Шаттық сыйла, шырша!

«Баласағұн» мәдениет үйінде «Жарқыра, Қазақстан! Жарқыра, туған жер!» атты Қазақстан Республикасы Президентінің шыршасы өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Ю.Ким

Әр бүлдіршіннің болашаққа деген қадамын нықтап, көңілін көтеруге мүмкіндік жасаған Президент шыршасына ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларынан шыққан 9-13 жас аралығындағы 200 бала қатысты. Жаңа жылдық шыршаға жергілікті бюджет есебінен 23 млн. 225 мың 200 теңге қаражат бөлінген.
Сән салтанаты жарасқан шырша кеші «Жаңа жыл» әні мен, ролик тепкен көңілді сайқымазақтар биімен ашылды. Сондай-ақ, балалар 2018 жылдың егесі болған ақылды төбетті шығарып салып, доңыз жылын қарсы алды. Көктен төгілген ұлпа қардай үлбіреген нәзік бишілер «Ақша қар» кейпін салса, жыл мезгілдерінен көрініс тапқан қызыл-жасыл гүлдер мен кішкентай шыршалар да осы ортадан табылды.
Шыршаны шыр айналып, ән айтып, би билеген балғындар жаңа жылдық кейіпкерлермен бірге ертегі еліне саяхат жасағандай мәз мейрам күй кешті. Думанды кеште әнші, биші балғындармен қатар, орман патшасы, сайқымазақтар, роботтар кештің ең құрметтілері Аяз ата мен Ақшақар болды. Ал осы қызықты кеште Аяз атамен балаларды жүздестіруге кедергі келтіруші Мақтаншақ пен Қызғаншақ, Дию мен өрмекшілерді ынтымақ пен бірлікке шақырған қазақ батырлары қошеметке бөленді. Шыршада, әсіресе, роботтар белсенділік танытты. Олар кешіккен Аяз атаны тауып, жер-жаһандағы жаңалықтан хабардар етіп, барлық кедергіге қасқайып қарсы тұрып, сөнген шырақты қайта жағып, кештің қызықты өтуіне атсалысты.
Көңілді думанның көрігі қызған шақта балалар көгілдір экран арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын тыңдады. Балғындарға Мемлекет басшысының атынан облыс әкімі Асқар Мырзахметов қысқы күртеше, планшет, тәттілер таратып, сый-сияпат жасады.
Шыршаның салтанатты кешіне Қаратау қаласындағы балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатынан 13 жасар Азамат Таңатар қатысты. Ол шыршаға қатысу үшін сайқымазақ киімін таңдапты.
– Шыршадағы ойыншықтар сондай әдемі. Елбасының құттықтауын естідік. Өткен жылды жақсы көңіл-күймен шығарып салып, жаңа жылды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алайық. Маған думанды кешке қатысқан көңілді балалар, олардың салған әні мен билері қатты ұнады. Жер бетіндегі барлық балғындардың бақытты болуына, және де бейбіт күннің астында, ұзақ та бақытты ғұмыр кешуіне тілектеспін. Ал біздей балғындардың басты міндеті сабақты жақсы оқып, болашағымыздың баянды болуына, Қазақстанның гүлденуіне өз үлесімізді қосу, – деді Азамат. Осы мерекелік шараға «Мейірім» мектеп интернатының тәрбиеленушісі 12 жасар Ердәулет Әбдіманаптың анасы Ақмаржан Аликулова да қатысып, шырша кешінен алған әсерімен бөлісті.
– Жаңа жыл мерекесін еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін ұнататыны сөзсіз. Біз Президент шыршасында алғаш рет болдық. Ұйымдастырушылар мен «Мейірім» мектеп-интернатына да алғысымды жеткізгім келеді. Осы кешке қатысқан барлық балаға осы шырша кеші қатты ұнады деп ойлаймын. Бәрі тамаша өтті, – деді Ақмаржан апай.

Comments (0)
Add Comment