Шер-аға «Жамбыл» телеарнасында редактор болғанын білесіз бе?

Шер-аға, Шерхан Мұртазадай ұлы тұлғаның «Жамбыл» телеарнасында тура бір жыл редактор болып қызмет істегенін біреу білсе, біреу білмес. 2005 жылдың 1- тамызынан бастап менің бұйрығыммен Шер-аға жұмысқа қабылданып, 2006 жылдың 10 шілдесінде Бекет Момынқұлдың бұйрығымен өз еркімен жұмыстан босатылыпты.

Бұл кезең ЖТД үшін шын мəнінде тарихи кезең. Осы уақытта Жамбыл телеарнасының рейтингі өте жоғары көтеріліп, көрімділігі артқан болатын. Телекөрермендер көкемнің авторлық «Шераға уақыты» хабарын асыға күтетін. Бұл бағдарлама аптасына бір рет тікелей эфирден берілсе, келесі аптада видеожазбасы ұсынылады.
Шер-ағадай тұлғаны мен қалай қызметке алғанымды қысқаша айтайын. 2005 жылы Шер-ағаның Парламенттегі депутаттық мерізімі аяқталды. Халық Шерхан Мұртазаны күтті. Шер-аға да тағы да сайлауға түсуге ықыласты болды, бірақ билік пейіл танытпай тосқауыл қойды. Ол түсінікті де еді. Жер мəселесі, тіл мəселесінде Шер-аға биік мінберден ащы пікірлерін айтып, дауыс берер сəттерде билікке қасқайып қарсы тұрды. Қарағайдың қарсы бұтағындай ыңғайсыз депутатты билік қайдан жақтырсын. Ақыры кандидаттыққа тіркетпеді. Шер-аға ауылға, «Талаптыға» қайтты. Біраз уақыт жүрді. Бекет екуіміз апта сайын ауылға барып көкемен əңгіме дүкен құрып қайтамыз. Байқаймыз Шер-аға сүлесоқ көңіл күйде, бұрынғыдай жігерленіп отыруы азайғандай. Бұлай бола берсе көкеміз отырып қалатын сияқты көрінді. Бекет «Шерағаны дереу телевидениеге жұмысқа алайық» деді. Солай келістік те, Шерағаны əрең дегенде көндірдік. Ол кезде Бекет кезекті еңбек демалысында болатын. Ауылға барғанда уақыт оздырмай көкем келісіп тұрғанда дəптердің бетіне өтінішін жаздырып алдық. (Ол суретте көрініп тұр). Сонымен менің бұйрығыммен Шер-аға «Жамбыл» телеарнасындағы қызметіне кірісіп кетті. Мен мақтанам ғой, көкем небір мықтыларды, Əбіш, Фариза, Ақселеу, Мұхтар, Оралхан Бөкейлерді қызыметке алса, мен Шер-ағаның өзін жұмысқа қабылдадым деп. Бұл əрине əзіл, бірақ шындық. Біз Шер-ағаның қиналып жүрген кезінде көңілін алаң етпей, жанына жақын еліне айтар, қоғамға бетбұрыстар кезеңдері мен сəттердің қордаланып қалған түйткілді мəселелерін айтқызып өзінің де, елдің де шерін тарқатып отырдық. Шер-аға əр хабарға ерекше дайындалып, бар болмысымен кірісетін. Ол бір естен кетпес ғажап кездер болатын. Ал жұмыстан кетуі ол бөлек əңгіме. Ол туралы газетке бөлек мақала жазамыз. Мына жазбаны журналистер күніне орай жаздым. Шерхан Мұртазаның «Шерағаның шекпенінен» шыққандар да біле жүрсін деп. Сондай Ұлы тұлғамен əріптес болғанымды мақтан тұтам. Мерекелеріңіз құтты болсын əріптестер!!!

Асқарбек Сейілхан,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Comments (0)
Add Comment