Шексіздік әлемінде

Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында «Алтын қол» атты мүмкіндігі шектеулі жандардың қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Мәдени шараны «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев ашты.
– Жалпы көрменің мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, әр ісіне қолғабыс ету, өз қамқорлығыңды сездіру, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдағы белсенділігін арттырып, шығармашылық қабілетін шыңдау. Олардың маңдай тер еңбегі, төл өнерлерін жұртшылыққа паш етіп, қоғаммен байланыс орнату мақсатында осы жәрмеңке ұйымдастырылып отыр. Әрбір ерекше жанның қоғам алдында қажет екендігін сезіндіру, асқақ армандардың орындалатындығына көз жеткізу үшін адам қолынан келгенін жасап үйренгені құба-құп, – деді ол.
Жәрмеңкеге «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалының бастауыш партия ұйымдары, Саяси кеңесінің Бюро мүшелері, Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, мәслихат депутаттары, кадрлық резервистер, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері мен ҮЕҰ қатысты.
– Жетекші партия өзінің «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» деп аталатын сайлауалды бағдарламасында халықтың ең мұқтаж топтарына қолдау көрсетуді басты жұмыстарының бірі ретінде белгілеп алған. Осы орайда, «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек» партиялық жобаларын жүзеге асырып келеміз. Бүгінгі шара – соның бір көрінісі, – деді өз кезегінде сөз алған Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанәділ Оспанов.
Жәрмеңкеге қойылған дүниелер көздің жауын алды. Жіптен тоқылған көйлек, орамал, шұлық, оюлы қамзолдар мен бас киімдер – қыс мезгіліне таптырмас бұйым. Жалт-жұлт еткен моншақтан жасалған ыдыс, гүл, құмыра сынды әсем дүниелер жан нәзіктігінің бір көрінісіндей көңілді аулайды. Киізден жасалған оюлы дүниелер де бөлменің қай бұрышының болмасын сәнін келтіруге арналғаны көрініп тұр. Құрақ көрпешелер қазақтың қонақжай болмысымен біте қайнасқан ұғым екенін білдіргендей жүк болып жиюлы.
– Менің тоқыма бұйымдарымен айналысқаныма көп жылдың жүзі болды. Беліме зақым келіп жүруден қалғанда, енді қалай күнелтемін деп ойлаушы едім. Ең бастысы, адам жаман ойдан аулақ болуы керек екен. Әлденеге ден қойып, соны үйренуге талпынып және сол нәрсені өзің жасап шыққанда, өмірге деген сүйіспеншілік арта түсетінін ұқтым. Қазір менің жаным жабыға қалса, түрлі ойыншықтар немесе белдемше, бас киім, шәлі тоқи бастаймын. Сонда көңілім жай табады. Мен бұрын тек тоқымамен ғана айналыссам, қазір ине-жіп алып, кестелеу өнерін де меңгеріп жүрмін, – деді жәрмеңкеге қатысқан Эльмира есімді мүмкіндігі шектеулі жан.

Comments (0)
Add Comment