Шер-ағаның Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған хаты

Көзқарас Қазақстан Республикасының премьер-министрі Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға хат

Ең алдымен, маған өз кітабыңызды сыйлағаныңыз үшін шын көңілден рақмет айтамын (Қасым-Жомарт Тоқаев. «Внешняя политика Казахстана в условиях глобализации». АО «Сак», Алматы. 2000 г.)
Мен өзімнің бір пенделігімді, бәлкім, кемшілігімді жасырмайын: бас қатыратын ғылыми стильді, шетелдік терминдерге толы саяси кітаптарды оқуға зауқым соға бермейді.
Бірақ Сіздің көлемді кітабыңызды бас көтермей оқыдым. Өйткені оның шыншылдығы, дипломатиялық қитұрқысыз, ашық, адал жазылғандығы. Мен көп нәрсеге түсініңкіремей жүретінім бар еді. Бұл кітаптан көп деректер, көп түсініктер, көп цифрлар таптым. Дипломат болу да – үлкен өнер.
Сіздің жазуыңыз бойынша, мына бізді, жер бетіндегі тірі адамдарды алдымызда зор-зор проблемалар күтіп тұр екен. Күнбе-күнгі күйбіңмен біз ондай мәселелерге онша мән бере бермейміз.
Адам баласы алдағы күннен бір жақсылық күтумен өмір сүреді. Тағдыр екен, XXI ғасырдың табалдырығына тез келдік. Келер дәуір бізге ақ түйенің қарны жарылып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтындай, ақжарылқап заман болардай көрінеді. Арман ғой. Адам арманы таусылғанда өмірі де таусылады.
Сөйтсек, болашақта жер бетінде адам саны көбейе түседі екен. Жылма-жыл геометриялық прогрессиямен өсетін Қытай мен Индияны айтсақ та жеткілікті. Болашақта Жер-Анамыз адамдарды асырай ала ма?
Жер жарықтықтың үстін жарақаттап, астын үңгіп жатырмыз, үңгіп жатырмыз… Қазба байлықтың да шегі бар көрінеді. Сіз өз кітабыңызда осыны ескертесіз. Бұл – имандылық.
Ал Қазақстанға Алланың берген бір рисала- ты – жер астындағы байлық қой. Бұл жағынан Жаратушы Құдіретке өкпе-наз айта алмаймыз. Сол мол байлықты қалай пайдаланып, қалай халық игілігіне айналдырып жатырмыз?
Бұл енді қиын сұрақ. Мысалы, мұнайдан қанша пайда түседі? Одан түскен қаржы халықтың қай қажетін өтеп жатыр? Жезқазғанның мысын корейлер аямай қазып, тіпті шахталардағы тіреуішіне дейін қағып алуда. Болашаққа деп сақталған тың кенішке де ауыз салатын сыңайлы көрінеді. Төлейтін салығынан басқа, біздің қазынамызға сол мол байлықтан не түседі?
Халық осыны білгісі келеді. Бұл салада құпиялық болмауға тиіс. Ашық әңгіме, шыншыл ақпар Үкіметтің өзіне пайда. Жүзі жарқын болады.
Көпшіліктің ұғымында қай салада болмасын, мыс болсын, мұнай болсын, темір болсын, көмір болсын серіктестер үлесі 50 де 50% болғаны әділеттік. Әйтпесе құр жеңіл-желпі салықпен құтылып кете берсе, бұл өзі, орыс ертегісіндегі шаруа мен аюдың ортақтастығы сияқты біржақты пайдаға айналып кетеді.
Есіңізде ме, шаруа мен аю ортақтасып бидай егеді. Шаруа аюға: «Бидайдың масағын аласың ба, сабағын аласың ба?» – дейді. Аю: «Сабағын», – дейді. Сабағы ұзын ғой. Алданды.
Келесі жылы картоп егеді. Шаруа аюға: «Жапырағын аласың ба, түйнегін аласың ба?» – дейді. Аю: «Жапырағын аламын», – дейді. Тағы алданды.
