Иә, қалың елдің арқа тұтар азаматы, көрнекті қаламгер Шерхан Мұртазаның құтты шаңырағына кімдер келіп, кімдер кетпеген?! Сол заманда атақ-даңқы дүрілдеп тұрған классик жазушылар мен өнер қайраткерлері, жас таланттар, алыс-жақын ағайындар ағылып жатқандай әсер қалдыратын. Бірі құрметті қонақ болып киелі үйдің табалдырығынан аттаса, бірқатары арнайы сәлем беруге келеді, ізет жасайды, бұйымтайын айта келетін тамыр-таныс емес, сырттай ғана сыйласқан жандар.
Жас кезі. Әлі 50 жастың өзі алыстау. Қылыштың жүзіндей қайраулы шақ. Аса мығым денелі, көзі оттай жанып, ауыр қозғалатын, тәкаппарлау мінезді, қазақ басылымдарының алтын дәуірін жасап келе жатқан қаламгердің үйішілік жағдайда сол уақыт өлшеміне қарай қарапайым, жұрт қатарлы болатын. Ол кісінің ақырын-ақырын тілдесіп, жөн сұрасуының өзі тіпті ерекше екенін, көңіл тауып сөйлесуі алтын сандықтың зерлі кілтін ептеп бұрап ашқандай әдемі еді. Разы көңілімен екпін түсіріп айтатын «Е, бәрекелді!» деген үйреншікті сөзін біз де бала кезімізден естіп өскеннен кейін бе, қазір ардақты ағаның сол бір сөзін біз де қайталап қоятын болдық.
Олай дейтінім, Шер-ағаның осы Тараз қаласында танысып, өзіне сүйікті жар еткен Мәрия Ағыбайқызы Төлепбергенова біздің үлкен әулеттің үкі таққан тұңғышы және төрт ағайын кісілердің ортақ қызындай болып еркін өскен. Толқынды Талас өзенінің сағасында қоныс тепкен Үшарал ауылында дүниеге келіп, ауқатты отбасында өскен әпкеміз мектептен кейін облыс орталығы Жамбылға барып оқыған. Әкесі жалпақ жұртқа әйгілі «Талас» кеңшарының негізін қалаған кісілердің бірегейі, ұзақ жыл ферма меңгерушісі болып осы шаруашылықта, ал 1945 жылдан бастап жаңадан құрылған «Түгіскен» қаракөл қой кеңшарында ферма басқарған беделді, сөзі өтімді адам болған. Ол кісі туған қарындасы Бегайымның перзенті Адамбек Мұсаев әскери ұшқыш болып, екінші дүниежүзілік майданнан жеңіспен оралып, облыстың құқық қорғау органдарының лауазымды өкілі болған тұста көзі ашық, көкірегі ояу жәкеміз шалғайдағы ауыл балаларын оқытуға жәрдем беруді өтінеді. Әулеттің үлкен баласы Әбу ағамыз бен Мәрия әпкемді осы орайда ауылдан ұзап білім іздеуіне жол ашады. Зерек ауыл қызы Жамбылдан асып, Алматыға жетіп, сондағы жоғары оқу орнында «кітапханашы» мамандығын алып шығады. Көп жыл бойы ол кісі Ұлттық кітапханада абыройлы қызмет етті.
