Шаттық ұялаған шаңырақ

Бала – баға жетпес бақыт. «Бөтен бала болмайды» деген қағиданы еске алсақ, расымен, көше, мектеп, мейлі автобустағы бейтаныс бүлдіршіннің тәтті қылығының өзі ең қатал деген адамның өзінің жүрегін жібітіп, баурап, сүйсіндіріп жіберері анық.

Олардың бейкүнә болмысы тазалықтың бастауы болса, күміс күлкісі адам жанын шаттыққа бөлейді. Қандай бала болмасын маңдайынан сипап, мейірім танытсаң, кез келген адамға құшағын ашып, еш себепсіз, бар шынайы болмысымен жақсы көре алатын ерекше қасиетке ие.
«Жетім көрсең, жебей жүр» деген аталы сөз бар. Әр бала жүрек жылуына, ыстық ықылас, үлкеннің «айналайынына» зәру. Жетім баланың маңдайынан сипап, арқасынан қаққанның өзіне ерекше әсерге бөленесің. Ал мұндай бүлдіршіндерге көңіл бөліп қана емес, ас-ауқатын дайындап, төрден орын сайлап, өз перзентіңнен кем етпей тәлім-тәрбие беру – бұл ешқандай талдау жасап, міндет-мақсат артуға келмейтін, Алла мен адамның алдындағы сауапты һәм үлгілі іс.
Осындай сауапты істі қолға алып, жетімдер үйінен 4 грек және 2 неміс ұлтының балаларын бауырына басқан «Жанашыр жан» қоғамдық қорының директоры, республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің облыс пен Тараз қаласы бойынша өкілі Марат Оспановтың отбасымен кездесуге ниеттендік.
Тілшілер қоңырау шалған сәт: «Менің жұбайым оныншы ұлды дүниеге алып келді. Біз перзентханадамыз», – деген әкенің қуанған үнін естіп, перзентханаға асықтық.
Өмірге жаңа келген нәрестесін көруге асық жандардан құралған қара нөпірдің арасында, қолдарына құшақ-құшақ гүл мен ойыншық жүрекшелерін ұстап, бөбектерін бауырына басуға асық бір топ баланың Оспановтар әулетінен екенін дөп басып таныдық. Күннен көздерін көлегейлеп, өткен-кеткенге тағатсыздана қарап тұрған балалардың алды 15-16-ға аяқ басқан жеткіншек. Соңы кеше ғана дүние есігін ашты. Бәрінің көзі перзентхананың есігінде. Бұлар аналары мен кішкентай бауырларын күтіп тұрған Наталья, Анастас, Альбина, Фёдор, София, Роман, Ясина, Салих, Фатих.
Жақын барып, бөпелерінің атын сұрадым. «Захид», – деді балалардың көзі бал-бұл жанып. Бұл есім «Аллаға ең жақын құл» деген мағынаны береді екен. Сол сәт үлкен есік ашылып, салтанатты һәм шуақты шақты бөлісуге шақырған медбикенің: «Ішке кіріп, бөпелеріңізді алып кетуге рұқсат», – деген мейірімді үні естілді.
Салтанатты сәтті бөлісуге жапа-тармағай ішке ендік. Кең бөлмеде балалардың анасы Жайна ешкімге қарамастан бүлдіршіндерін кезек-кезек құшағына алып, сүйіп жатты. Жер бетіне мейірім тұнып қалғандай тыныштық орнады. Көз алдымызда тек ана мен балалардың сағынысқан ыстық құшақтары мен шат-шадыман бейнелері тұнып қалды…
Бұл Марат Балпықұлының үлкен отбасы. Ол қайырымды-лық істерге атсалысып жүріп, ата-анасының қадағалауынсыз қалған балаларды бауырына басуды арман етті. Алайда үйі жоқтың күйі жоқ екені белгілі. Сөйтіп, ертерек үйлі болуға асыққаны бар. Отанасы ұстаз, теолог Жайна Сапарбекқызы отағасының бұл ұсынысын қолдай кетті. Сөйтіп, ерлі-зайыпты алдымен баспана мәселесін шешіп, содан соң осындай өздері арман еткен кіші мемлекетін құрап алды.
