«Шахристан» – шаһар шырайы

«Тараз – тарихымыздың темірқазығы» десек, киелі өңірде ғасырлар толғағының ғаламат туындылары аз емес. Қарахан мен Айша бибі кесенелері мәңгілік махаббат музасын үндеп тұрса, Ақыртас, Тектұрмас, Түймекент, «Төрткөл» керуен сарайы сынды орындар өткенімізді тірілтіп, тарихымызды төрткүл әлемге танытуда.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Ал Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қазба жұмыстары жанданып, жауһар жәдігерлері құмнан аршылып алынған «Көне Тараз» қалашығының кейінгі ұрпаққа қалдырар мұрасы мол. Енді міне, тағы бір асыл құндылығымыздың бірі «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінің құрылысы ерекше қарқын алып, түрлі сәулет үлгісінің мамандары аянбай тер төгуде. Жоспар бойынша кешен құрылысы Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай аяқталып, елге есігін айқара ашады деп күтілуде. Осы орайда, облыс әкімдігі құрылыс басқармасының ұйымдастыруымен өткен Ашық есік күнінде аталған кешенге арнайы ат басын бұрып, құрылыс жұмыстарымен жіті танысып қайтқан едік.

«Шахристан» тарихи-мәдени кешеніндегі құрылыс басына барғанымызда, бірден назарымыз қайнаған тіршілікке ауды. Бір тұста үлкен жүк көліктері түрлі құрылыс материалдарын тиеп ағылып жатса, енді екінші жағында жұмыскерлер уақытпен санаспай еңбек етуде. Міне, осылардың қолымен ертеңгі ұрпаққа қалар құнды жәдігерлеріміздің іргесі қаланып жатыр деген ойға шомдық. Ал алдымыздан қарсы алған штаб басшысы Рахманқұл Байтелиев бірден атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыра кетті.

– Жалпы мұндағы құрылыс маусым айының онынан басталған болатын. Негізгі құрылысты «КДСМ» мен «Өмірзақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізуде. «КДСМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұған дейін «Жеңіс» саябағындағы, «Даңқ» аллеясындағы, сондай-ақ Атшабардағы «Жастар» аллеясындағы құрылыс басында болған. Сондықтан бұл серіктестікке үлкен сенім артылып, осы алып жоба беріліп отыр. Ал «Өмірзақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңірдегі бірқатар тас жолдарды жаңартуда жүйелі жұмысымен көзге түсіп, «Шахристан» тарихи-мәдени кешеніне бұл серіктестік те жұмылдырылып отыр. Одан бөлек, жоспарлы жұмысқа демеу болып жатқан 8-9 серіктес компания бар, – дейді Рахманқұл Тұрсынқұлұлы.

«Шахристан» тарихи-мәдени кешенінде 11 нысан бой көтереді деп жоспарланған. Олардың қатарында тарихи-өлкетану музейі, «Руханият және тарихтану» орталығы, қолөнершілер шеберханасы, көркемсурет галереясы, амфитеатр, «Сағат» стеласы, Арбат-1, 2, 3 нысандары бар. Құрылысқа бірінші ауысым бойынша 600-ге жуық жұмысшы, ал екінші ауысымда 100-150 жұмысшы жұмылдырылған. Сондай-ақ 18 техника күн-түн демей қозғалыста. Ал құрылысқа қажетті материалдардың 80 пайызы отандық өндіріс орындарынан әкелінуде екен. Қалған Самарқанд кірпіші, глазурь атты төсеніштер Қытай мен Өзбекстан мемлекеттерінен жеткізілуде. Олармен арнайы келісімшарт жасалып, ең сапалы материалдар пайдаланылуда.

Жалпы «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінің аумағына 45 мың тас төсеніш төселіп, алты субұрқақ орнатылады деп көзделуде. Сондай-ақ «MART» сауда орталығының артындағы 350 метр канал бойына кіші архитектуралық нысандар салынып, келушілерге жайлы жағажай жасалмақ. Бір сөзбен айтқанда, қазір құрылыстың қарқыны өте жақсы. Бүгінгі күні ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары басталып кеткен.

Кешен аумағындағы ең басты нысандардың бірі – өлкетану мұражайы. Мұнда өлкеміздің бай табиғи мұрасымен қатар, түрлі қазба байлықтары, тарихи бұйымдар орналастырылады. Нысанға бас сұққан туристер Жамбыл облысының тарихи орындары мен даңқты тұлғалары жайлы да мол мағлұмат ала алады. Жоспар бойынша бір бұрышына Шерхан Мұртазаның өлмес мұрасы жинақталады деп күтілуде. Екі қабаттан тұратын мұражайда түрлі жиындар өткізетін орындар да қаралмақ. Ал көркемсурет галереясына облысымыздағы таланттардың туындылары қойылады. Мұнда жас өнерпаздарға шеберлік сабағын өткізетін бөлмелер де жасақталмақ. Онда еліміздің көркемсурет шеберлерімен қатар, әлемдік деңгейдегі өнер иелері де арнайы дәріс оқи алады. Қолөнершілер шеберханасына аймақта жанқаға жан бітіріп, темірден түйін түйген қолөнершілердің бұйымдары қойылады. Және оны қолжетімді бағамен туристерге өткеру жағы қарастырылуда. «Руханият» орталығында аты айтып тұрғандай, рухани шаралар ұйымдастырылып, түрлі тақырыптағы құндылықтар көрсетілмек. Оған әр мекеме мен ұйым үн қосып, өз бұйымдарын қоюға құқылы.

Ал амфитеатрда өңір өнерпаздарының өнерлерін паш етуге бар мүмкіндік жасалған. Ашық аспан астындағы театр талай таланттарды жарыққа шығарады деген үміт зор. Кешен маңындағы бұрынғы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші тұрған тұсқа үлкен «Сағат» стеласы қойылмақ.

Comments (0)
Add Comment