Екі ай ішінде еліміздің 18 өңірін аралап шығатын «Шахмат керуені» 7 қазан күні Жамбыл облысына келіп тоқтайды. Керуеннің келуіне орай сағат 10:00-де «Көне Тараз» этномәдени кешенінде салтанатты шара өтеді.
Freedom Broker бас серіктесінің қолдауымен жүзеге асып жатқан республикалық жобаның мақсаты – өңірлерде шахмат спортын кеңінен насихаттау. Керуен идеясы саудамен қатар, халықтардың мәдени және спорттық мұрасын әлемге танытқан Ұлы Жібек жолына негізделген.
10 қыркүйекте алғаш жолға шыққан автокеруен Көкшетау, Қостанай, Петропавл, Қарағанды, Семейден бастап, 9 қаланы аралап үлгерді. Енді ол 10 қарашаға дейін еліміздің түкпір-түкпіріне сапар шегеді.
Салтанатты шара барысында Қазақстан шахмат федерациясының Жамбыл облыстық филиалы ашылып, гроссмейстермен бір мезеттік ойын сеансы мен шахмат турнирі өтеді.
Облыстық кезеңде оза шапқан I, II және III орын жеңімпаздарына 100 000, 50 000, 30 000 теңге көлемінде сыйақы беріледі. Және олар қараша айында Түркістанда өтетін гранд-финалға жолдама алады.
Одан бөлек, әр жартылай финалдың 3 қатысушысы «Әйелдер арасындағы үздік нәтиже», «50 жастан жоғары үздік қатысушы» және «16 жасқа дейінгі үздік ойыншы» аталымдары бойынша марапатталып, ақшалай сертификаттарға ие болады.