Үшаралдағы үлкен қуаныш

Талас ауданы, Үшарал ауылында салынған жаңа емдеу мекемесі ауылдықтардың пайдалануына берілді. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Талас ауданына жұмыс сапары барысында аталған дәрігерлік амбулаторияның лентасын қиды.

45 келушіге арналған емдеу орны сапалы қызмет көрсетуге арналған барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен, тиісті құрылғылармен жабдықталған.
Жаңа емдеу мекемесінің құрылыс жұмыстарын «НИК-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Барлық тиісті стандарттарға сай салынған мекеме газ, су, жарықпен қамтылған. Бір жылдың ішінде салынған нысан 1978 тіркелімі бар халыққа заманауи жаңа емдеу мекемесі ретінде пайдалануға беріліп отыр.
Президент тапсырмасына сәйкес бүгінде Жамбыл облысында медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Облыстың даму жоспары бойынша 2025 жылға дейін өңірде дәл осындай 60 нысан салу көзделген. Кезең-кезеңімен іске асатын ол жобалардың биыл жиырмасы пайдалануға берілмек.
– Облыста 367 ауылдық елді мекен болса, қазір 23 ауылда медициналық нысанның құрылысы жүруде. Сондай-ақ 9 елді мекенде 600 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары атқарылуда. Бұдан өзге медициналық мекемелердің материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға 2,5 миллиард теңге бөлінді. Мемлекет тарапынан бұл бағытта көрсетіліп жатқан қолдаулар аз емес, соған сәйкес медициналық қызметтік сапасы да жоғары болуы тиіс, – деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.
Жаңа нысанның ашылғанына қуанған ауылдықтар енді орталыққа көп сабылмайтындықтарын айтып және амбулаторияның қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілгендігін көріп, ризашылықтарын білдірді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment