Шеше көріп, тон пішкен

Жаңылдық Тоқсейітова туралы бір үзік сыр

Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мағынасы терең, тәрбиелік мәні жоғары мәтел бар. Жаңыл замандасымыз жайлы мақалаға тақырып қоюда осы жағдайды ескердік. Өйткені Жаңыл өзінің өмірбаяны туралы парақшаға: «Анам Рәтай аққұба келген, жаймен сөйлейтін кісі еді. Ал ән салғанда адамды өзіне елітіп әкететін ерекше қасиеті бар болатын. Отырған отырыстың оқиғасына орай әннің сөзін ойдан қиыстырып айтатын. Демек, бойында ақындық та, сазгерлік те қасиеті болғаны ғой. Бірақ тұрмыс жағдайына байланысты өнерді ұстана алмапты», – деп жазыпты.

Шебер Құдай осындай қасиеті бар адамды өнерді түсінетін әрі бағалай білетін Текейге қосақ етіпті. Текей де қаражаяу емес, «сөйлесе – сөздің шешені, бастаса – елдің көсемі» дейтіндей қабілет иесі. Ағайын арасындағы мәселелерді шешуде суырып салып есіп сөйлейтін, турасын айтып кесіп сөйлейтін кісі болған. Арабша сауатты, емшілік те қасиеті бар Текей негізінен қара жұмыстың «қара нары» болыпты. Ұлы Отан соғысынан жауды жеңіп оралған майдангер шаруа- шылықта сушы болып, колхоздың ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алуына үлкен үлес қосқан. 1957 жылы КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, Мәскеуден өңіріне медаль тағып оралған еңбек майталманы. Бұрынғы Абай колхозы аумағында Текей арығы атанған су жүйесі әлі бар.
Шежіреші, әңгімешіл, әзілге жүйрік әке мен үй шаруасына құмбыл, өнерлі ананың тәрбиесінде өскен Жаңылдың өнерге бейім болуы заңдылық. Алма ағашынан алысқа түспейді.
Жаңыл кешке шамның жарығымен әке-шешесіне «Батырлар жырын» және ертегілер оқып беретін. Әсіресе «Батыр- лар жырын» оқып отырғандағы дауыс ырғағы ерекше. Кәнігі дикторларша саңқылдап тұр. Кей жерлерінде оқиға өрісіне қарай жыраулардың мақамымен әндетіп жібергенін өзі де аңғармай қалатын.
Ол сегізінші сыныпты ауылдағы Абай атындағы орта мектепте бітіріп, 9-10-ды Жамбыл қаласындағы Макаренко атындағы мектеп-интернатта оқыды. Оқушы Жаңыл Тоқсейітова мектептегі көркем- өнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болды. Мәнеріне келтіріп тақпақ та оқитын, жүректерді тебіренте ән де салатын. Өнерге деген құштарлық Шымкент педагогикалық-мәдениет институтына құжат тапсыртқан. Қыздарының әртістің оқуына түсуіне әке-шешесі қарсы болған жоқ. «Әртістің оқуы – шайтанның оқуы» деген ұғым қалыптасқан ғой қазақта. Текей мен Рәтай ондай ойдан аулақ болды. Өйткені Жаңыл ол кісілерге оқуының мұғалімдікке қатысы бар екенін жақсылап түсіндірген.
Жоғарыда аталған институттың музыка және педагог-ұйымдастырушы факультетін 1975 жылы бітіріп шыққан дипломды маман Жаңыл Тоқсейітова оқу орнының жолдамасымен Жамбыл ауданындағы Айша бибі ауылындағы (ол кезде Головачевка) орта мектепке ән-күй пәнінің мұғалімі болып орналасқан.
Осында ұстаздық қызмет атқарған үш жыл оның мамандыққа деген махаббатын аша түскендей. Оқушыларға музыкалық аспаптарда ойнауды, ән салуды үйрете жүріп, мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесінің жұмысын да жандандырды. Мәдени іс-шараларды ұйымдастыра жүріп, өзі де үйірменің белсенді мүшелерінің бірі болды. Оқушылармен бірігіп концерт қоюдан шет қалған емес. Соның арқасында көрермендер көңілінен шығып, мектепаралық өнер байқауларында жүлделі орындардан көрінді. Бірінші орынды жеңіп алған кездері көп.
Қандай сиқыры бар екенін қайдам, өнерге енжар балалардың өзі мектептегі Жаңыл әпкейлері ұйымдастырған іс-шараларға қатысып, өнер көрсеткісі келіп тұратын. «Мына қыз мына түрімен ауылдың бар баласын әртіс қылып шығаратын түрі бар ғой» деген де ризашылық сипатындағы әзіл аралас әңгімелер шығып қалып жататын ауыл тұрғындары арасынан.
