«Шерағаның шекпенінен шыққандар»

Әулиеата өңірінде Ш.Мұртаза атындағы Руханият орталығының ұйымдастыруымен Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туған күніне арналған республикалық әдеби кеш өтті.

Шараның шымылдығы шаһар төріндегі тау тұлғаның ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімімен түрілді. Салтанатты жиынға қатысқан құрметті қонақтардың қатарында әдеби ортада «Шерағаның шекпенінен шыққандар» аталатын жазушы, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері Кәдірбек Сегізбайұлы, журналист, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанат Елшібек, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мағира Қожахметова, ақын, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов, публицист-жазушы Талғат Айтбай, журналист, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай, ҚР Ақпарат саласының үздігі Гүлзейнеп Сәдірқызы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әмірхан Меңдеке, жазушы, журналист, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұрғали Ораз, жазушы, журналист, «Жалын» журналының Бас редакторы Құдияр Біләл және Шерағаның қызы Алма Мұртаза болды.
Сонан соң Шерхан Мұртазаның туған жері – Жуалы ауданы, Талапты ауылындағы шаңырағына табан тіреген меймандар «Шерағаның шекпенінен шыққандар» аталатын жаңа кітаптың таныстырылымына қатысып, қаламгер туралы естеліктерін бөлісті. Сондай-ақ жазушының мұраларын насихаттау жайында бірқатар ұсынысын ортаға салып, арнайы қарар қабылданды. Өз кезегінде «Шерағаның шекпенінен шыққан» қаламгерлерге Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай шапан жауып, құрмет көрсетті.
Кеш соңында көркемсөз шебері, халықтың қалаулысы болған Шерағаның рухына құран бағышталып, ас берілді.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Comments (0)
Add Comment