Шерге толы шеңгелді өлке

Шерге толы шеңгелді өлкенің құрсауы жанымды бүріп барады. Темір есіктердің толассыз сықыры санаңды сілкіп алуға асыққандай. Үрей мен үміт кеудеңде кезек алмасып, өкініш пен нала өзегіңді өртегендей күй кешесің.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Мұнда еркелік пен есерлік, қатыгездік пен қаттылық, ыза мен кек қатар өрілгендердің өмірі өтіп жатыр. Әр секунд, минут, сағат мұң шағып тұр. Көктем мен күз, қыс пен жаздың да бір-бірінен айырмасы жоқ. Қызыл-жасыл дүние бір бозаң түске боялып, бозғылт тартқаны болмаса, ештеңенің дәмі кірмейді. Себебі мұндағылар – оңбай қателесіп, өкініштің қамытын киіп, азабын тартқандар.
Ақ қар, көк мұзда бүрсең қағып, бір тайып, бір сүрініп, қайта алға жылжыған әйел, ақ жаулықты анасын қапсыра құшақтап алған бейкүнә бөбек, таяғы бар ата мен жаулығы желбіреген әжей – бәрі-бәрі осында бет түзеп келеді. Олар тым көп, қара нөпір. Неше кемшілік жасап, тәртіп бұзып, бар ғұмырын уайым мен өксікке толтырып жіберсе де, кешіре білетін жақын һәм ең мейірбан адал жүректер легі еді бұл. Бүгін сағынысқан құшақтардың қауышатын күні. Жамбыл облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті ЖД – 158/4 мекемесінің ашық есік күні.
Аула іші ат шаптырым. Ғимарат көп. Маған керегі – ішке кіруге рұқсат алатын терезе. Рұқсат алуға кезекке тұрған адам қарасынан аяқ алғысыз. Бәрінің мақсаты біреу – ол темір тордың ар жағындағы жақынымен кездесу ғана.
– Түрмеде бүгінгі таңда 725 жазасын өтеуші бар. Оның ішінде заңға сай әр сотталғанның мінез-құлқына, өзін көрсетуіне орай заңға сай қарастырып, мекеме ішінде қатаң, дағдылы және жеңілдетілген жағдайда отыр. Мекеме ішінде күн тәртібін сақтамай, бірнеше рет бұзған сотталған азаматтарды Қылмыстық атқару кодексінің 130-бабына сай мекеме ішінде тәртіптік изоляторда, жалғыз адамдық камерада қамау сынды жазалау тұрғысынан психологиялық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп тұрады. Кездесу сотталғандардың көңіл-күйіне жақсы әсер ететіні сөзсіз, – деді осы мекеме басшысы Дархан Жақсыбеков.
Кездесу бөлмесі жылылыққа тұнып тұр. Айқасқан құшақтар, жанарлардың жарқылы, сағынысқан лебіздердің ыстығы жүректі қарып түсердей. Келушілердің әрқайсысы жазасын өтеп жатқан жақынын тұңғыш көргендей бір-біріне елжірей телміреді. Жасқа толы жанардың ар жағынан сағынған ана жүректің тілегін оқыдым. Қарт анасының құшағына басын қойып, үн-түнсіз отырған баланың қабағынан өкінішін байқадым. Кішкентай ұл-қызын құшағына алып, кезек-кезек сүйген әкенің үнінен мұңды таныдым. Бұлар үшін дәл осы сәт, осы кездесуден асқан бақыттың жоқтығы анық.
Олардың жанарына тік қарау үшін барғанмын. Басшылардан өмірге икемді, ісіне жауапты, ертең түзеледі-ау деген үмітті «зек» сұрадым. Есіктен кірген бидай өңді биязы баланы көргенде «алда байғұс бала, ұрлық түбіңе жеткен екен-ау» деп ойладым. Дәл осы баланың әлдекіммен ұрысуға, бет жыртысуға, төбелесуге ниеті бар дегенге рас, сенбейсің. Басқа! Басқа нәрсе, тек үлкен қылмыс емес. Мүмкін наша, мүмкін әлдебір қателік. Күлім көзіне күллі әлем сыйып тұр. «Қандай бұзықшылық жасап қойдыңыз?», – дедім сосын. Ол өзінің түрмеге түскенін махаббатпен байланыстырды. Ажырасқан, жасы үлкен бұрынғы күйеуінен екі баласы бар әйел дертке шалдығады. Жаны ашыған жас бала оның дертіне дауа іздеп жүріп, өзі де дертке шалдығады. Махаббат дертіне! Әке-шешесі баланың үйленуіне рұқсат бермейді. Бұл әке-шешесінен кетіп, әйелмен бірге тұрады. Алайда ауруынан жазылған әйел жігітті отырса опақ, тұрса сопақ етеді. Күн бермейді. Қызғанады, аттап бастырмай, ер мінезін ез етеді. Соңыра бастан құлақ садаға етіп, өз үйін әйелге тастап, мезі болған бала басы ауған жаққа кетеді. Бірақ әйел тағы тыныштық бермейді. Кеткен баланың соңынан түседі. Күні-түні мазалайды. «Қылмысыңыз туралы айтыңыз, әйел емес», – дедім мен ақыры шыдамай. «Атып тастадым!», – деді ол жанарыма жанарын қадап. Көзімді жұмып, артқа шегініп кетіппін. Күйік толы жанарға қарау мүмкін емес, ол қара құлып қой.
Түрмеде отырып, некесін қидырып, бала сүйген жас әкеге қарап отырып, мұндағы өлшеулі уақытта өмір бар екеніне көзім жетті. Енді тек сол уақытты сүрінбей сүрсе болғаны…

Comments (0)
Add Comment