Жаңыл осындай еліктіргіш, ұйымдас- тырғыш әдетінен Жамбылдағы моңғол балаларына арналған №180 кәсіптік-техникалық училищеде жұмыс істеген кезінде де жаңылған жоқ. Жамбыл – Қобда достастығы аясында ашылған орта- арнаулы оқу орны балаларға негізінен кәсіптік-техникалық мамандықтар береді. Осында 1978-1984 жылдары тәрбиеші-мәдени ұйымдастырушы болып қыз- мет атқарған Жаңыл Тоқсейітова моңғол балаларына қазақша әндер үйретіп, өзі олардан моңғолша үйренді. Әрине, ол үшін тілді игеру міндетті. Өзара түсіністік арқасында ол да қиынға соққан жоқ. Училищеде ұйымдастырылған концерттік іс-шараларда Жаңыл моңғолша нәшіне келтіре ән салғанда көрермендер шын ризашылықпен қошеметтеп қол соғатын. Оның үстіне моңғолша сөйлеп бергенінде «моңғол қызы екен» деп ойлап қалатыныңыз кәдік. Өзінің де беті дөңгеленіп, көзі сықсиып түрі моңғолға келіп-ақ тұр.
Одан кейін Жамбыл қаласындағы 5-ші мөлтекауданда орналасқан тұрғын үй басқармасының аула клубында мұғалім-ұйымдастырушы болып жұмыс істеген сегіз жылда кішкентай өнерпаздардың «Гүлдер» атты ансамблін құрып, Жаңылдың «кішкентай әртістері» талай өнер сайыстарында топ жарып жүрді. Соның айғағындай, олар Алматы, Самарқан қалаларында өткен өнер байқауларынан жүлделі орындар еншілеп әрі саяхаттап қайтты.
Жамбылда тәрбиесі қиын балалардың арнайы мектебі бар. Аты айтып тұрғанындай мұнда ата-ана тәрбиесінен тыс қалған, тағдыр тәлкегіне түскен немесе балалықпен жасаған майда-шүйде бұзақылықтары үшін «сотталған» балалар білім, тәлім-тәрбие алады. Шошынатын түгі жоқ, мұнда жөні түзу адам тәрбиелеп шығуға болады. Тек олардың тілін тауып жұмыс істей білу керек.
Хакім Абай айтқан емес пе: «Адамды тәрбиелеуге болмайды» деген адамның тілін кесер едім», – деп. Сол айтқандай, «жүгенсіз кеткен жүгермектермен» жыланды інінен шығарғандай жылы-жылы сөйлессең, олардың жүректеріне жол табуға болады екен. Бұл жерде де өнердің құдіретіне таңданбасқа шараң жоқ. Сол балалардың ішінде де өнерді сүйетін, тіпті, өнерге бейімдері де бар. Тек олардың жан дүниесін түсіну, жүректеріне жол табу керек. Бұл Жаңыл солармен де тіл табысып, олармен қосылып ән де шырқаған Жаңыл ғой.
Кейбір кісілердің «біз не көрмедік» деп әңгіме шертетініндей, Жаңыл одан кейін зағип және көздерінде ақаулары бар балаларға арналған «Болашақ» мектеп-интернатында тәрбиеші болып жұмыс істеп, сол жерден зейнеткерлікке шыққан.
– Мұнда жұмыс істеу оңай әрі қиын болды, – дейді Жаңыл Текейқызы. – Оңай болатыны мұнда арнаулы мектептегідей бұзық емес, қалыпты балалармен жұмыс істейсің. Өмірге құштар жандар шетінен. «Білсем, үйренсем» деген талпыныстары жоғары. Соған орай, кейбіреулерінің рухани жан дүниесі бай. Бірақ көре алмайды. «Көрсем» дейді. Олардың осынау бір «шіркін» армандарының орындалуына көмектесе алмайтын шарасыз халіңе қиналасың. Үйренгісі келгенін үйретерсің, білгісі келгенін білдірерсің, бірақ жанарына жарық сыйлай алмайсың ғой. Менің қиын деп отырғаным – осы. Олардың арман-мақсаттарын тыңдағанда қиналмау мүмкін емес. Қиналасың, қиналасың да мұңдарын бөлісесің. Олардың бәрі боркемік емес. Іштерінде қиындыққа мойымайтын қайтпас қайсарлары да бар. Солармен жұмыс істеген рақат! – дейді Жаңыл зағип балалар мектеп-интернатындағы жұмысы туралы.
Қайда болса да ісіне жоғары жауапкершілікпен қарайтын Жаңыл мұнда жанын сала жұмыс істеді деуге болады. Мұнда тағдыр маңдайларына кемтарлықты жазған балаларды есіркеу емес, оларды құлшындыру керек. Қалай? Өмірге деген жақсы көзқарас қалыптастыру, көңілге сенім ұялату арқылы. Бұл жерде де ең керегі – жүрекке жол табу. «Жаңыл жанын сала жұмыс істеді» деп отырғанымыз – сол.
Ол өзінің мамандығына орай өнерге бейімі бар балалармен жұмыс істеуді қолға алды. Мектеп-интернатта өткен барлық іс-шараларда Жаңыл жүргізуші, орынды жерінде ән орындаудан да тартынған кезі жоқ. Балалардың көруі нашар болғанымен есту қабілеттері жоғары. Осыны ескерген ол әр балаға арнап өлең шығарды. Соны және басқа да балаларды қызықтыратын өлеңдерді мәнерлеп оқып беріп, жаттататын. Оқиғалы ертегілер, әңгімелер оқып беруден жалыққан емес. Олардың кейбіреулерін мәнерлеп, дауыстап қайталап оқитын.
