Шерханның батасын алған бала Шерхан

Біз іздеген Шерхан Мұртазамен аттас келесі кейіпкер Сарысу ауданының тума-сы – Шерхан Бейсенбайұлы. Бейсенбай мен Мейрамгүлдей ұлағатты ұстаздардың отбасында дүниеге келген ол – үйдің төртінші перзенті.
Шерхан жеті жылға жуық туған ауылында мемлекеттік қызмет атқарған. Соңғы 3 жылдан бері Сарысу ауданының «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі қызметін атқарып жүр.
1992 жылы 14 желтоқсан айында Мәжен әулетінің шаңырағында ұл бала дүниеге келеді. Дәл сол уақытта Тәуелсіздік күні қарсаңында Шерхан Мұртаза Сарысу ауданы, Жайылма жеріне ат басын тіреген. Сонда Бейсенбай Шерханның алдына арнайы барып: «Ұлым дүниеге келді. Сіздің есіміңізді берсем деген ниетім бар», – деп өтініш білдірген екен. Шер-аға дән риза кейіпте, батасын берген.
Бүгінде Шерхан отбасын құрып, екі қыз баланы тәрбиелеп отырған ардақты әке.
– Ұстаздар династиясы салтанат құрған отбасында дүние есігін ашқан соң, бауырларымның барлығы ұстаздық жолын таңдады. Сондықтан көзімізді ашқалы біліммен сусындап өстік. Мен Шерхан атаммен аттас болғанымды мақтан тұтамын. Ол кісінің жазған шығармаларымен таныспын. Еңбектерінен өзіме қажетін санама сақтап, ойыма түйіп, сабақ алып, ұқсап бағуға тырысамын. Шерхан есімін арқалап жүрген соң, бұл есімге кір келтірмеуге іштей өзіме уәде бергенмін. Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың эпистолярлық жанрдағы бір-біріне арнап баспасөзде жазған хаттары арқылы ел мен жердің тағдырын қозғағаны қандай әсерлі, жан тебірентерлік! Қазақстанның даму және болашағы жолында айтқан пікірлері де маған ой салды. Сондай тұлғалардың өнегелі ісі, дара жолымен із қалдырсақ деген ниет бар. Біздің мемлекетіміздің өркендеп, дамып келе жатқан ізгілігі солардың сіңірген өнегесі деп есептеймін. Адалдық алаңында Шерхандай тұлға болып қалыптасуға бар күш-жігерімді жұмсаймын, – деді Шерхан Бейсенбайұлы.

Құралай Сейсенбекқызы, журналист

Comments (0)
Add Comment