Мұндай қадам кім-кімге де оңай тимесі анық. Заң жүзінде Жетімдер үйінен бала асырап алу барысында психологиялық тұрғыдан болсын, бала мен ата-ана жан-жақты үйлесім табуы шарт. Яғни бір-бірін зерттеу процесі жүреді. Сондықтан алғашқы уақытта ата-ана мен балалар бір-біріне үйренісу мақсатында жеткіншектер Оспановтардың отбасына да тек қонақ болып қана келіп, қайта балалар үйіне кететін.
Осы жағдайда балалардың жеке шекарасына өтіп, ішкі сезімдеріне рұқсатсыз қол сұғып, жанын ауыртпауды ойлаған Марат мырза танысуға келген балаларына: «Бізді «аға, әпке» деп атасаңдар болады, өз еріктерің, сендер әзірге қонақсыңдар. Уақыт өте келе бір-бірімізге бауыр басқан соң, қалай ұнайды, солай атарсыңдар», – деп ашық айтқан еді. Мұны естіген Федя сәлден соң: «Біз әзірге қонақпыз, білем, «аға, әпке» деп атай берсеңдер болады» деп жатыр ғой. Бірақ мен сіздерді осы бастан «анашым, әкешім» деп атаймын», – деп анасының аяғын құшақтай алған екен. Ата-ана аңсаған баланың шынайы сезімінен туындаған ыстық ықылас сол сәт Марат пен Жайнаның жүрегін нұрға бөлеп, бүлдіршіндерге көрсетпей, оңашада жылап алып, алдағы уақытта қиындықта қайыспай, мықты әрі мәңгі балалармен бірге болуға жасаған алғашқы қадамы еді. Сол Федя бірде спорттық жарыстан алған Мақтау қағазына «Федя Маратұлы» деп жаздырып келіп, бар болмысымен осы отбасының тұңғыш ұлы екенін дәлелдепті.
Туған әке-шешесіз бала жоқ екені анық. Бұл балғындардың да ата-аналары болған. Бірақ өмірдің ағысымен әр арнаға бет бұрып кеткен. Ата-аналық құқығынан айырылған. Осы орайда көпбалалы әкеге: «Туған әке-шешелері іздеп келе ме? Ондай жағдайда өзіңіз қанатын қатайтып, бағып-қаққандықтан, қандай күйде боласыз?», – деген сауал жолдадық.
– Ерлі-зайыптылар мұндай істі әбден иін қандырып барып бастауы керек. Істің басы – ниет. Біз балаларды алу барысында барлық сынақтан өтіп, дайын болғанбыз. Ең алдымен Алланың разылығы мен балалардың бақыты үшін осы ниетімізді іске асырдық. Мен алған балалар екі отбасынан. Яғни олар туған бауырлар. Бір отбасының балаларын бірде әкелері іздеп келген. Мен жеке-жеке сөйлесіп: «Әкелерің келіп тұр. Кездескісі келеді», – дедім. Сонда бірі әкесінің күрекпен қуып жүріп ұрғанын, енді бірі басқа да келеңсіздіктерді есіне түсіре бастады. Бала жүректерімен әкелеріне деген өкпе-реніштерін ұмыта алмай, жанарлары жасаурап, туған әкелерімен кездесуден бас тартты. Сөйтіп, әкелерінен кешірім сұрап, күндердің күнінде балалардың өкпесі жазылар деген ниетпен нөмір алмасып, шығарып салдық. Бүгінде шаңырағымыз, міне, оныншы ұлмен толығып отыр. Алла қуанышымызды көп көрмесін, – деді көпбалалы әке.
Жаман болса, жақыныңның жатқа айналатынының дәлелі – осы балалардың туған әкесімен кездесуден бас тартып, баққан әкесімен қалуында. Алда әлі талай асу бар. Игі іс, мақсат күтіп тұр. Арманның арғымағын ерттеп мініп, осы отбасының талайды тамсандырып, болашаққа бірге аттанатынына күмәнім жоқ.
Жолдарың ашық болсын, Оспановтар әулеті!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ 

Comments (0)
Add Comment