Үшбұлақта серуендейтін күн жақын

Тараз қаласының көрікті келбеті көрген жанды тамсандырмай қоймайды. Сан алуан талдар, саябақ, абаттандырылған аула, күндізгідей жарық көшелер мен әсем ғимараттар көздің жауын алады. Күннен-күнге жасанып келе жатқан «Үшбұлақ» арнасының жағалауы да ел игілігіне берілетін күн алыс емес.

Мұнда қазір көлдің балдырлары тазаланып, жағалаулары қоқыстан арылып, жөн-жосықсыз өскен тал-дарақтары кесіліп, жолдары жаңартылып, қыруар жұмыс атқарылғаны көрініп тұр. Жағалау бойынан тротуар салынып, көлден Қонаев көшесіне дейінгі жол асфальтталып, жаяу жүргіншілерге жағдай жасалуда. Екі араны жалғап тұрған аспалы көпір де түрленіп келеді.
– Үшбұлақта тас брусчаткалар төселіп, балдырдан тазартылып, көл ортасында алаң орнатылып, түрлі жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда 100 адам мен 15 техника күші жұмысқа тартылған. Жоспар бойынша осы айдың соңына дейін жөндеу жұмыстарын аяқтап, Тәуелсіздік мерекесіне тарту жасасақ деп отырмыз, – дейді «Әулие-Ата 2» ЖШС-нің директоры Руслан Әлімбеков.
Шаһар шырайын кіргізген жағалау жиегі жаңаша жаңғырып, ел игілігіне ұсынылған соң, халықтың сейіл құрып, серуендейтін саялы орнына айналатыны сөзсіз. Ендеше, жағалау жағасында жолыққанша, ағайын!

Құралай Ізетбаева

Comments (0)
Add Comment