Мейірімді де шуақты көңілі күн сәулесіндей төгіліп, кісіні жанұшырып аялайтын Мәрия әпкемнің берекесі мен жақсылығы, ибалы мәдениеті мен сөзге жүйріктігі, қолы ашық жомарттығы, бауырмашыл пейілі Алматыда әйгілі жазушының отбасының абыройын асырғаны айдай анық. Сонау жетпісінші жылдардың ортасында бас қалаға алғаш рет абитуриент болып барғанымызда, алдымыздан әпкемнің өзі күтіп алып, орталық кітапхананың оқу залына өзі жетектеп апарып еді. Үлкен қаланың көшесіне бой үйретейін деді ме, Масаншы көшесіндегі «Салтанат» әмбебап дүкенінен Абай мен Коммунистік көшелері қиылысында орын тепкен А.Пушкин атындағы кітапханаға жаяу барып қайтамыз. Жол бойы ата-бабамыздан ауызша жеткен аңызға бергісіз батырлық пен тапқырлық туралы, кімнің кімге қалай ұтымды сөз айтқанын зердесіне түйіп алған, бәрін қалай ұмытпайтынын қайдам, ой желісін үзбей, үнемі сүйсіне термелеп айтатын. Әріден теріп «Жамбыл қаласының төр жағы Тектұрмаста дүниеге Төлепберген атамыз, Ұлту әжеміз, Бидалы бабамыз, арғы бабамыз…» деп келетін шежірелі әңгіме үстінде адамгершілік қадір-қасиеттердің өнегесін санаға сіңіріп, ойлылықты бойымызға жұғысты етуді мақсат еткен болар.
Әпкем дастарқан басында өткен-кеткен ғибратты әңгімені отбасының соншама бақытты көңіл-күйін өсіру үшін әспеттеп айтқанында Шер-ағаның өзі рахаттанып күлімсіреп, ұлы Батылжан мен қызы Алма анасының тәрбиелік ойларынан перзенттік нәр алғандай жұп жазбай тыңдап отыратын, жарасымды ортасы шуаққа бөленетін. Әсіресе ағылшын тілінен жоғары оқу орнында студенттерге сабақ берген Алма емен-жарқын жағдайда сүйікті анасының өткен-кеткен тарихтан айтып берген ғазал әңгімелерін күні кешегідей қайталап, әлі де аса бір сағынышпен еске түсіріп, көңіл түкпірінде жатқан көп сырды толқытады.
Бұл киелі шаңырақтың қай күні болмасын келімді-кетімді кісіге толы еді.
Ертеден қалыптасқан бір дағды: Шер-ағаның анасы Айша апамыз бен Мәрия әпкемнің анасы Ырыстай апамыз да жыл сайын жаз маусымында бір мезгілде Алматыға сәлем-сауқатын, құрт-ірімшігін, ауыл дәмін қолмен көктеліп, түрлі-түсті жіппен тоқылған қоржындарына толтырып алып келетін. Ақ жаулықты қос ана бір құтты шаңырақта тату-тәтті, сөзі жарасқан құдағи болып, әңгіме-дүкен құрып, бір ай шамасында тұрып қайтатын. Сол мезгілде достары мен жолдастары екі ананы сыйлап, құрметпен кезектесіп қонаққа шақырады. Бұл арада ақ баталы аналарымыз танымал жазушы Кәрібай Ахметбеков, Бақытжан Момышұлы мен Зейнеп жеңеше, Қаратай Тұрысов пен Әскергүл әпкемізді өз балаларындай қатты жақсы көрді. Бұл кісілердің біз айтып отырған екі анамыз үшін өзіндік туыстық жақындығы бар болатын. Жазушы Кәрібай ағамыздың әке-шешесі кезінде Жамбыл облысындағы Үшарал мен Түгіскенде тұрып, мал шаруашылығында еңбек еткен. Содан бері аралас-құралас, таныс жандар болса, ер Баукеңнің ұлы мен келіні осы шаңырақтың ең жақын жанашырлары, ал Қаратай ағамыздың өзі Шер-ағаның сыныптас бала досы, ол үйдегі Әскеркүл әпке Талас-Тараз өңірінен, Мәрия әпкемнің туған сіңлісіндей болып кеткен жарқын жүзді, мәдениеті биік, салиқалы сырласындай еді. Сол уақытта өмір сүрген адамдардың ыстық пейілі мен сағынышты сезімдеріне еріксіз қайран қаласың. Студент кезімізде жазғы не қысқы демалыс уағы бітіп, ауылдан Алматыға қарай аттанарда менің де асыл анам өрілген қауын ішек пен қайнатылған қауын құрттың ең дәмдісін буып, түйіп: «Мына сәлем-сауқатты Науқыздың үйіне апарып бересің», – деп тапсырады. Біздің үлкен аналарымыз әпкемді бірауыздан «Науқыз» деп атайтын. Әулеттің үлкен қызы болған соң ба, әлде парсы тіліндегі сөздің «нау» жаңа, сұлу деген ұғымынан Жаратқан Ием ауыздарына салды ма екен, солай атап кетті. Әйтпесе біздің әулеттің қыздарының әу бастан қойған шын аттары Мәрия, Дүрия, Қалия, Сәния, Күлия, Пәтия, Дәния болып келеді.
