Кез келген мемлекеттің ауыл шаруашылығы өзара бір-бірімен тығыз байланысты екі саладан, яғни өсімдік және мал шаруашылығынан құралады. Аймағымызда әлеуетке ие өңір ретінде экономиканың барлық салалары жыл сайын тұрақты өсім көрсетіп келеді.
Мәселен, биыл Жамбылда 756 мың гектардан астам жерге егін егіліп, агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында салаға 31,2 миллиард теңге бөлінген. Бүгінгі күні бұл қаржының 11 миллиарды 6 714 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидия ретінде беріліп, игерілген. Сондай-ақ биыл 756,2 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары отырғызылып, өткен жылмен салыстырғанда 5,3 мың гектарға артқан. Осыған орай егіс алқаптарын арзандатылған минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету бағдарламасы аясында бюджеттен 3 миллиард 21 миллион теңге бөлінсе, бүгінгі күні оның 691 миллион теңгесі игеріліп, қазіргі уақытта алынуы қажет 52,4 мың тонна минералды тыңайтқыштың 32,1 мың тоннасы алынып, 214,2 мың гектар алқапқа ендірілген. Ал тұқым шаруашылығын дамытуды қолдау бағдарламасы бойынша 857,0 миллион теңге қаржы бөлінсе, оның 91,8 миллион теңгесі игеріліп, 106 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидия ретінде мемлекеттік қолдау көрсетіліпті. Басым дақылдар өндiрудi субсидиялау бағдарламасы бойынша 2022 жылдың өнімі үшін егілген қант қызылшасы дақылының өніміне 2,1 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Субсидиялау қант қызылшасын жинау науқанына байланысты қазан-желтоқсан айларында игерілетін болады.
Жалпы биылғы жоспар бойынша 1,7 миллион тонна пішен, 63,0 мың тонна пішендеме, 478,6 мың тонна сабан, 60,0 мың тонна сүрлем дайындау межеленген болатын. Бүгінгі күні өңірде 311,9 мың гектар шөп орылса, оның ішінде 93,5 мың гектар табиғи шабындық, 192,4 мың гектар көпжылдық және 26,1 мың гектар бір жылдық шөп орылған. Қазіргі уақытта көпжылдық шөптің 2 орымы қызу жүріп жатқан көрінеді. Бүгінгі күні 55,5 мың гектар көпжылдық шөп шабылған. Өңір бойынша 63,0 мың тонна пішендеме дайындалып, жоспар толық орындалса, 248,4 мың тонна сабан әзірленіп, бұл жұмыстар Мойынқұм және Т.Рысқұлов аудандарында аяқталған. Бұдан бөлек, 1,4 миллион тонна пішен жиналып, бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасуда екен.
Сонымен қатар соңғы 5 жылда өңірде пияз алқабы 8 мың гектарға ұлғайған. Өңірде 18 мың шаруашылық болса, оның мыңнан астамы пияз егеді. Сұраныс бар кезде осы кәсіппен айналысқысы келетіндер де азаймайды. Ел тұрғындары жылына 350-400 мың тонна пияз тұтынады, әрі кетсе 350 мың-400 мың тоннадай пияз керек болады. Қалған өнімдер экспортқа кетеді. Еліміздегі пияздың 75 пайызы біздің аймақта өсіріліп, облысымыздың брендіне айналып отырғанын айта кетуіміз керек. Бүгінде Әулиеатаның пиязы әлемге танылып, Ресей, Иран, Польша, Ауғанстанға экспортталуда. Биыл 25,0 мың гектарға пияз дақылы егілген. Аудандарға келсек, Шу ауданында – 13,3 мың гектарға, Жамбылда – 5,5 мың гектарға, Қордайда – 3,7 мың гектар және Байзақта 1,9 мың гектарға пияз отырғызылған. Сондай-ақ пияз дақылының 1,6 мың гектары жиналып, одан 42 769 тонна өнім алынса, әр гектардан түскен орташа өнім гектарына 258,6 центнерді құрауда.
Өңірде ет пен сүт өндірісі де қарқын алуда. Айталық, етті тереңдете өңдейтін жылдық қуаттылығы 35,9 мың тоннаны құрайтын 43 кәсіпорын жұмыс істесе, жылдық қуаттылығы 79,5 мың тоннаны құрайтын 24 сүт өңдеуші кәсіпорын бар. Ағымдағы жылдың 6 айында аймақта өндірілген 59,6 мың тонна еттің бүгінгі күні 7,7 мың тоннасы қайта өңделіп, кәсіпорындардың жүктелімі 22,0 пайызды құрап, 3,5 мың тонна шұжық өндірілді. Сол сияқты 159,1 мың тонна сүттің 21,7 мың тоннасы қайта өңделіп, кәсіпорындардың жүктелімі 57 пайызды құраған. Жалпы өңірде 554 тонна сары май, 321 тонна құрғақ сүт, 1214 тонна қатты ірімшік және 1442 тонна өзге де сүт өнімдері өндірілген. Айта кету керек, өңдеуші кәсіпорындар сүтті ауыл шаруашылығы кооперативтерінен сатып алады. Ал сүт өткізген кооперативтерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Мәселен, жыл басынан бері 37 ауыл шаруашылығы кооперативтеріне өткізген 30,3 мың тонна сүт өнімі үшін 607,7 миллион теңге субсидия төленген.
Жоғарыдағы мәліметтер диқандардың шаруасы шалқып тұрғанын айғақтайды. Экономиканың негізгі тірегі ауыл шаруашылығы екенін ескерсек, бұл жұмыстар өңірдің әлеуетінің артуына да зор серпін берері сөзсіз.
Жұматай Көксубайұлы