«Шерхан жастайынан мәмілегер болатын»

Биыл дүниеге келгеніне 90 жыл толған Шер-ағаның сыныптасы, саналы ғұмырының 40 жылын болат жолға арнаған, зейнетке шыққан соң да тыным таппай, өз саласы бойынша студенттерге 13 жылдай дәріс берген, Құрметті теміржолшы Әбдуәлі Данаев Тараз қаласында тұрады. Тоқсанның төріне шықса да қария әлі тың, газет-журналды көзілдіріксіз оқиды. Әбдуәлі қария – жанына қаламын да серік еткен жазушы-журналист. Тынымсыз ақсақалдың ізденімпаздығында шек жоқ. Сонау Кеңес үкіметі тұсында 1982 жылы «Жалын» баспасынан «Күнімай» әңгімелер жинағы мен 1992 жылы «Іңкәр шақ» повесі жарық көрген. Одан кейінгі жылдары да қаламы қолынан түспей, теміржол терминдерін қазақшаға аударумен келеді. Арагідік қоғамдағы өзекті мәселелер төңірегіндегі мақалалары да жергілікті БАҚ беттерінде жарияланып тұрады. Жуырда ақсақалмен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Сіз өткен ғасырдың ортасында Жамбыл атындағы интернат-пансионатта қазақтың біртуар ұлы Шерхан Мұртазамен бірге оқыдыңыз. Шерхан қандай бала еді?

– Бұл Ұлы Отан соғысы аяқталып, қайта қалпына келтіру жылдарының тұсы еді. Өте қиын болды. Экономиканың құлдырап тұрған кезі. Сол кезде жетім балаларға арналған тұңғыш қазақ мектебі Әулиеата қалалық кеңесінің шешімімен 1934 жылы 25 қыркүйекте пайдалануға беріледі. Ал 1938 жылдың 1 шілдесіндегі Жамбыл қалалық кеңесі Президиум отырысының №30 қаулысымен Мирзоян атындағы мектепке халық поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. Байқап қарасаңыз, бұл мектептің Жамбыл есімін иеленіп келе жатқанына биыл шілдеде 84 жыл болады екен. Яғни жыр алыбының есімін иеленген оқу ордасын қаншама қазақтың бағына біткен ұл-қыздары бітіргенін байқау да қиын болмас.
Мен мұнда Ақбұлымнан келген кезде Шерхандар осында оқып жүрген болатын. Көк базардың желкесіндегі ескі Ташкент көшесіндегі тұйық шарбақ ішіндегі мекен екен. Кілең қара киінген РУ-дың балалары. «РУ» деген жазуы бар жалтырақ таралған белдік болатын. Бірінен-бірін ажыратып болмассың. Шерханмен үш жыл бірге оқыдым. Біздің тағдырымыз бір еді. Соғыстан кейінгі ауыр жылдары жетім, жартылай жетім балалардың тағдыры белгілі ғой.


Шерхан өз шығармаларында жазғандай, анау айтқандай бұзық емес еді. Қайта мәмілегер болатын. Біз орналасқан интернаттың қарама-қарсы бетінде орыс училищесі болды. Сондағы ересектеу балалар анда-санда қоқан-лоқы көрсетіп қояды. Ондайда жаға жыртыса кетсең, жылы орныңнан айырыласың. Ол кімге керек? Міне, осындай сәттерде Шерхан араласып, кей ерегістерді бейбіт шешіп жүрді. Бүгінде мұның барлығы естелік болып қалды ғой.
Өкініштісі, бүгінде жоғарыда айтқан мектептің орны жоқ. Яғни бұзылған. Тарихи ғимарат сақталмағанымен, оған қатысты деректердің барлығы мұрағат беттерінде Тараз қаласындағы №5 Жамбыл атындағы гимназияның музейінде тұр. Оған да шүкір!

– Сіздермен бірге қазақтың бағына біткен бірнеше азаматтар қатар оқыды. Студенттік жылдары, кейін зейнетке шыққан соң араласып тұрдыңыздар ма?

– Мектеп бітіретін жылы Шерхан әрқайсысымыздың арман-тілегіміз жазылсын деген ниетпен арнайы оқушы дәптерін арнаған екен. Онда бәріміз қолтаңбамызды қалдырдық. Қатар оқыған Шерхан Мәскеу полиграфиялық институтына түсті. Мемлекет және қоғам қайраткері болды. Мен Ленинградтағы теміржол инженерлерін даярлайтын институтты бітірдім. Саналы ғұмырым болат жолдың бойында өтті. Талас, Луговой, Шеңгел, Жаңатас станцияларын басқардым. Жамбыл жол бөлімшесінде пойыздардың қауіпсіз жүрісі бөлімін, Алматы жол бөлімшесіне қараған жылдары жүк пойыздары тасымалы бөлімін басқардым. Құрметті теміржолшымын. Қаратай Тұрысов Мәскеудегі Серго Орджоникидзе атындағы геологиялық-барлау институтын бітіріп, геология саласында ұзақ жыл еңбек етті. Республиканың партия, кәсіподақ ұйымдарында абыроймен еңбек етіп, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Мемлекет және қоғам қайраткері. Ал Әбутәліп Абрайымов В.Молотов атындағы Қазақ мемлекеттік медициналық институтын бітірді. Әбутәліп 1971 жылы Талас аудандық ауруханасының бас дәрігері болып жүргенде, аудан орталығында үш қабатты аудандық аурухананың бой көтеруіне мұрындық болған азамат. Сондай-ақ еңбек жолын ҰҚК-не арнаған Дүйсен Райымқұлов Маңғыстауда ұзақ жыл еңбек етті.
Шерхан, Қаратай, мен – үшеуміз жиі араластық. Студенттік жылдары да хат жазып, хабарласып, хал сұрасып, жағдайымызды біліп тұрдық. Тіпті бір жолы Шерханнан келген хатта ол «Старик Хоттабычты» қазақ тіліне аударып жатқанын жазып еді. Ол: «Аударма жақсылыққа бастайды», – деген еді сол жолы.
Шерхан қызметте жүргенде елге келгенде бірден: «Данаевты табыңдар», – деп, мені жанына ертіп алатын. Кейін елге біржола оралғанда жиі араласып тұрдық. Ақбілекті «Белоручка» деп еркелетіп отыратын. Облыс орталығындағы талай рухани шараларды төбе көрсетіп, ой-пікірлерімізді айтып жүрдік. Мен 2007 жылы Тараз теміржол колледжіне Шерханды арнайы шақырып, студенттермен кездесу өткіздім.

– Болат жолдың бойында ұзақ жыл еңбек еттіңіз. Есіңізде қалған елеулі оқиға бар ма?

– Әрине. Талай оқиға болды ғой. Алғаш институт бітіріп келген жылы «Ақшолақ» станциясына станция кезекшісі етіп жіберді. Онда паравоздар жүреді. Болат жол әлі электрленбеген. Кезекші паравоз машинисіне ЖЕЗЛ береді. Яғни паравоз станцияға жақындағанда жүрісін баяулатып, машинистің қолына беріп үлгеруің керек. Өзің көргендей, менің бойым қысқа. Әй, қиналдым-ау. Пойызды тоқтатайын десем, диспетчерлер ұрысады. Не керек, төрт айдан кейін ауысып кеттім.
Тағы бір оқиға есіме түсіп отырғаны. Ол кезде мен Жаңатас станциясының бастығымын. Жаңатас қаласы 1969 жылы ашылды. Мұнда көптеген кен орындары бар. Сондықтан жүк тасымалын жақсарту мақсатында Жаңатас станциясын жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жобалаушылар Новосібірден келіп, айлап жатып жоба жасады. Жоба таныстырылар уақытта Жамбылдан Жамбыл жол дистанциясының бас инженері Қырғызбай Ыбырайымов келді. Жалындап тұрған жас жігіт. Ол бірден: «Жобамен екі күн отырып таныстым, келіспейтін тұстарым бар. Жаңатастың жұп алқымындағы №8,12 бағыт бұрмаларын қазіргі орыннан 10 метрге жылжытпаса болмайды, сүрлеулердің пайдалы сыйымдылығы жетіспейді. Сұрыптау паркі өрге қарай созылып жатыр. Сұрыптау дөңес биіктеу жобаланған. Ол артық шығын, бекер жұмыс. Ондай биіктік мұнда қажет емес. Шабақты разъезі жақтағы кіру семафоры тұрған орынға бағдаршам қойылмайды. Алдындағы қырдан сигналдық шок көрінбейді. Жаңа орнатылатын бағдаршам үш жүз метр орынға қойылуы тиіс. Қырдың арғы бетіне орнатамыз. Бұл айтып отырғандарым орнатылатын ДЦ техникасын дұрыс пайдалану тиімділігі үшін. Осы атағандарым мына жобада жоқ. Жобаға өзгертулер енгізу ке- рек», – деді.
Жас инженердің бұл өктемдігі Жобалау институтының өкілдеріне ауыр тиді. Олар өре түрегелді. Қ.Ыбырайымов саспастан сөзін әрі қарай жалғады. «Новосібір институты Жаңатас станциясының тау қойнауында, қысыл-таяң шұңқырда орналасқанын ескермеген. Жүк айналымын, вагондар айналымын есептемеген. Жобада қателіктер көп», – деді.
Сол жолы новосібірлік жобалаушылар жетекшісі дядя Ваня екеуі ілісіп қалды. «Мұнда ақымақтар отыр деме, мынаны түзетесіңдер, әйтпесе мен Мәскеуге, министрлікке хат жазып жіберемін», – деді Қырғызбай.
Осы жерде сөзге араласып: «Жігіттер, ерегісті қойыңдар. Ыбырайымов дистанцияның егесі, сендер кетесіңдер. Сонан соң жауапкершілік осының мойнында. Мен Питерде оқыған үш қазақты білемін. Біріншісі – Мұхамеджан Тынышбаев. Ол ТүрікСібтің жобаларын жасады. Ол теміржол инженері ғана емес, қазақ тарихын терең білетін шежіреші еді. Түбіне сол білімділігі жетті. Жазықсыз атылды.
Екінші қазақ – мына алдарыңда қасқайып тұрған мен. Тынышбаевтан соң 50 жылдан кейін 1956 жылы сол институтты бітірген жанмын. Осы станцияның бастығымын. Ал үшіншісі ымыраға көнбей отырған мына жі-гіт – Ыбырайымов. Бұл да Питердің түлегі. Менен жиырма жылдан соң Ленинградтағы теміржол инженерлерін даярлайтын институтты «инженер-путеец» мамандығымен бітірген, жақсылап танып алыңдар», – дедім. Сөйтіп, жобаға көп өзгерістер енгізген едік.

