Шекара қауіпсіздігі – ел тыныштығының кепілі

Ұлы Дала елінің тарихы ықылым замандардан бері небір қилы кезеңдерді, қым-қиғаш оқиғаларды өткерді. Қасиетті қазақ жерін қорғаймын деп талай хандар, талай батырлар алтын басын бәйгеге тікті. Енді бүгінде бабалар аңсаған азат күнді ұрпақтары көрді.

Әлем картасынан ойып тұрып орын алған қазақ даласы – Алтай мен Атыраудың арасындағы ұланғайыр алқап, Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасы – қазақтың алтын бесік атажұрты. Бұл Тәңір Тағаланың халқымызға берген сыйы – кең байтақ даласын жат көздің сұғынан қорғап, шекарасын дер кезінде сызып, іргесін бекітуі. Бұл жағынан алғанда, ел үшін маңызды шаралар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басталды. Атап айтқанда, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы 18 тамызда «Шекара әскерін құру туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Содан бері осы абыройлы міндетті басшылыққа ала отырып, еліміздегі шекарашылар мемлекетіміздің тыныштығы мен тұтастығының жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Шекара шебіндегі жігіттердің жұмысымен танысу үшін біз де бір сәт қаламымызды қаруға алмастырып, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы, ҰҚК Жамбыл облысы бойынша шекара қызметі департаменті мен «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен шаһар төріндегі «Астана» көпсалалы колледжінің бір топ студенттерімен бірге Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне қарасты «Бесағаш» шекара бөлімшесіне барып, сарбаздардың жай-күйімен танысып қайтқан едік.
Сапарымыз ең әуелі Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің департаментінде мемлекеттік грантты жеңіп алған бірқатар запастағы мерзімді әскери қызметшілерге сертификаттар табыстау сәтіне куә болудан басталды. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары әскерге барудан жалтаратын жастар көп. Себебі түсінікті де. Кейінгі уақытта әскери бөлімдерде орын алып жатқан жағымсыз жағдайлардан кейін ата-аналардың өзі баласының сарбаз атануына қарсы. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін Қорғаныс министрлігі азаматтардың мерзімді әскери қызметін өтеуге ынтасын арттыру мақсатында жаңа жобаны қолға алып отыр. Ол мерзімді әскери қызметін мінсіз өткерген сарбаздарға Ұлттық бірыңғай тестілеуді есепке алмай, әскери борышын өтеген соң, күнтізбелік жыл ішінде жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді. Бұл оң бастаманы еліміздегі 40 жоғары оқу орны қолдапты.
Басқосуда алғашқы болып сөз алған Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы, подполковник Бекислам Абуев елімізде әскери қызметтің беделін арттыру бағытында жаңа жобалар сәтті жүзеге асып жатқанын тілге тиек етті. Ол өз сөзінде бүгінгі күні жүздеген шекарашы сарбаздар республикадағы іргелі жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болғанын жеткізді.
Салтанатты шарадан соң, шекарашылар-дың музейіне экскурсия жасап, әрі қарай «Бесағаш» шекара бөлімшесіне ат басын бұрдық.
Аталған застава 2000 жылы құрылған. Жалпы аумағы 38 шақырымды алып жатқан бөлімшедегі жауынгерлер көршілес Қырғыз елімен арадағы қарым-қатынастың қауіпсіздігін қадағалайды. Негізінен, ауыл шаруашылығымен айналысатын аймақ болғандықтан, мұнда екі ел арасында мал айдап өту жиі кездесетіндіктен және ауылдағы жұмыссыздық салдарынан заңсыз тауар алып өту орын алатындықтан, «Бесағаш» ең күрделі шекара бөлімшесі саналады.
Застава іші мұнтаздай таза. Қызметке қажеттінің бәрі сақадай сай тұр. Аулада спорт зал, автотехника, жатақхана, қызметтік иттер мен жылқыларды жаттықтыратын алаң да бар.