Алматыға келген соң, Шер-ағаның шаңырағында қонақ болған кісілерге қызмет көрсетуге де жарап қалдық. Ең алғашқы… Үш бөлмелі тар пәтер. Бесінші қабат. Үй жабдықтары да қалыпты. Күндердің күнінде аса сыйлы қонақ болып сол кездегі еліміздегі ең беделді жоғары оқу орны Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры Өмірбек Жолдасбеков келді. Қасында топ-томпақ кіп-кішкентай қызы бар. Тағы бір оқымысты ғалым қонақта болды. Атағы алысқа кеткен, көркіне көз сүйсінетін, келбетті, айбынды академик диванға жайғасып, аман-саулық сұрасып болған соң: «Қане, бір партия шахмат ойнап жіберейік», – деді де қозғалақтай бастады. Шер-ағаңа қарап: «Шәке, дәмге сосын отырайық», – деп кішкене столдың үстінде жатқан шахмат тастарын шаршы тақтаға өзі тақ-тұқ еткізіп орын-орнымен қоя салды. Даңғыл математик емес пе, есеп-қисапқа, логикаға жүйрік болған адам, әрине, шахмат ойнамай отыра алмайды.
Шіркін, шахмат ойыны ақылдылардың ойыны болса, ұзақ ойландырады ғой кейде, екеуара үнсіз бір сағатқа созылған тартыс тура он сағатқа жеткендей күткізді. Әлем майталмандары Таль мен Ботвинник тартысындай тіке-тірес болды-ау деймін сонда. Кімнің жеңгені есімде жоқ, атақты математик ұтқан болар, сосын ықыласқа толы отырыс жалғаса берді. Бұл да сыйлы қонақтарды күтудің әдебі әртүрлі болатынын көрсеткен бір реті еді. Бозбала шақта көрген сол әсерім ұмытылмастай есте сақталыпты.
Арада жиырма жыл өткенде Халық жазушысы Шер-ағаның Алматыдағы М.Төлебаев көшесіндегі даңғарадай бес бөлмелі пәтерінде саңлақ академик, Жоғарғы Кеңестің депутаты, аса беделді тау тұлға Өмірбек Жолдасбеков аға бастаған қазақтың аса ардақты зиялылары бас қосқанда да ізетті жолмен қызмет еттік.
Бар мен жоқты түгендеп, ақыл-ойды тереңінен бағалай алатын ғұлама кісінің: «Біздің Шәкең Жоғарғы Кеңестің қабырғасында қасқайып сөйлеп жатқан кезде бүкіл қазақ сөйлеп тұрғандай әсерде боламын. Әрбір айтар сөзі оқтаулы тұрғандай, атылатын жанартау- дай!», – деп ағалық ақ сөзі сол заматта-ақ жатталып қалыпты.