Сіз Үкімет басына келгенге дейін, яғни, әсіресе Терещенко, Қажыгелдин үкіметтерінің тұсында көп кен орындары, стратегиялық мәні зор зауыттар, басқалай бағалы объектілер шетелдіктерге, басқалай байсымақтарға бес теңгелік мүлік бес тиынға сатылып кетті. Арасындағы төрт теңге тоқсан бес тиынды қайдан іздейміз? Қазір шетелдерге ағылып келіп жатқан мұнай, мыс, темір, көмір, т.б. тым құрыса асалған, алданған бағаның құнын өтей ала ма? Адал сауда болса, адамдар жалақы, зейнетақы, жәрдемақы деп зар жылар ма еді?!
Құрметті Қасым-Жомарт мырза, Сізді айнала табиғаттың азып-тозып бара жатқаны толғантады. Үкімет басшысының мұны ойланып, уайым- дауы – жақсылықтың нышаны.
Қоғамды былай қойғанда, жеке адам өз басының ғана емес, бала-шағасының, ұрпағының қамын ойлайды. «Түстік өмірің болса, кештік мал жина» дейді. Ал қоғам не ойлау керек? Ол да жеке адам сияқты болашағын ойламай ма? Біздің ата-бабаларымыз, мысалы, бізге ұлан-байтақ жер қалдырды. Жан беріп, қан төгіп, жаудан қорғап қалдырды. Ал сол жерді олар жаралаған жоқ. Аялады. Анасындай көрді.
Біздің ұрпақ Анасының көйлегін дал-далын шығарып жыртты. Абыройын ашып, арын төкті. Адам психологиясы кісі шошынарлық. Таяуда ғана Парламентте Хан-Тәңірі шыңының ұшынан үш мемлекет Қазақстан, Қытай, Қырғызстан шекара сызығын белгілеу үшін кәдімгідей талас, айтыс болды. Сол Хан-Тәңірі шыңын мен де көргенмін. Қытай жағы қалың жыныс орман. Ал дәл сондай біздің жақ таздың басындай тап-тақыр. Орманын тонаған.
Ел аралап, мәшинемен жүріп көрсеңіз, жол бойы күні кеше жайнап тұрған ағаштар бүгін жайрап жатыр.
Сіздің кітабыңызда Арал азабы, проблемасы көп айтылады. Иә, ол көз алдымызда тартылды ғой. Өз қолымызбен құртып алып, енді қайтып қалпына келтіреміз деп, анаған да, мынаған да алақан жайып, абырой төгеміз. Біріншіден, түркімендер Әмударияны бұрып алып, құр босқа құмның астын борсытып жатыр. Екіншіден, өзбектер Сырдарияны тоқсан тоғыз жерден буып алып, қылқындырып отыр. Оу, бұған халықаралық төрелік сот болмай ма екен?!
Үшіншіден, Байқоңыр космодромы Сыр бойындағы Қазалы, Қармақшы аудандарының жерасты суларын сорып алып, мыңғырған мал жайылған Қызылқұмды құрғатты. Байқоңырда әрбір ракетаны ұшыруға кішігірім бір көлдің суы буға айналуы керек. Әрбір ракета ұшқан сайын ауа, атмосфера өртеніп, құрғап, ауа да шөлдейді. Сөйтіп, айнала жердегі ылғалдың бәрін тартып алады. Бұл тонау үшін ақы төлене ме?
Ал біз Арал суалып қалды деп сықсыңдаймыз. Бәрін қолдан жасап отырмыз.
Баяғыда өтіп кеткен ата-баба даңқының шуағына шомылып, күмпілдеп мақтанамыз. Ата-баба өз парызын адал атқарып кетті. Біз, қазір тірі жүрген пенделер солардың аспан тіреген даңқына татимыз ба? Келер ұрпақ біздің тіршілігімізбен мақтана ала ма? Әлде бізді қарғай ма? Осыны кім ойлайды?
Қасым-Жомарт мырза, сіз бұл кітапта Экономика деген құдіретті ерекше айтасыз. Қазіргі заманда экономика – идеологияға, саясатқа айналды дейсіз. Экономика бәрін шешеді екен.
