Шераға орталығы: Алты айда ауқымды шаруалар атқарылды

Өткен жартыжылдық белесінде Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығы ұлттық болмыс пен мәдени кодты жаңғыртуға бағытталған бірқатар маңызды жобалар мен игі бастамаларды сәтті жүзеге асырды. Бұл туралы орталық директоры Жасұлан Әбдіманап «Жасанды интеллект – руханияттың жаңа тынысы» тақырыбындағы Өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде сөйлеген сөзінде айтты.

– 2025 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығында ғылыми-көпшілік бағыттағы мазмұнды іс-шаралар легі өткізілді. Атап айтқанда, орталық жанынан жаңа құрылым – «Дәстүр және өнер» бөлімі ашылып, оған бөлім меңгерушісі тағайындалып, нақты жұмыс бағыттары айқындалды. Бұл бөлім аясында «Даналық мектебі», «Шаңырақ шуағы», «Той мәдениеті – ұлт мәдениеті» секілді тақырыптар төңірегінде белсенді іс-шаралар атқарылды. Балабақша тәрбиеленушілеріне ұлттық дүниетаным мен ертегі әлемін таныстыру мақсатында «Әжемнің ертегілері» жобасы аясында облыстың бірқатар аудандарына іссапарлар ұйымдастырылды, – деді Жасұлан Лесбекұлы.

Оның сөзінше, орталықтың бастамасымен той мәдениетін жүйелеу және дамыту мақсатында өңірде алғаш рет «Асабалар алаңы» қоғамдық құрылымы құрылған. Құрамына 21 асаба мүше болып тіркелген бұл алаң ұлттық таным мен қазіргі мәдениеттің өзара ықпалдастығын арттыруға бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланып отыр.

Сондай-ақ ұлы тұлға Шерхан Мұртазаның есімі мекемеге берілгеніне 5 жыл толуына орай бірқатар тағылымды шаралар жүзеге асыпты.

– Жазушы Асқарбек Сейілханның 75 жылдығына арналған «Шерағаның шекпенінен шықпасам да…» атты бенефис кеші көрерменге рухани әсер сыйлады. Қаламы ұшқыр жазушы Көсемәлі Сәттібайұлының «Жалғыз қара» кітабының таныстырылымы өтті. Ал белгілі қаламгер, журналист Бекет Момынқұлдың 70 жас мерейтойына арналған тағылымды шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сонымен бірге Шерхан Мұртазаның шығармаларын дәріптеу мақсатында «Шынның жүзі – Шераға» атты өңірлік әдеби байқау жарияланды. Наурыз айында орталықтың бастамасымен екі бірдей кітап – «Мөп-мөлдір көздің қарасы…» және «Менің анам» жарық көріп, оқырманға жол тартты. Әдеби байқау мәресіне жетіп, ақындар марапатталды. Тараз қаласында жас прозашыларға қолдау көрсету мақсатында «Шер» клубы құрылды. «Әулиеата аңыздары» жобасы аясында өңірлік экспедициялар өткізіліп, тарихи-мәдени мұралар жүйеленді, – деді спикер.

Сонымен қатар орталық директоры тарих пен заманауи технологияны ұштастырған «Әулиеата аңыздары» кітабы жарық көріп, жұртшылық назарына ұсынылғанын жеткізді. Кітап алғаш рет жасанды интеллект көмегімен жасалған геокарта мен визуалды құралдармен толықтырылған. Мұнымен қоса мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ұмыт болып бара жатқан шарж жанрын жасанды интеллект арқылы қайта жаңғыртылыпты. Сондай-ақ өмірден озған мәдениет майталмандарының бейнелері жаңа форматта ұсынылған.

Comments (0)
Add Comment