Өмір ұлы адамдарды қалай-қалай тоғыстырады, бір қызықты құбылыс. Заман және замандастардың арасындағы достық, өзара сыйластық қарым-қатынастың арқау жібін үзбей, қадірлей білетін ұрпақтың ұғындырған ұлағатынан талай-талай ой тарқатуға болады. Жалын атқан жас кезінде достық жолын таңдап алған Сейдахмет Бердіқұлов, Әкім Тарази, Камал Смайылов, Әбіш Кекілбаев, Қалихан Ысқақов секілді жазушылар, Сырбай Мәуленов,Тахауи Ахтанов, Ғафу Қайырбеков, Қалтай Мұхамеджанов, Шерияздан Елеукенов және басқа да көрнекті аға қаламгерлер, Оралхан Бөкей, Қоғабай Сәрсекеев, Тұтқабай Иманбеков, Мұса Рахманбердиев тәрізді талантты іні-үзеңгілес достары, сондай-ақ Әулиеатадан Кәрім Баялиев, Елен Әлімжановтар ақ дастарқанынан дәм татып, бақ-дәулет тілеген күндері жұлдыздай жарқырап жадыда жаңғырады. Мұны біздің халық «құтты шаңырағынан береке кетпеген» дейді. Тіпті Шер-аға Республикалық Телерадио хабарларын тарату жөніндегі комитет төрағасы қызметінде болған жылдары Шәріп Омаров, Тыныс Өтебаев және басқа да телевизиядағы үзеңгілес әріптестері келіп, кешкі уақытта жазушының кабинетінде «Қазақстан» телеарнасының жай-күйі қызу талқыланатын жиынға ұласқан сағаттары, сірә, ұмытыла ма, әрине, ойдан шықпайды. Ер азаматтардың ел мүддесі, шығармашылық жаңа ізденістерінің барысы, әдеби-мәдени ұлттық құндылықтар туралы ой таластары барысында қалың қабағы қасқайып, жолдастарының қақ ортасында әрбір сөзге мұқият зейін қойған Шер-ағаның әлденеде шылым тартқанын, көк түтін будақтатқанын да айту бір қызық көрінер өзі. Бір мезгіл темекіні ермек еткені болмаса, нәйіті құмар болған емес.
Бұл әйгілі отбасының көрші-қолаңмен қарым-қатынасы да соншама ұнамды, шынайы сыйластықтың жөн-жосығымен жалғасып жататын. Сол М.Төлебаев көшесі бойындағы 98-үйдің бірінші подъезінде атақты ақын Мұхтар Шаханов, даңқты экономист-ғалым, академик Көпжасар Нәрібаев, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаев, мемлекет қайраткері, экс-министр Қахарман Бабағұлов, философия ғылымының докторы, профессер, қаламгер Әбдеш Қалмырзаев сияқты атақ-даңқы алысқа жайылған адамдар бірге тұрды. Наурыз мерекесі мен Жаңа жыл кешінде бір-бірін құттықтау салты осы көршілердің бұлжымас заңы болатын. Ал ақын Мұхтар Шахановтың аяулы шешесі Мәрия әпкеммен сөйлесіп, үйге жиі бас сұғып тұратынына талай мәрте куә болдық. Асыл ана әрбір амандасудан соң: «Шырағым, қай ауылдың баласы боласың?» – деп сұрап, түп-төркініңді біліп қалатын.
Ұшқан ұяның мән-мағынасын терең түсінетін Мәрия әпкем Мыңбұлақ-Жуалыда тұратын қайнысы, ақжүрек Батырханды, ол кісінің бала-шағасын, сүйкімді немерелеріне дейін жанындай жақсы көріп, бауырына басты. Болмысы бөлек Батекең де ізет пен ізгілікке тік тұрған, әрдайым қамқор, жанашыр пейілі мол жеңгесін ерекше сыйлады. Иә, кезінде сезімталдығы айрықша жазушы, спорт журналистикасының атасы Сейдахмет Бердіқұловтың: «Осы бар ғой, Батырхан жазушы болғанда қалай болар еді?!» – деп Шер-ағаның інісінің сөзге шешен, әдебиетке жүйрік, ой толғамдары терең екенін тебіреніп жазғаны бар.
Адамның ішкі сыры, құпиясы қашанда қымбат. Кейде жеке сыры халықтың сырына айналып кетеді.