Ол рас. Бұл ала-құла дүниеде байлықтан басы айналып, итіне дейін алтыннан тіс салдырғандар бар. Амалсыз күнкөріс қамымен жап-жас қызын жүз долларға сатқан да бар.
Бір байқағанымды айтайын. Балконға бір уыс тары шашып тастадым. Әуелі шымшық келіп көрді де, шырылдап басқаларын шақыра бастады. Жыпырлап, құнжыңдасып, ұйымдасып жемді жеді.
Ал адамдар ше?
Өзіңіз айтқандай, ат төбеліндей байлар бар, жер беті ыңыршағы айналған кедей-кепшіктерге толы. Әсіресе аштықтан бала-шаға өлімі көп.
Жай жазушының арманы ғой: әлемде адамгершілік, қайырымдылық, мейірімділік салтанат құрса, шіркін…
Экономика Қазақстанда қалай? Қазақстан бай. Экономикалық қор жеткілікті. Кешіріңіз, бірақ соның Сіз айтқан «идеологиясы мен саясаты», яғни ұйытқысы жетіспейді-ау деймін. Мәйегі нашар болса, экономика іріп кетеді. Амал не алғашқыда ірітіп алдық.
Сіз өз кітабыңызда әлем саясатын, оған Қазақстан қатынасын қаз-қалпында, соқыр адамға таяқ ұстатқандай түсінікті жазасыз. Ал экономика неге тоқырады дегенде тосыласыз. Біздің экономиканың өзегіне жұлын құрт түсті. Қатты ағаштың өзін жұмсақ құрт құлатады. Оның аты – коррупция: жемқорлық, ұрлық-қарлық, парақорлық. Жалғыз Президенттің Жарлық шығаруымен бұл дерттен жазылмадық. Ұйымдасқан коррупцияны ұйымдаса күреспесе, ешкім жеңе алмайды. Ол үшін Президенттің көмекшілері, министрлері, әкімдері, уәзірлері Президентке пәруана берілген, жүрегі ақ, алақаны таза болуы керек. Сондай адалдар аз ба деп қорқамын. Бұл – бір. Екіншіден, әркім өз ісінің ұңғыл-шұңғылын барынша меңгерген білімпаз, болжампаз, аса сауатты адам болуы керек. Айталық, аз ғана жылдың ішінде Ауыл шаруашылығы министрі болып әлденеше адам ауысты. Арпаны бидайдан, саулықты қошқардан ажырата алмайтындар да бар арасында. Тіпті «тренировка» мен «репетицияны» айыра білмейтін бір азамат Мәдениет министрлігін басқарды.
Кеудеме қайғы толған соң,
Кәусар жырмен жуынам, – деп баяғыда Дулат ақын айтқандай, осының бәрі көз алдыңда өтіп жатқан сұмдық болған соң, ақ қағаз арқылы Сізге риясыз айтып жатқан сырым ғой. Әйтпесе Сізге қояр кінәм да, дауым да жоқ.
Осы сұрқиялық тыйылмай, экономика түзеле қояр ма екен? Экономика мемлекеттің діңгегі, бас тіреуі екенінде күмән жоқ. Бірақ мен айтар едім: пиғыл, ниет түзелмей, экономика адасып, алжасып жүріп алады. Жеке адам ниеті арқылы мемлекет, қоғам ниеті ақ жолға түскенде ғана өз несібеміз өзімізге бұйырады. Әйтпесе орыстар айтқандай: «Все было, да по усам потекло и в рот не попало» деп әндете береміз. Бұл – қайғылы ән.
Пиғыл түзелуі үшін Рух пен Намыс салтанаты биік тұрса игі. Рух пен Намыс. Өлермен жемқорлық, парақорлық, намысы жоқтан жаралады. Ондайлар ұлт намысын, ел-жұрт намысын, тәуелсіз мемлекет намысын ойламайды. Қазақстанды коррупция жайлап кетіпті деген жақсы атақ па? Мұның сыртқы саясат ісіне әбден қатысы бар.
