Шахристан шырайлана түседі

Көне шаһардың мазмұнына мән, көркіне сән беретін жобалар жылдан-жылға қарқынды түрде көбейіп келеді. Жаңашыл жобалар легі биыл да жалғасын тауып, облыстың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында «Шахристан» тарихи кешені пайдалануға берілмек.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Әу баста тараздықтардың негізгі сауда жасайтын базары болған бұл орын бірнеше жыл қараусыз жатты. Қараусыз жатқан жерді қалпына келтіріп, тиімді мақсатта пайдалану жоспары өткен жылдың маусым айында қолға алынды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің идеясымен мұнда көркем сурет галереясы, музей, көрме, Руханият орталығы, қолөнер шеберханасы, мейрамхана, сонымен қатар амфитеатр және көлемді сағат стеласы сияқты бірнеше нысан бой көтереді. Бүгінде бұл нысандардың іргетасы қаланып, мердігер компания облыстың 80 жылдық мерейтойына үлгеру үшін құрылысты қарқынды түрде жүргізіп жатыр. Тарихи-мәдени кешеннің нобайын облыстық сәулет бюросы мамандары жасап шығарған. Әзірленген жоба бірнеше рет қала құрылысы кеңесінің талқысына түсіп, түзетулерден өткен. Облыс әкімінің мақұлдауынан кейін соңғы нұсқа бүгінгі таңда сәтті жүзеге асырылып жатыр. Шаһардың шырайын кіргізіп, сәулетін арттырар нысан жайында Жамбыл облысы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасына қарасты сәулет және ландшафт дизайны бөлімінің басшысы Қуаныш Тұрсынбаев баяндап берді.

– «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінің алғашқы нобайын жасауды қолға ала бастағанда алдымызда үлкен міндет тұрды. Көне қаланың тарихи кескінін қайта жаңғыртып, туристердің назарын аударатындай дизайн жасау шығармашылық топ үшін үлкен ізденісті талап етті. Негізгі бағыт – шығыстық стиль. Нобайды сызарда Өзбекстанның Самарқанд, Бұқара қалаларында болдық. Ғаламтордан да көптеген ғимараттардың үлгісін қарадық. Таяуда ғана басталған құрылыс жұмыстары қазір жіті бақылауымызда. Құрылысшылар тарапынан қателік болмауы тиіс, – дейді маман.

Жуырда ғана салаға жауапты мамандар облыс әкімдігінде тарихи кешеннің құрылысын талқыға салған жиынға қатысты. Аймақ басшысы оны жылдамдатып жүргізіп, күзде тойланатын торқалы тойға дер кезінде үлгеру керектігін баса тапсырған болатын. Бүгінде кешендегі жұмыстар екі ауысым бойынша жүргізіліп жатыр. Кесте бойынша мердігерлердің жұмысы ширатылып, қарқыны күшейтілмек. Жұмыстың сапалы жүруі үшін қажетті құралдар мен материалдарды уақтылы жеткізу жағы да қарастырылған.

Қалаға көрік беріп, өңірдің 80 жылдық мерейтойында шаһар тұрғындарына тамаша тарту болатын тарихи-мәдени кешеннің құрылысын өз көзімізбен көрмекке бұрынғы базар орнына арнайы бардық. Бізді мұнда аталмыш құрылыстың бас инспекторы Мақсат Нұржанов қарсы алды.

– Уақыт өте тығыз. Сол себепті екі ауысыммен жұмыс істеп жатырмыз. Барлық нысандардың іргетасы нобайға сәйкес қаланды. Сондай-ақ 40 метрлік сағат стеласының да құрылысы басталып кетті. Әлбетте, уақыт тығыз деп асығыстық танытуға болмайды. Сапаға да барынша көңіл бөлген жөн. Бұл ретте әр нысанға 20-30 адамнан, 4-5 техникадан бөлінген. Ал өлкетану мұражайын салу үшін 50 адам жұмылдырылған. Құрылыстың негізгі бөлігі қазан айында аяқталуы тиіс. Ал әрі қарай кішігірім әрлеу, абаттандыру жұмыстары өз деңгейінде атқарыла беретін болады. Нысандардың құрылысына «Өмірзақ» және «KDMC» ЖШС жауапты, – деді Мақсат Мұхамеджанұлы.

Тұрғындар үшін жағымды жаңалық, бұл аумақта аталған нысандардан бөлек, «Дос-Нар» сауда үйінен бастап «Март» сауда үйіне дейін жаяу жүргіншілерге арналған арбат көшесі салынады. Осы көшелердің бойындағы үйлердің қасбеттері шығыстық стильде әрленбек. Сонымен қатар түрлі-түсті биші субұрқақтар да жұртшылықтың көз қуанышына айналмақ.

Comments (0)
Add Comment