– Көршілес мемлекеттердің арасындағы тәртіпті сақтауға, заңсыз әрекеттерге жол бермеуге жауапты болғандықтан, шекара қызметі аса жауапты. Мұндағы ешбір әрекет бақылаудан тыс қалмайды. Сондықтан шекара аумағы мен застава жүзден аса қазіргі заманауи күмбезді камерамен қамтамасыз етілген. Мұндағы қызметтің жүйелі жүргізілуі бағаланып, өткен жылдың қорытындысымен «Бесағаш» үздік шекара заставасы деп танылды. Осындағы қырағы жауынгерлер мен сарбаздар өз міндетін адал атқарғанының нәтижесінде жат пиғылдылар дер кезінде құрықталды. Шекара аумағын күзетуде әскерилер жылқы мен иісшіл иттердің көмегін пайдаланады. Сонымен қатар Ресейден соңғы үлгідегі «Гоби-212Е» сигнализациялық кешен әкелінді. Ол шекара бұзушыны алдын ала анықтауға бағытталған. Яғни шекара шебіне жақын маңайдағы барлық адамдар мен жануарларды алыстан анықтайды. Қазір заманауи технологиялық құрылғылар заң бұзу әрекеттерінің алдын алуға үлкен септігін тигізіп отыр, – дейді «Бесағаш» шекара заставасының бастығы, капитан Ерболат Аталыков.
Оның айтуынша, заставаның негізгі әкімшілік ғимаратында басшылықтың кабинеттері, шекарашылардың дайындығын арттыру мақсатында сабақ өтетін сыныптар, олардың жатын орындары, демалыс бөлмесі, жуынатын бөлме, кезекшілердің орны, асхана секілді маңызды нысандар орналасқан. Сарбаздарға 3 мезгіл тамақ қарастырылған. Ал нарядқа шығатын жауынгерлер мен 2 сағаттан артық жұмыс істеген сарбаздар үшін қосымша ас әзірленеді. Осы тұста әскерилерге дайындалатын тағамдардың барлығы құнарлы, нәрлі екенін айта кеткен жөн. Олардың мәзірі арнайы мамандардың қатысуымен дайындалған. Сондай-ақ оларға барлық дәрумендер болуы үшін жеміс-жидек, көкөністер мен сүт өнімдері, тәтті тағамдар да беріледі екен.
Ашық есік күні аясында өткен шарада «Астана» көпсалалы колледжінің студенттері болашақ әскердегі бір күндік өмірді сезініп, әскери бөлімшенің тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алды. Студенттерге әуелі «Бесағаш» застава бастығының орынбасары, аға лейтенант Мирас Камон қысқаша ақпарат беріп, біздің елдің мемлекеттік шекарасы Қырғыз Республикасының шекарасымен шектесетінін жеткізді. Оның айтуынша, әскерилер бекітілген жоспар аясында қызмет етіп, түрлі заң бұзушылықтардың алдын алуға күш салады.
Ел шебін күзету үзіліссіз жүргі-зілетіндіктен, жауынгерлер белгілі бір ауысыммен қызмет етеді. Дегенмен қапияда қауіп төнсе, күзеттегі қызметке көмекке жету үшін барлығы тік тұруға дайын болуы керек. Сондықтан шекара қызметкерлері осы бөлімшедегі тұрғын үйлерге қоныстанған. Жауынгерлермен қатар мұнда көктемгі және күзгі шақырылымда әскер қатарына қабылданған жас сарбаздар да қызмет етеді.
– Біз мұнда шымырлыққа, шапшаңдыққа машықтанып, тактикалық және физикалық шеберлікті шыңдаудамыз. Шекара шебіндегі қызмет Отанымыздың берік қалқаны екенімізді сезіндіреді. Бізге еліміз асқан биік сенім артқанын бір сәт те естен шығармаймыз. Ізімнен еріп келе жатқан інілеріме «Әскерге баруға асығыңдар» дер едім. Себебі мұнда өмірдің ешбір сынағында сынбайтындай нағыз азаматтыққа, ерлікке, туған елің, жерің үшін аянбай еңбек етуге тәрбиелейді. Әрбір ер азамат осындай тәлімді алуы керек деп ойлаймын, – дейді жас сарбаз Рустам Амантаев.
Бір күндік әскери өмірімізді аяқтап, темір тұлпардың тұмсығын шаһарға бұрдық. Қайырылып артымызға қарағанымызда, шекараны қорғау үшін желдің өтінде жігіттер жүр. Кірпік қақпайды. Көз ілмейді. Әрбір бұтаның қалқасын, таудың аңғарын, өзеннің сағасын, жолдың бұлтарысын, сайдың қалтарысын назарда ұстап тұр. Қылт еткенді қалт жібермейді. Жылт еткенді жіті бақылайды. Олардың мойнында зіл батпан жауапкершілік бар. Өйткені олар біздің тыныштығымызды күзетіп, тәуелсіз мемлекеттің шекарасын қорғау деген қасиетті міндетті арқалап жүр.

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Comments (0)
Add Comment