Коррупция кімде жоқ, басқа елдерде де табылады деп уәж айтуға болады. Бір байыса, Нигерия баюы керек еді. Мұнайы көп. Бірақ тырли кедей. Неге? Коррупция – басқа елдерде, демократиясы әлденген елдерде коррупциямен күрес басқаша. Ол күрес адамның бет-жүзіне, лауазымына қарамайды. Олар Заңға жүгінеді. Заң алдында, Конституция алдында хан да, қара да бірдей. Ал бізде Заңды, ең алдымен, сол Заңды күзетушілер бұзып, Парламент те қорғай алмайды. Парламентке ондай құқық берілмеген. Біздің Заң – инкубатордың балапаны сияқты. Ата-анасынан айырылып қалған. Қорғансыз.
Құрметті Премьер-министр, Сіз өз кітабыңызда Қазақстанда қырық жыл бойына өткен ядролық сынақтар қасіретін шыншылдықпен, өте бір өкінішпен, өз жеріңізге, өз еліңізге деген нағыз перзенттік жанашырлықпен жазасыз. Қырық жыл ішінде 459 сынақ өткізіліпті. Оның 113-і атмосферада жарылыпты. Қалғаны жер астында. Жарты миллион адам уланыпты.
Жер астындағы жарылыс қауіпсіз деген желеу бар. Бәрі бекер. Мен бұл саланың білгір маманы болмасам да, жай түйсігім айтады: диюды құмыраға қанша мықтап қамап қойсаң да, ол капилляр сияқты, Жердің де ауа жұтар тесігі бар. Сол арқылы шықпай ма екен?! Малдың етін адам жемей ме екен, сүтін ішпей ме екен?! Сондықтан жерасты жарылысы зиянсыз деген далбаса сөз. Бұл – ұзақ жылдарға созылатын зұлмат.
Қош. Полигон жабылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев, қоғам қайраткерлері, Олжас Омарұлы т.б. азаматтар адамзат ұмытпас орасан жақсылық жасады. Бұл істе табандылық танытты. Біріге, жұмыла жұмыс істесек, алынбайтын қамал жоқ екенін дәлелдеді.
Ал енді қазір Парламенттің портфелінде Үкімет ұсынған тұтас бір пакет заң жобалары жатыр. Талқылап, қабылдауға, заңдастыруға ұсынылған жобалар. Ол жобалар бойынша, Ресей өтінішімен Қазақстан Сары-Шаған полигонын қайта ашуы керек екен. №1 Орталық полигон деген ашылуы керек екен. №929 ұшу-сынақ орталығы, Ембі полигоны жандануы керек екен. Осының бәрін Парламент Заңға айналдыруы керек екен.
Бұл қалай?
Сонда бұл тәуелсіз мемлекет ішіндегі мемлекет емес пе? Мемлекет ішіндегі мемлекет екені рас болса, оның әскері, қару-жарағы, тіпті белгілі дәрежеде халқы болады. Мысалы, Байқоңыр солай ғой. Байқоңырдан ұшқан диюлардың екеуі көз алдымызда Қазақстан жеріне құлады. Одан бұрын қаншасы құлағаны бізге құпия.
Таяуда мен Атырауда жүргенде, сол арадан жақын жерге Ресейдің тағы бір ракетасы құлады. Ол жөнінде біздің Сыртқы істер министрлігі әлі «ләм» деген жоқ.
Сонда бұл қай атымтай жомарттық екеніне мен пенденің түсінігім жетпеді. Соны Сізден сұрайын деп едім.
Енді Байқоңырдың үстіне Сары-Шаған, Ембі, тағы басқалары заңдастырылмақ. Сары-Арқа, Бетпақ-Дала өңірлері бұған дейін де сынақ полигондары болып келгені белгілі. Тәуелсіздіктен кейін сәл-пәл тыныстаған сияқты көрінген. Енді қайта басталмақ.
Менің білгім келетіні: осы өңірлерде бұрын жылдар бойы жүргізіп келген сынақтардың нәтижесі Қазақстан үшін қандай болды? Пайдасы не, зияны қанша?
