламыз бар. Үлкеніміз жеті тілде еркін сөйлейді, қазір компьютерлік лингвистика саласында оқып жатыр. Үйде тек қазақ тілінде сөйлесеміз. Жолдасым екеуміз балалардың көзінше ешқашан Қазақстандағы келеңсіздіктерді талқылаған емеспіз. «Қазақстан – Орта Азиядағы гүлденіп келе жатқан тамаша ел» дегеннен танбаймыз.
– Жат елдегі қазақтарға не жетіспейді? Сезім, бәлкім басқа, қай жағынан болса да…
– Бұл әркім өзінше жауап беретін сұрақ деп ойлаймын. Өйткені, сіз көшіп барған еліңізді ешқашан үнемі жақсы көре алмайсыз. Мен секілді интроверт адамға мәдени нюанстар қиындау. Әртүрлі елден келген адамдар арасында – әртүрлі сезімталдық болады. Мысалы, біреу үшін қалжың нәрсе – басқа этникалық топтан шыққан адам үшін ирония, не сарказмдай қабылдануы мүмкін. Сол секілді еліңнен өзіңмен бірге алып келген стеротиптерді тастағанша, түсініксіздік туындауы мүмкін. Сіз елде наурыз күні не істейсіз? Ұйқыдан анаңыз пісірген бауырсақтың иісінен оянуыңыз мүмкін. Сосын көже пісіруге қыстан қалған сүрді аса бастайсыздар. Көшеде шапан киген адамдар, теледидарда Роза Рымбаева «Наурыз, наурыз!» деп шырқап жатады. Ал, мұнда 22-наурыз күні ояндыңыз. Әлем тым-тырыс. Көшеде ит жетектеген көршіңіз кетіп барады. Иә, көңілсіз боласыз. Есесіне, өзге дәстүрлерді көру мүмкіндігі мол. Алғыс айту, Әулие Патрик, Рождествоны, қытайлармен Шамдар фестивалін, Айдаһар қайықтарының жарысын, корейлермен Чусок, үнділермен Дивали мерекесін тойлатыппын. Елге деген сағыныштың иммунитеті солай жылдар өте қалыптасады.
– Кеудеңізде ұлы дала сарынының үні есіп тұратын шығар? Шет елдегі қазақтар қаншалықты еркін? Сіз елден кетсеңіз де, ел сіздің жүрегіңізден кетпейтіні анық. Елге деген сағынышыңызды қалай басасыз?
– Бастапқы жылы сағыныш болды. Мысалы Қазақстандағы оқиғаларды қақ төбесінен көріп тұрасың, бірақ соның ішінде өзіңнің жоқ екеніңді сезесің. Манхэттеннің таңғажайып көшелерімен келе жатамын, бірақ жалғызбын, Гүлнұр құрбым жоқ, жақсы көретін адамдарым алыста қалған. Сондай сезім. Алайда мұнда тұрақтағанымызға оншақты жыл болды. Қазір сағыныш менің тақырыбым емес. Жалпы шетелге көшкен адам біршама психологиялық қысымға дайындалады, сізді мүлдем тосын сценарийлер күтеді. Мысалы оюлы сандықтың орнына IKEAның модерндік нақыштағы комодына, құрақ көрпешенің орнына қатқыл диванға үйренуге тура келеді. Менің ойымша, шетелде өмір сүру дегеніміз – беймәлім қырыңызды ашу. Батыл, әрі тәуелсіз болуды үйрену. Сөйте тұра шетелде болған негативтерінің барлығы сізді шыңдайтын фантастикалық позитивті тәжірибе деп айта аламын. Шетелде бақытты болуды өз бетіңше үйренесің.
– Шығармашылығыңызға оралайықшы? Не жазып жүрсіз? Кімдерді оқисыз?
– Мандыртып ештеңе жазып жүрген жоқпын. Бірер аударма жасадым. Кен Кизидың «Көкектің ұялы» деген романын ағылшын тілінен аудардым. Ден Браунның «Да Винчи коды» романын аудару үстіндемін. Бір баспада екі қолжазбам жатыр. «Пандемия» деді, «карантин» деді әйтеуір жарыққа шығуы ұзады. Ең соңғы оқығаным Кристин Хармельдің «Шарап жасаушының әйелі» деген кітабы. Осы авторды қоғамдық, тарихи оқиғаларды винтажды тәсілде көркем жеткізе алатыны үшін ұнатамын. Айтпақшы, соңғы жылдары өзіме ашқан тамаша жазушы – Хан Каң. Мен екі әңгімесін корей тілінен аудардым. Муракамидың бағытында жазады.