– Ұл-қыздарыңыздың арасында сіздің жолыңызды қуған теміржолшылар бар ма?

– Иә, ұлым Асқар – «Қазфосфат» ЖШС теміржол паркінде машинист. Ал қызым – Раушан «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-ында, яғни ұлттық компанияның кеңсесінде жұмыс істейді. Қалған балаларым өздері таңдаған мамандықтары бойынша еңбек етуде.

– Зейнетке шығып, одан кейінгі жылдары теміржол көлігі колледжінде дәріс бердіңіз. Қазір немен айналысып жүрсіз?

– 1992 жылы зейнетке шықтым. 2000 жылы Тараз жекеменшік теміржол көлігі колледжінің құрылтайшысы Зұлыхбар Серікбаев жұмысқа шақырды. 13 жыл жас теміржолшыларға дәріс бердім. Дәріс беріп жүрген жылдары өзімнің болат жолдағы ұзақ жылғы тәжірибемді басшылыққа алып, теміржол терминдерін қазақшаға аудара бастадым. 2005 жылы «Теміржол жүк тасымалдары және коммерциялық жұмыстар», 2009 жылы қатарынан «Теміржол сүрлеулері», «Теміржол көлігін тану», «Жүктерді теміржолмен тасымалдау», «Теміржол стансалары, тораптары, бекеттері» әдістемелік төрт еңбегім жарық көрді. Барлығы мемлекеттік тілде жазылды. Бұл еңбектердің жарық көруіне марқұм Сағымбек Ақшалов және Тараз теміржол көлігі колледжінің құрылтайшысы Зұлыхбар Серікбаев демеушілік жасады. Ал Ұлттық компанияның демеушілігімен 2014 жылы Алматы қаласындағы «Триумф Т» баспасынан «Теміржолдар мен станса құрылымы» кітабым жарық көрді.
Қазір осы еңбектерді қайта қарап, кем-кетігін түзеудемін. Алғаш осы әдістемелік кітаптарға қызығушылық танытқандар көп болды. Алайда кейін хат та жоқ, хабар да жоқ, ұмытылып кетті. Ұлттық компания басшылығына осы еңбектерді еліміздің түкпір-түкпірінде жас теміржолшыларды даярлайтын арнаулы оқу мекемелеріне әдістемелік құрал ретінде пайдалану жөнінде ұсыныс тастаған едім. Бұл өтінішім де сиырқұйымшақтанып кетті.
Жалпы теміржолшылардың арасында бір теріс ұғым бар. «Егер болат жолдағы күнделікті қолданылатын терминдер қазақшаланатын болса, онда пойыздар қозғалысының қауіпсіздігінде олқылықтар жиі орын алады» дейді олардың дені. Бұл – өте қате пікір. Теміржолшылар даярлайтын оқу орнында бұл терминдердің барлығы мемлекеттік тілде оқытылуы керек. Сонда біз көп кедергінің алдын аламыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ерман ӘБДИЕВ, журналист

Comments (0)
Add Comment