Ал менің жабайы түсінігім бойынша, Бетпақты мекендеген мыңдаған ақбөкендер, басқа тіршілік иелері түгелге жуық қырылды. Арқада мың-мыңдап, табын-табын болып жосылып жататын киіктер қайда қазір? Оларға басқа жақтан індет келген жоқ. Келсе, Ресей ракеталарынан келді. Сонан соң Қытай ақшасына жалданған қарақшылардың мылтығынан қырылды. Киіктің мүйізіне бола еркек кіндігі қалмады. Сол себепті биыл көктемде киік балалаған жоқ деген сөз тарады. Анық-қанығын Үкімет, оның арнайы мекемелері білетін шығар.
Табиғатта бір-бірінен оқшау тұрған ештеңе жок. Бәрі бір-бірімен кіндіктес. Киіктер қырылғанда адам да сау қала қоймас.
Тоқетерін айтқанда, осы Ресей полигондары тұрғанда Қазақстан Дамокл қанжарының астында қалады. «Мәңгі достық» туралы келісімшарт, түрлі ант-су ішісу – бәрі жақсы. Лайым да достығымыз баянды болсын. Бірақ көпе-көрнеу зиянды көрмеу – тәуелсіз мемлекеттің көзін ақ шел қаптағаны.
Құрметті Премьер-министр мырза, сіз бұл бағалы кітабыңызда жеке-дара мемлекет өзінше томаға-тұйық өмір сүре алмайды дейсіз. Тіпті байлықтан асып-тасып отырған Америка Құрама Штаттарының өзі де дейсіз.
Өте орынды сөз. Әсіресе Қазақстан сияқты енді-енді егемен болған жас мемлекет өзгелерден өзегін үзіп тастап күн көруі қиын-ақ. Бұл – дәлелді қажет етпейтін ақиқат.
«Шекараңды таспен қоршама, доспен қорша» депті дана бабаларымыз. Қайда қазір сондай дос? Дос қана емес, туысқан деп жүрген, «өз ағам» деп жүрген көршіміздің өзі біздің жерімізге көз алартады. Тышқаншылап, біздің жерімізге қарай жорғалап, шекара деп қада қағады. Бұл әрекет майда-шүйде көрінер. Үлкен өрт иненің жасуындай шоқтан басталады. Сарыағашқа қарай жылжи-жылжи қада қаққан Өзекеңдерді де түсінуге болады. Олар үшін тоқымдай жер қат. Халқы жылдан-жылға көбейіп барады. Ол жақтағы келіндеріміз біз жақтағы келіндердей емес, құдай берген баланы көп көрмейді. Халқын көбейту – көрші мемлекеттің ең басты ұлттық саясаты. Ал бізде демографияға мән беріп жатқан Үкіметті де, Парламентті де байқамадық. Сонда болашақта кең -байтақ абадан қазақ жеріне кім ие болмақ? Кім қорғамақ?
Өзекеңдердің бай жеріңнен бізге бермедің деп өкпелейтін жөні жоқ. Таупихқа келсе, қазақтар өзбектерге жер беруден кенде емес. Бостандық қайда? Жиделі-Байсын, Мырзашөл қайда? Бізден гөрі мұсылманшыл қауым ынсап дегенді жақсы білсе керек. Тәубе-тәубе десе керек.
Бізді газдан қысып, жолдан қысып, барыс-келіске тоқсан тоғыз тосқауыл қойып, қысастық жасайтын жөні де жоқ. Егер Қазақстан әуе жолы, автомобиль жолы, теміржолы болмаса, өзекеңдер қайда шыға алады? Ағайындылар келте ойламау керек кой. Екі жолбарыс төбелесіп жатса, маймыл ағаш басына шығып алып, ұятты жерін шапаттап, секіре-секіре күліп отыратын көрінеді. Соның кері келмесін.
