1992 жылы Шерхан Мұртаза депутаттыққа түседі. Сол жылы Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданына іссапармен ат басын бұрады. Ұлы Отан соғысының ардагері Даниярбек Арыстанбекұлының шаңырағында дәл осы уақытпен тұспа-тұс шекесі торсықтай ұл дүние есігін ашады. Шерхан Мұртаза іспетті жазушы, журналист, қаламгер болсын деген ниетпен есімін солай қоюға бел байлайды.
Ауылына келген жазушымен кездесуге арнайы барған соғыс ардагері Шерханның қолын алып, немересіне атын бергенін айтады. Сол сәт «Шерханнан Шерханға» деген қолтаңбамен кітап сыйлаған екен. Одан өзге тағы бір қызығы, бұл үйдегі үш ұлды да жазушылардың есімімен қойған екен. Тұңғыш ұл Олжас Сүлейменовке, ортаншы ұл Шерхан Мұртазаға, кіші ұл Аян Нысаналинге ұқсасын деген ниеттен туған есімдер екен.
Осы орайда Шерхан Мұратбекұлы өз есімінің сырына тоқталып өтті.
– Әкем Мұратбек Арыстанбеков еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. Қазір басшылық қызметте, яғни Тұрар Рысқұлов ауданы, Абай ауылының әкімі. Қолынан келгенше әрдайым ақыл-кеңесін аямайды.
Анам – Шакизат Шұбатаева. «Ұлан» мектеп-гимназиясында директор қызметін атқаруда. Осы қос қанатыма қарап бой түзеймін. Тәрбиесін алып, өнегесін тыңдадық. Журналистикаға жетелеген де – солар. Шерхан Мұртаза туралы бүкіл қазақ баласы жақсы біледі деп ойлаймын. Шер-ағаңның ұрпаққа жазып қалдырған құнды дүниелері, шындық туралы айтқан өсиеттері, жазған кітаптары – біздің болашақ ұрпаққа мол азық. Менің өмірлік ұстанымым – ешкімнің ала жібін аттамау, өтірік айтпау, әділдіктің ақ туын кірлетпеу. Біздің қара шаңырақтың перзенттерінің есімі болашаққа, дүрыс жол таңдауға, өмірден өз орнымызды алуға себепкер. Есім таңдаудан ата-анам жаңылыспағанына шүкір етемін, – дейді Шерхан Мұратбекұлы.
Бір кем дүние. Бүгінде Шерхан Мұртазаның өзі болмаса да, есімін алған азаматтар аз емес. Әрине, олардың тізімі тек мұнымен шектелмейді. Бастысы, олардың Алаш ардақтысына есімдері ғана емес, болмысы да, тайсалмай турасын айтатын жалынды мінезі де тартса деп тілейміз.
Құралай Сейсенбекқызы, журналист