Арнау өлең дегеннен шығады, қайсыбір жылдары Жаңылдың «Жүрегім ән салады» атты өлеңдер жинағы жарық көрген. Сол кітаптағы өлеңдердің басым көпшілігі – арнаулар. Бір-екі шумақтан тұратын сол өлеңдерде Жаңылдың жүрек сөзі, жан жылуы жатыр.
– Әкемнің суырыпсалма ақындығы, шешемнің өлеңді қиыстырып айтатын шеберлігі маған да жұққан шығар, зағип балалармен жұмыс істегенде ақын да болып кеттім. Ән салатының екі бастан белгілі. Сондағы басты мақсатым балалардың сөздік қорын байыту, бойларында бұғып жатқан таланттарын ояту, өнерге баулу, рухани жан дүниелерін жаңғырту болды, – дейді Жаңыл.
Оның осы еңбегінің жанғанына бір мысал, Рүстем Тайыров деген шәкірті ұстазы Жаңыл Тоқсейітова жазған «Орның бөлек» атты өлеңге ән шығарыпты. Сол әнді автордың өзі Астана, Алматы, Шымкент қалаларында қойған концерттерінде орындап жүр.
Өнерпаз Жаңыл Текейқызы – Тараз қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған «Асыл ана» халықтық ансамблінің әншісі. Ансамбль мүшелері негізінен зейнеткер апа-әжелер. Жетекшісі –Владимир Сорокин. Ансамбль репертуары қазақтың халық әндерінен, халық композиторларының әндерінен тұрады. Ұлы сазгерлер Шәмші Қалдаяқовтың, Нұрғиса Тілендиевтің, жергілікті авторлар Алтынбек Қоразбаев, тағы басқалардың әндері де бар. Ал Садық Кәрімбаевтың «Жамбыл жастарының вальсі» ансамбльдің бойтұмарына айналған. Баянда құйқылжыта ойнайтын Володя ансамбль репертуарын жаңғыртуда көп еңбек сіңіріп жүр. Өйткені көрерменді жалықтырмау керек қой.
Ансамбль құрамында сахна қайраткерлері, мәдениет қызметкерлері де, мұғалімдер де, медиктер де бар. Оларды өнер табыстырған. Сол өнерлерімен адамдарға рухани байлық сыйлайды. Ансамбль облыстың көптеген аудандарында өнер көрсеткен. Астанада өткен этнофольклорлық ансамбльдер фестивалінде көрсеткен өнерлері көрерменді тәнті етті. Ансамбль осы өнер байқауынан олжалы оралды. Басты олжа – елорданы тамашалау.
Жаңыл Тоқсейітова – өнер ұжымын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттаушы. Оның «Жүрекке әнім түспейді» атты талдамалық мақаласы осыған дәлел. Ол өзінің өнерпаз әріптестері туралы мақтанышпен әңгімелейді. Әсіресе жасы сексеннен асқанына қарамастан ансамбль құрамында ән салып жүрген ардагер әнші, сахнаның саңлағы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Нұрсипат Салықова апайы туралы таңға айтуға бар. Ол ансамбльдің әр концерті, жоғарыда аттары аталған әріптестері туралы газет-журналдарда жазып жүр, жаза да береді. Өйткені олар Жаңыл Тоқсейітованы ансамбльдің баспасөз хатшысы деп біледі.
Жаңыл – ұл-қызының аяулы анасы, немерелерінің сүйікті әжесі. Жаңыл – әріптестерінің сыйлысы, құрметтісі. Жаңыл – белсенді ардагер.
Замандасым туралы қалам тербей отырып, оның педагогикалық қызметі, сахнада көрсеткен өнері, қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі үшін алған марапаттарын тізіп шықпақ болғанмын. Тез ол ойымнан бас тарттым. Жаңыл марапат үшін жұмыс істеген жоқ, марапат үшін ән салған жоқ, қоғамдық жұмыстарға да марапат үшін атсалысып жүрген жоқ. Ол жұмыс істесе, жас ұрпақтың білім көкжиегін көтеру, өнерді өркендету, қоғам дамуына үлес қосу үшін жұмыс істеді. Әрине, ол үшін Құрмет грамоталары, Мақтау қағаздарымен марапатталып, әртүрлі лауазымды органдардан Алғыс хаттар да алған. Бірақ Жаңыл Текейқызы үшін марапаттың үлкені – шәкірттер алғысы, көрермендер қошеметі, болса-болмаса, замандас әріптестерінің ыстық ықыласы мен құрметі. Одан артық не керек?!
«Ернұрың мен Мақпалың, олардан сүйіп отырған немерелерің аман болсын, ана көріп, тон пішкен замандас!» деп тілек арнаймыз біз де Жаңылға.

Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Comments (0)
Add Comment