Асылында, ағайындар, тағдыр солай орналастырған соң, тату-тәтті тұрғаны абзал да. Ежелден туысқан елдер тұтас болса, корқақ қояндай, қит еткеннен үркектемес едік. Тіпті ұлылардың өзі де жорғасынан жаңылады екен. Баяғыда Ақсақ Темір Найзағай Баязитті тұтқындап, қорлап өлтіріп; Алтын Орданы шауып, Тоқтамысты қиратпағанда, қазіргі Орталық Азияның картасы әлемнің қақ ортасында әлеуетті болып тұрар ма еді, кім біледі?!
Өткеннен сабақ алып, Орталық Азия мемлекеттері ынтымағы жарасса, жан-жақтан жау түртпектей қоймас еді. Тәуелсіздік алған Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары о басында осындай ынтымаққа анттасып-ақ еді, енді араз-құраздық аңғарылады. Сөйте-сөйте жат болып, даудан жауға айналудың алдын алу керек.
Өзбекстанда бір миллионнан астам қазақтар тұрады. Ол жаққа олар бір жақтан ауып барған жоқ, ежелгі ата-баба қоныстарында отыр. Оларды «өзбектендіріп», қысым жасаудың қисыны жоқ. Қазақстанда өзбектер де тұрады. Оларды «қазақтандыруға» талпынған бір адам жоқ. Адамгершілік, ағайынгершілік екі жактан бірдей болғаны әділет.
Ендеше, «Елдестірмек – елшіден», Қазақстанның сыртқы саясаты бұл мәселенің түйінін жібек жіптің түйінін тарқатқандай шешуге қабілетті болуы керек.
Құрметті Қасым-Жомарт мырза, Сіз осы кітапта Қазақстанның дүниежүзі мемлекеттерімен қарым-қатынас ахуалын тайға таңба басқандай жазасыз. Бұл бай мағлұмат.
Солардың ішінде Қытаймен көрші отырудың орны бөлек. Бұл ұлы мемлекетпен риясыз тату болу – үлкен сый. Оны мойындамау жеңілтектік. Сіздің жазуыңыз бойынша, Қытай сонау Ақтөбеден, Өзеннен шығысқа қарай өз еліне дейін 2,5 мың километр мұнай-газ құбырын тартады екен. Бұл үшін 9,5 миллиард доллар қаржы шығады дейсіз. Қытай осыншама ұзақ жолға, қыруар шығынға неге бел байлады? Экономикалық тұрғыдан жай көзбен қарағанда да тиімсіз сияқты. Сонда Қытай бұл қиын жолға неге кұштар болды? Келісімшартта осы жағдай ескерілген бе?
Көршіге сенген жақсы. Бірақ бір көршіге бір көршінің тауығы қаздай, кемпірі қыздай көрінер… Осыған қалай қарайсыз?..
Мен дипломатиядан алыс адаммын. Бірақ өз елімнің Отан сүйер бір перзенті ретінде осының бәрін егжей-тегжейлі түсінгім келеді. Мұны айып көрмеңіз. «Білгеніңді білмегенге касақана айт-пау – күнә», – дейді Мұхаммед пайғамбар хадисі.
Кітапта Сіз келтіргендей, кезінде Дэн Сяопин есімді дана шал: «Қытайлық қытайлықты жәбірлемеу керек», – депті. Осы қағидаға жүгінсек, қазақ қазақты, қазақстандық қазақстандықты жәбірлемеу керек қой. Ал қазір бізде жәбір көріп жүрген жұмыссыздар көп. Әлгі күннің батысынан күннің шығысына дейін созылатын құбырды осы қазақстандық жұмыссыздар-ақ салар еді ғой. Сонда Үкіметке де, министр Радостовецке де жеңіл болар еді. Өз сөзіңізбен айтсам, әлемде озық елдер қол жеткізген табыстар пәрменді, күшті үкіметтер арқасында келіпті. Сіз басқарып отырған біздің қазіргі Үкіметтің сондай болуын тілеймін.