Өзінің нағыз шығармашылық дәуірінің тылсым шағында туындаған «Бір кем дүние» кітабын Шер-ағаның күнделігі деуге болады. Жұп-жұмыр, шап-шағын дүниені жазу да шеберлікті қажет етеді. Тым ұтымды форманы дәл тапқаны әдебиетшілер тарапынан талай мәрте айтылып, жазылды. Қоғамның кем-кетігін айтудың амалы. Кітапта бүкпесіз, ашық айтылған талай жеке сыр бар…
Оқырмандардың көңілінде көп жағдайда отағасы және отбасының қалыптасқан дәстүрі, жеке өміріндегі ерекше тұстары көлбеңдеп тұратынын жақсы білеміз. Сол себепті де осы жазбаларды қағазға түсіріп отырған жайымыз бар.
Қалың қазақтың қадірлісі өзіне тән сабырлы мінезіне сәйкес мәдениет пен парасаттылықты жоғары ұстағаны анық. Алды ақ жайлау Мәрия әпкенің ыдыс-аяқтарымен жайылған дастарқан мәзіріне көз тоймайтын. Жоғары талғамы мен тәлім-тәрбиесі ерекше еді. Отбасында кіршіксіз тазалық пен ыстық ықыласты аура сақталды.
«Егемен Қазақстан» газетін басқарған жылдары әділдік пен көмек қолын сұраған қандас ағайындар, өңірлерден көпшіліктің аманатын арқалап келген қазақ бауырлар мен жеке өтінішпен жолыққан кісілер үйіне телефон соғып, рұқсат сұрап, кіріп жатады. Кейде есік алдынан күтіп алған жағдайды да көрдік. Егемендіктің елең-алаңында атажұртқа Моңғолия, Қытай елдерінен көш түзеген адамдардың көші-қон мәселесіне байланысты қайраткер тұлғаның үйіне келіп, арыз-шағымын айтып барғанының өзі сол кезде аса беделді бас редактордың халықшыл мінезін көрсетті және сол кезде қоғамды қатты алаңдатқан, қозғалған өзекті де өткір тақырыптарда Ержұман Смайыл, Нури Муфтах, Сабыржан Шүкіров, Рысбек Сәрсенбайұлы, Қайнар Олжай, Нұртөре Жүсіп, Ермұрат Бапи, Еркін Қыдыр, Гүлзейнеп Сәдірқызы сияқты кіл жоталы, алғыр да алымды журналистердің дабыл қаққан сүбелі мақалалары бас газеттің бетінде жарияланып жатады. Айтылған бір ауыз адал сөз бен орынды ұсыныс аяқсыз қалмайды деген осы болар.
Әр ісіне мығым, қызмет жауапкершілігі қатал, мұнтаздай, маңғаз қалыпта жүретін қайраткердің биік мінберлерден халық сөзін ширығып айтса, ол да қайсар күрескерлік қасиеті. Ал дарынды жазушының шығармашылықпен айналысу дағдысы мен ерекшеліктеріне келсек, біраз туындыларын Әдебиетшілер үйінде жазғаны айтылады. Бір қарағанда, ең ірі бұқаралық ақпарат құралдарына бетбұрыс жасап, көп жыл үздіксіз басшысы қызметінде болған адамның бос уақыты болуы мүмкін де емес. Газет жұмысы қиямет-қайым. Журналда да солай тынымсыз еңбек. Қат-қабат қарбалас. Жазушылар одағының хатшысы лауазымды қызметінде тіптен жауапкершілік көп. Телерадио комитеті тәулік бойы қол босатпайды, бас ауыртады. Сонда талантты жазушы қазақ әдебиетінде керемет туындыларын қай уақытта жазып үлгерген екен дейсіз? Қай уақытта? Ғажап! Бес томдық «Қызыл жебе» кітаптарына қажетті архивтік дүниелерді алыс-жақын елдерден мұқият жинастырып, зерделеудің өзі қаншама күш-жігерді талап еткенін болжауға болады.
Мықтылық деген осындайда көрінеді. Қазақтың уақытқа мойынұсынбайтын ұлы тұлғасы Тұрар Рысқұловты қайта тірілтіп, оның рухын жаңғыртуға 25 жыл ғұмырын арнады. Ширек ғасыр!
