Шаруалардың барлық шығыны өтеледі

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бұқаралық ақпарат құралдарында таралған ақпаратқа қатысты түсініктеме бере отырып, өңірдің Қырғыз Республикасы тарапынан берілетін суармалы судың барлық лимитін пайдалануы туралы тоқталып өтті.

– 23 маусымда қол қойылған су беру кестесіне сәйкес, біз өз лимитімізді алдық. Біз бұған мақсатты түрде бардық.
Біріншіден, су болатынына сенімді болғанымызды жоғарыда айттық. Оның үстіне биыл Қырғыз Алатауында мұздақтардан «шілде тасу» болмады. Жылда бұл уақытта жоғарыдан Киров су қоймасына 15-18 текше метр су түсіп жатса, биыл бар-жоғы 1-1,5 текше метр су келуде. Екіншіден, осыған сүйене отырып, егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын мүмкіндігінше сақтап қалу керек болды. Сол үшін сумен барынша қамтамасыз еттік. Үшіншіден, біздің есептеулерімізге сәйкес, Киров су қоймасындағы су қорынан 45,0 текше м/с берілгенде, 5 тамызға дейін су жететін болды. Бұл өз кезегінде шаруа қожалықтарының шығынын барынша азайтуға мүмкіндік берді. Өйткені 5 тамыздан кейін көкөніс-жеміс және бақша дақылдарын жинау науқаны басталды. Төртіншіден, жүгері мен қант қызылшасынан қалған дақылдарды суармалы сумен қамтамасыз ету үшін біз Қырғыз Республикасының аумағында дренаждық арналарды тазарту шаралары қабылданды. Бұдан бүгінгі күнге 6-8 текше метр су алынуда.
Егер сыртқы температура 40 градустан жоғары болған маусым-шілде айларында суды үнемдей бастаған болсақ, егістік жерлердің 50,0 пайызына дейін шығын болар еді, – деді Қанатбек Мәдібек.
Спикердің айтуынша, бұл жағдайда қабылданған шешімдер дақылдарды іс жүзінде сақтауға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда шығын егіс алқаптарының 10-15 пайызын құрады.
– Айта кету керек, шығындан-ған дақылдардың негізгі үлесі Қордай ауданына тиесілі, онда вегетациялық кезеңнің басынан су жеткізу біздің өтінімнен 50,0 пайызға төмен берілді.
Жалпы облыс бойынша суармалы судың жетіспеушілігі мен температураның қалыптан жоғары болуына байланысты дақылдардың шығыны 2022 жылмен салыстырғанда 25-30 пайызға төмен болады деп күтілуде.
Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, шілде айының ортасында ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен кеңесте біз өңірлік төтенше жағдай жариялау туралы мәселе көтердік. Үкімет басшысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.
Топ құрамына ҚР Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Төтенше жағдайлар министрліктерінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің, «Қазсушар» Жамбыл облыстық филиалының және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кірді.
Жұмыс тобы егіс алқаптарын аралап, жергілікті жерлердегі жағдаймен танысты. Шаруа қожалықтарымен кездесулер өткізді.
– Нәтижесінде Үкіметке өңірлік сипаттағы төтенше жағдай жариялау және шаруа қожалықтарының шығындарын өтеуге қаржы бөлу туралы ұсыныс енгізілді.
Бүгінгі таңда облыстың алты ауданында (Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Талас, Байзақ және Жамбыл) шығынды анықтау бойынша жұмыс топтары құрылды. Шаруа қожалықтарына келтірілген шығын көлемі жақын күндері түпкілікті айқындалатын болады, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Сөзінің соңында Қанатбек Мәдібек су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу мақсатында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне ағымдағы жылы «Еуропалық қайта құру және даму банкі» және «Дүниежүзілік қайта құру және даму банкі» желісі бойынша жобаларды іске асыруды аяқтау, 2023 жылы 3 су жаңа қойма салуға жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуді аяқтау және 2024 жылы құрылысын бастау, Тасөткел су қоймасын реконструкциялауды аяқтау туралы ұсыныстар енгізілгенін хабарлады.
Бұл іс-шаралар болашақта қосымша 220 миллион текше метр су жинауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ «Жасөркен» гидрологиялық бекетін қалпына келтіру жұмыстарын бастау және аяқтау өз кезегінде Талас өзені арқылы келетін су көлемін бақылауға оң ықпал етеді.

Нұрперзент Туғанбай

Comments (0)
Add Comment