Құрметті Премьер-министр, бұл кітаптан түйгенім: Сіз мемлекеттік кайраткер ретінде экономиканы да, саясатты да жете меңгерген адамсыз, Қазақстан сияқты бай елдің алтын сандық үстінде отырып, кедей болғанына қынжыласыз. Тек шикізат сатып күн көргенімізге күйінесіз. Мысалы, астықты, етті, майды, сүтті, көптеген өндірістік тауарларды шеттен сатып алардай не күн туды басымызға?! Керісінше, солардың бәрін келістіре өзіміз өндіріп, шетке неге сатпаймыз? Мұнай бізді қашанғы асырайды, егер асырап жатқаны рас болса…
Кешіріңіз, мұның бәрін көзін тауып, Отанға пәруана беріле, ақылмен, керек болса айламен үйлестіретін көмекшілер Сізде аз. Сіз, бәлкім, кешегі Қажыгелдиннің мүдделестерімен амалсыз жұмыс істеуге мәжбүрсіз. Олардың арасында жемқорлар, парақорлар жүрсе – екі есе қорлық. Әйтпесе, Ақтөбедегі Дөң хромы неге екі есе, үш есе бағамен сатылып жатыр? Арасындағы ақша кімдердің қалтасына түсіп жатыр? Бұл бір ғана мысал. Сіздің өз басыңыздың періштедей таза екеніне күмәнім жоқ. Айналаңызға абай болыңыз. Кезінде Трактабель деген де бағасы зор байлықты көк тиынға сатып алған. Айырмашылықты кіммен бөліскені болашақта анықталар. Әрине, Прокуратура, ҰХК, ІІМ, Сот шыншыл болса.
Ал әзір сол Трактабельді Сіз жеңіп шықтыңыз. Алдағы уақытта да осы бағытыңыздан таймаңыз. Премьер-министр таңдауда осы ретте Президенттің жолы болған сияқты. Сенімін ақтаңыз.
Кітабыңыз үшін тағы да рақмет. Сізге: халықтан алтын алма, алғыс ал, қала көрме қарғысына, – деп тілеуші Шерхан Мұртаза. 3 мамыр, 2000 жыл.

Халық жазушысы, Мәжіліс депутаты, ШЕРХАН МҰРТАЗА мырзаға!

Қадірменді ШЕР-АҒА,
Сіздің «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Көзқарас» атты мақалаңызды зор ынта қойып оқып шықтым. Отанымыздың барлық өңірлеріне тарайтын, кезінде Өзіңіз басқарған ұлттық басылым бетінде менің атыма айтылған ізгі тілектеріңізге және жуырда шыққан кітабыма берген оң бағаңызға алғысымды білдіремін. Өз халқының шын мәнісінде қолдауына ие болып, әркез ақиқатқа жүгінген, қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар алып келе жатқан Өзіңіздей беделді де сыйлы азаматтың мұндай ілтипаты мен үшін ерекше маңызды әрі құнды да. Барша Қазақстан халқының ортақ арманы – Отанымыздың қуатты, тұрмысы оңды, мемлекетіміздің абыройы биік болуы ғой. Мақалаңызда ел тағдыры, оның болашағы жайлы қозғаған тың пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз мені де ойға қалдырғанын жасырмаймын. Оларды, негізінен, оң бағалаймын, мүмкіндігінше Үкімет істерінде ескеретінімді де білдіргім келеді.

Қадірлі Шер-аға, таза азаматтық және адамгершілік тұрғыдан алар болсам, сыйлау мен құрмет көрсету мансаптың биігімен өлшенбеуі тиіс. Бұл ретте мен үшін Сіздің жолыңыз әрқашан үлкен, орныңыз бөлек. Сол себепті хатымды Үкімет басшысының қайтарған жауабы ретінде ғана емес, інілік ізеті мен ризашылығы деп қабыл алыңыз.
Жан-жақты ойластыра келе, жауабымды Өзіңізге жеке, қысқаша хат түрінде беруді жөн көрдім. Оған түсіністікпен қарарсыз деп сенемін. Сізге мықты денсаулық, отбасыңызға береке-бірлік, қоғамдық және творчестволық еңбегіңізге табыс тілеймін.

Ізгі ниетпен, Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

 

Comments (0)
Add Comment