Шебердің қолы ортақ

Тараздағы «Төрткүл» кешенінде өткен «Көне Тараз шеберлері» атты халықаралық ұзақ мерзімді жобаның ашылу салтанаты 2000 жылдық тарихы бар өңірдің киесін арттырып, құндылығын айшықтай түсті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген А.Рысмахан

Киіз туырлықты, алты қанат ақ орда қарға тамырлы қазақтың бар болмысын асқақтатып-ақ тастайды. Алтыбақан алаңында күлкісі бұлақ суындай сыңғыр қағып, қос етек көйлегі жер сүйген бұрымдылар мен жауырыны қақпақтай бозбалалар көңіліңе көктем қоныс тепкендей шаттандырып жібереді-ақ. Одан әрі асығы алшысынан түсіп, шадыман күй кешкен бүлдіршіндер аласұрып асық ойнап жүрсе, одан әрірек алаңқайда шолпысы тұла бойына өң беріп, сән-салтанаты жараса кеткен шашбаулылар шекемтастың қызығына батып мәре-сәре. Ал ақ маңдайы жарқырап, қолына қыран құсын қондырған жігіттердің де жанарында нұр ойнап, арманы асқақ екенін қыран тектес болмысы танытып тұр. Олар Жамбыл ауданындағы атақты құсбегі Бауыржан Ешметовтің немерелері Тұрнияз, Шернияз Ешметовтер еді. Қыранын баулыған қырағы ұлдарға қызыға қарап, айналшықтап жүрген жеткіншек Тараздың тумасы екен. Өрісі кең, өнегесі мол ауылдық өлкеге барып көрмеген ұлдың қызығушылығы көзінде тұр.

– Бүгін мен өзімнің текті ұрпақтың ұланы екенімді жан-тәніммен сезіндім. Осындай көрініс менің көңіліме ой салып тұр. Әсіресе, қыран құсты көріп, менің де құсбегілікке аңсарым ауды. Бұрын суреттен ғана көрген құсты бүгін қолыммен де ұстап көріп, жүрегім атқақтап кетті. Біздің бабаларымыздың саятшылық, аңшылық жолын бізге берсін, – дейді томағасы сыпырылған қыранға қызыға қараған қалалық бала Жасұлан.

Аса ауылындағы Айгүл Разақова басқаратын «Айналайын» қоғамдық бірлестігі де бірнеше киіз үй тігіп, өзінің ұлттық қолөнер бұйымдарын осында жайнатып қойыпты. Түркістан облысы, Түркістан қаласынан келген қолөнер шебері Бибіхан Мұсабекова киіз үйдің ұлттық нұсқасын, түйе, жылқы бейнелерін көпшіліктің назарына ұсыныпты.

Бұл халықаралық жобаны облыс әкімдігінің туризм басқармасы ұйымдастырып отыр. Шарада облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сансызбай Жорабеков сөз сөйлеп ашып, қазақтың құндылығы, қадір-қасиеті, киесі мен өнегесі туралы кеңінен толғап, қазақ даласына деген шынайы махаббатын тебірене жеткізді. Мұнан соң сөйлеген облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова Төрткүлдің тынысы қазақы құндылықпен ашылатынын айта келіп, өзге облыстардан және шет мемлекеттерден келген қонақтарға алғысын білдірді.

Германиядағы «WIEGA» халықаралық қауымдастық директорының орынбасары Карин Папе, Болгария елінің өкілі Виоета Златева да өз кезегінде сөз сөйлеп, қазақтың қастерлі құндылықтарына, Тараз шаһары туризмнің мәйегі екеніне, Жамбыл жерімен достық, туристік байланысты дамытуға ынталы екеніне тоқталып өтті. Соңыра Қазақстан қолөнер шеберлері одағының өкілі Айгүл Жансерікова, «Рысбаева және К» компаниясының директоры Сәуле Рысбаева, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының атынан Қуаныш Дәуренбеков сөз сөйлеп, алғыстарын білдірді.

Сондай-ақ кеш барысында Жамбыл ауданындағы М.Төлебаев атындағы өнер мектебінің «Илигай» қобызшылар ансамблі, «Көкіл» домбырашылар ансамблі, Тараздағы «Асыл арман» қоғамдық бірлестігінің бишілер тобы және әншісі Балауса Оралбаева өнер көрсетті.

Бұл жоба алдағы уақытта да жалғасын тауып, әр сенбі сайын «Төрткүл» кешені қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдың қасиетін арттырып, алтыбақаны самал желмен тербеліп, қыз-жігіттері дархан даласының төсінде ақсүйек ойнаған қазақы ауылдың көңіл көкжиегін асқақтатып, қазақ салған соқпақтың бөлек екенін айқындап тұрмақ.

Comments (0)
Add Comment