«Қызыл жебе» кітабын әдебиет сыншылары эпопея деп бағалады. Халық жазушысының әр кітабы мен әңгімелерінің жазылу тарихын оның алтын уақытқа қалай қарап, қастерлеген қалпынан ой түйіп, жете аңғарасыз.
Ал өткір, шындықты ту еткен публицистикалық мақалаларын Шер-аға негізінен үйінде түнде отырып жазып келетінін «Егеменде» бірге қызмет еткен жылдары көрдік. Онда да үйіндегі кітап сөресі самсап тұрған кабинетінде емес, үлкен зал немесе қонақ күтетін кең бөлмеде ұзын үстелді бір қырындап жайғасып, ақ парақтың бір бетіне қою сиямен батырып жазатын. Кереметі сол, қолы қарулы ағаның жазуы өте анық, әр әрпі тұнық, бір сөзі қайта жөнделмеген қалпында қағазға түсіреді. Және әр мақаласының әуелі өзі қойған тақырып атауын да қайта қарап, түзеткенін көргеніміз жоқ. Әйгілі Камал Смайылов досы екеуінің «Егемен Қазақстан» газеті бетінде бір жарым жыл бойы жазысқан тарихи хаттарының қолжазбасы мен олардың компьютерде теріліп, газетте басылған нұсқасын салыстырып қарасаңыз, бір әрпі де қисаймаған. Тасқа басылған ақ сөзінде бір мін жоқ.
Халық қалаулысы Шер-ағаның жазушылық ғұмырына барлық қолайлы жағдайды туғызған және барлық кітабын оқыған жары Мәрия әпкемнің өмір ағысында ұсақ-түйек болса да пендешілікпен ренжіген күні болды ма екен деген бір сұрақты да қоя алмайсың. Себебі алтын мінезді асыл жанның жаратылысы мен сабырлы ой-өрісі құтты шаңырақ киесіндей көрікті әрі күшті болды. Ол кісі елі ардақтаған, рухы мықты азаматын жұрт айтқанындай «Шер-аға» деп құрметтеді. Жалған дүниеден сырқат меңдеп мезгілсіз озғанынша отағасын төрге шығарды. Пайғамбар жасына жақындағанда «бұлтсыз күнгі найзағай» ойнаған еді…
Қабылан мінезді, қайсар тағдыр кешкен Шер-ағаның ауыр қайғыдан қабырғасы қайысты, алайда қалың елінің демеуімен сағы сынбады десек те, балаларының анасын, өзінің ең жақын жан серігін егде жасында жоғалтуы оңай соқпады.
Қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар ұстаған ұлт перзенті қалың жұрттың қабағына қарады. Ар биігінен көзқарастары мен ұстанымдары соны ұқтырды. Отбасының киесінен қуат алған абзал аға қоғамдық ой-сана тазалығы, әлеуметтік әділеттілік пен ел тәуелсіздігі жолында бұрынғыдан да белсенді қызмет етуді мұрат тұтты.
Қалам ұшымен жақсылыққа жетеледі. Әйел – отбасының ұйытқысы. Ана – құдірет деп. Жұмақ ананың табанының астында деп… Көркем шығармаларының шоқтығындай болған «Ай мен Айша» романын жазды. Оқырмандардың әлденеше мәрте қайталап оқитын, әрбір ойы бір повеске жүк болатын «Бір кем дүние» кітабын шығарды.
Артында қалған бай мұрасы талантты қаламгердің туындатқан өлмес, өшпес көркем шығармаларымен және заманның ең тура, өткір, қарапайым халықтың сөзін ашық айтып өткен өжет өміршеңдігімен мәртебелі.
Алты Алаштың ардақтысы Шерхан Мұртазаның өмірлік шыңы мен шындығы біздің қоғамда Тәңіртаудай ап-анық көрінеді. Тәңіртау Алатау болса, ол заңғар биіктерден тұрады.