– Саясаттың әдебиетке ықпалы бар ма? Әдебиеттің саясатқа ше?
– Жеке көзқарасымды сұрасаңыз екеуін араластыруға қарсымын. Әдебиет тарихы оқулығындағы «Қоғамдық, саяси сценариды көрсететін романдар…» деп бас- талатын ауыр мәтіндер есіңізде ме? Міне, мен солардан шошимын. Әдебиет дегеніміз саяси партиялар басқаратын термин бе еді? Бірақ әлем әдебиетінде саяси диктатура тудырған ақындар көп. Өйткені саясат әдебиеттің қоғамға әсер ететін функциясын шебер пайдаланады. Фашистер неге кітаптарды өртеді деп ойлайсыз? Олар әдебиетті екшей алған талғампаздықтан емес, нацистік идеологияға сәйкес келмегендіктен жағып жіберді. Саясат тұрмақ, әдебиетті дін де өз пайдасына жаратты ғой, әдебиеттегі діни мектептер туралы айтып отырмын. Менің түсінігімде, әдебиет дегеніміз Аса Құрметті Арт мырзаның бір мүшесі, яғни, арт-терапиялық құдіретке ие. Оқу арқылы рахаттану сезімін береді, күйзеліс пен шаршаудан айықтырады. Хәрри Поттерді оқысаңыз неге сыпырғышқа мініп, басқа әлемге өтіп кетесіз? Джек Лондонның кейіпкерлері алтын іздеп Аляскада жүргенде солармен бірге сіздің де мұрныңыз тоңып, жаурап отырасыз. Дұрыс па? Терапия дегеніміз осы.
– Балаға кітап оқыту ғана емес, әдебиетке сүйсіндіру үшін не істеу керек? Өз балаларыңыз кітап құмар ма? Сіз қалай оқытасыз?
– Әуелі балалар әдебиетінің жасқа қатысты деңгейін анықтау керек. Бізде баланың жас мөлшері ескерілмейді. «Балалар әдебиеті» деп айта салады, бітті. Бес жастағы балаға да «Менің атым Қожа», он бес жастағы балаға да «Менің атым Қожа» ұсынылады. Балалар әдебиеті оқырмандары негізінен үш пен он жеті жасты құрайды. Дала педагогикасы мұны баяғыда білген. Ауыз әдебиетіндегі «балалар фольклоры» деген әдемі топтама бар. Бір-екі жасқа санамақ, қаламақ, тілі толық шыққанда сұрамақ, жаңылтпаш, сосын кішкене логикасы дамыған алты, жеті жасқа жұмбақ, тақпақ деп бала жасына орай ұсынған. Тілі жеңіл, ойнақы, музыкалық әуенді. Осы тәжірибе бізде үзіліп қалды. Хрестоматияны қараңыз, он жасар балаға «Қазақ солдатынан» үзінді беріпті. Мұны баланың пайымы көтере ме? Осындай кедергілерден соң бала кітап оқуды ұнатпайды.
Баланың неврологиялық тұрғыдағы оқу қабілеті үш жастан басталады. Демек, сол кезден бастап суретті кітапшалар, әріптер құрастыруды ұсынған жөн. Өйткені бала әуелі кітапты қолына ұстап көруі қажет, кітаппен танысуы керек. Шешесі инстаграм шұқылап, әкесі уатсабтан видео көріп, екеуі екі жаққа қарап жатпай, өздері кітап оқып, баланың санасына кітап оқитын саналы адамның образын қалыптастыруы қажет. «Әлі жас, миын ашытпайық, ойнасын» деп бес-алты жасқа дейін еркелетіп, әбден телефонға үйретіп аламыз да, мектеп партасына жасы жеткенде «кітап оқымайды» деп байбалам саламыз. «Кітап оқу» деген зымыран жасау ғылымы немесе генетикалық теория емес, дағдыландырса, барлық бала кітап оқиды.
– Балалар әдебиеті неге кемшін тартып тұр? Балаға бала тілімен жазатын жазушыны қайдан іздеп тапсақ екен?
– Соны білмедім… Егер тапсаңыздар маған да айтыңыз, мен де оқиын. Әлемге баланың көзімен қарау, баланың пайымымен сараптау, бала болып күлу үлкен шеберлік. Сондықтан балалар жазушылары қашан да саусақпен санарлық. Орыстың бір ғана «Шалқан ертегісін» алайық. Басы артық бір деталь жоқ. Баланың арманындай шексіз қиял, тапқырлық, баланың тілегіндей татулық бар сол ертегіде. Ортанқол жүз романға бергісіз, ә?! Балалар әдебиеті осылай жазылады!
– Лира, әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