Шарболаттай шыңдаған ширек ғасыр

Саятхан Сатылғанов,
бас редактор

Бүгінде ақпарат айдынында билік пен бұқара арасында алтын көпір болып жүрген бұқаралық ақпарат құралдары аз емес. «Jambyl-Taraz» газеті де баспасөз саласында өзіндік орнын айқындап, 1996 жылдың 16 ақпанынан бастап өңірдің қоғамдық-саяси, мәдени-тарихи дүниелерін танытып һәм әлеуметтік мәселелерін көтеріп келеді. Мұқым елдің мұңын мұңдап, бұқараның үнін үндеген үнпарақ биыл, міне, 27 жылдық белесіне жетіп отыр.

Ел егемендігінен кейін еңсесін тіктеп, болашаққа нық қадам басқан басылымға ең алғаш сол кездегі Тараз қаласының әкімі Болат Жылқышиев қолдау көрсеткен. Ал газеттің тұңғыш бас редакторы болып Дархан Байтуов тағайындалады. Алғашқыда демеушілердің демеуімен жарық көрген қаланың үнпарағы 3 мың оқырманнан бастап, 22 мың оқырманға дейін тарай бастайды. Дархан Байтуовтан кейін газетті әр жылдары Ирина Маликова, Көкен Оршабеков, Эльмира Мырза-Ғали сынды азаматтар басқарып, өзіндік қолтаңбасын қалдырған. «Jambyl-Taraz» газетінің тізгінін бірнеше жыл ұстаған марқұм, жазушы Болат Бекжанов ағамыздың да еңбегі ел есінде. Ал газетті ең ұзақ жыл басқарған Эльмира Иниятқызы үнпарақтың өрістеуіне өлшеусіз үлес қосқаны даусыз.
2021 жылы газеттің тізгінін белгілі журналист Дәулет Төленді қолына алды. Талай жыл өңірлік басылымдарды басқарып, журналистика саласында ысылған азамат үнпарақтың өрісін қалалық деңгейден облыстық деңгейге көтеріп, көкжиегін кеңейте түсті. Газеттің тынысын түрлі айдарлармен жандандырып, таралымы бойынша алдыңғы қатарға шығарды. Осылайша бір кездері қалалық шеңбермен шектелген газет облыстық басылымдармен үзеңгілесті.

Ширек ғасырдан астам уақыт шаһар өмірінің айнасына айналған басылымда сақа журналистер Жамбылбек Шоқыбас, Болат Жапаров, Людмила Мельник, Сәуле Сейдахметова, Василий Мазур, Еділ Әлиев, Сапарғали Әлібай, фототілші Виктор Барбаштан бастап, кейінгі буын, бүгінде өңір ғана емес, елімізге танымал Ерман Әбдиев, Бекнұр Сатыбалдиев, Хамит Есаман, Жанат Қапалбаева, Өркен Кенжебек, Индира Байқонысова, Жасұлан Сейілхан, Нұржан Қадірәлі, фототілші Ағаділ Рысмахан, Маржан Сатыбалдықызы, Сәндібек Піренов, Құралай Сейсенбекқызы, Наурызбек Сарша, Шынболат Сейдуалиев, Арайлы Жақсылық сынды тілшілер де аянбай тер төкті. Бір сөзбен айтқанда, «Jambyl-Taraz» газеті ширек ғасыр бедерінде талантты тілшілерді түлетіп, жас журналистердің ұстаханасына айналды.
Бүгінде басылым өз биігінен түспей, оқырманды тың жобаларымен қуантуда. «Шындықтың жүзі», «Бар мен жоқ», «Ақ пен қара», «Құлып пен кілт», «Оң мен сол», «Бұзық фотоаппарат» сынды айдарлар арқылы тұрғындардың түйткілді мәселелерін көтеріп, түйінін тарқатып келеді. Бұдан бөлек, «Әлеумет», «Қоғам», «Диагноз», «Талбесік», «Дидар», «Құрақ көрпе», «Тылсым», «Тарих пен таным» атты арнаулы беттермен оқырман қауымды рухани мақалалармен сусындатып келеді. Бұдан бөлек, SММ тобы құрылып, түрлі әлеуметтік мәселелер мен жаңалықтарды көрерменге бейне үлгіде жеткізуде. Ал әлемдік, республикалық һәм өңірлік жаңалықтарды ақпараттық агенттіктеріміз тәулік бойы таратуда. Бұл да басылымның жаңашылдыққа бет бұрып, өркениет көшіне көш түзегенінің бір көрінісі.
Әрине, мұндай ауқымды бастамалар жауапкершілік жүгін еселеп, алдымызға жаңа мақсаттар мен міндетті айқындайтыны анық. Сондықтан «Jambyl-Taraz» газеті алған бағытынан таймай, жаңа жетістіктерге ұмтыла бермек!
Ендеше, 27 жылдық белес құтты болсын! Ойлы оқырманы барда, басылымның ғұмыры ұзақ болатындығына бек сенімдіміз!

Comments (0)
Add Comment