Шаңырақтың шаттығы – нәрестенің тәтті үні

Облыстық перинаталдық орталықтағы оңды істер

Қоғамның басты факторы – адам. Әрбір қазақстандықтың денсаулығының мықты болуы мемлекетіміздің қуаты мен әлеуетін көрсетеді. Елімізде ана мен баланың саулығына көп көңіл бөлініп отыр. Сондықтан да бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар медицина саласының ең өзекті әрі көкейкесті мәселесіне айналған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында байыпты бағдарлар мен міндеттерді саралап, денсаулық сақтау саласына айрықша назар аудару қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ халқымыздың баянды болашағы мен мемлекетіміздің ертеңі ана мен бала денсаулығына тікелей байланысты екенін еске салып, аталған саланың назарға алынуын жүктеді. Бұл тұрғыдан келгенде облыс орталығы – Тараз қаласында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар істелуде. Оған Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханаға қарасты перинаталдық орталықтың қосып келе жатқан үлесі аз емес.
Жұмысын бастағанына 7 жылдың жүзі болған заманауи орталық – облыс тұрғындарын мамандандырылған акушерлік-гинекологиялық және неонатологиялық қызметпен қамтамасыз ететін 3 деңгейлі мекеме. Онда жүкті, қауіпті топтағы және босанатын әйелдерге, емізу кезіндегі шала туған нәрестелерге және неонаталды патологиясы бар жаңа туған нәрестелерге сапалы медициналық қызмет көрсетіледі.
Соңғы заманауи талаптарға сай жабдықталған мекеме 285 төсекке арналған. Онда жүкті әйелдер патологиясы бөлімі, босану, нәрестелер жансақтау бөлімшелері, неонатология бөлімі және 2-кезеңді жаңа туған нәрестелер күтімі бөлімшесі, ана мен баланың бірге болу бөлімі, жүкті және босанған әйелдердің анестезиология және жансақтау, гинекологиялық, клиникалық-диагностикалық, медико-генетикалық кеңес бөлімшелері бар.

Мекемеде қызмет ететін білікті мамандар жүктіліктің 22-ші аптасынан бастап жалған толғақпен түскендерге, 22-32 апталық мерзімде уақытынан бұрын босану, қағанақ қабықшаларының мерзімінен бұрын жарылуы, 32 аптаға дейін жүктілік гипертензиясы, созылмалы артериялық гипертензия мен преэклампсия, эклампсия, ауыр декомпенсацияланған экстрагениталды аурулар кезінде медициналық жәрдем береді. Сондай-ақ облыс тұрғындары үш немесе одан да көп кесарь тілігі, жатырдың қатерсіз ісіктері, ұрықтың гемолитикалық ауруының белгілері бар Rh-иммунизациясы, бала жолдасының төмен орналасуы, ЭҚҰ арқылы туындаған және ұрықтың жатырішілік күйінің бұзылуымен байланысты көпжүктілік, құрсақішілік өсудің тежелуі секілді ауытқулар табылған жағдайда орталыққа жүгініп жатады. Туғаннан кейін дереу хирургиялық араласуды және қарқынды күтімді қажет ететін ұрықтың туа біткен ақаулары мен хирургиялық емдеуді қажет ететін ұрықтың дамуының туа біткен ауытқулары кезінде де мекеме қызметкерлері көмек көрсетуге даяр.
Жалпы періштелер мекенінде осы жылдың 9 айында 5 427 нәресте дүние есігін ашқан. Оның ішінде 12 егіз, 4 үшем туған. Сонымен қатар 9 298 жоғары дәрежелі медициналық көмек көрсетілген. Бір қуанарлығы, мерзімінен бұрын босанулар саны біртіндеп азайып келеді екен.
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Қайрат Жетібаевтың айтуы бойынша, дәрігерлік мекемеде медициналық қызмет сапасын арттыруға көп көңіл бөлініп келеді екен. Нәтижесінде орталық ана сүтімен қоректендірудің оң принциптерін жүзеге асырған аурухана ретінде мойындалған.
– Облыстық перинаталдық орталық 2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасында акушерлік және гинекология саласында перинаталдық аудит пен инфекциялық бақылауды енгізу бойынша пилоттық мекеме болып танылды. Ал 2018 жылы мекеме базасында катамнез кабинеті жұмысын бастады. Кабинеттің міндеті – перинаталдық кезеңде ауыр жағдайға тап болған жаңа туған нәрестелерге және облыстың босану мекемелерінен шығарылған шала туған нәрестелерге постнаталдық кезеңде медициналық көмек көрсету.
Бұдан бөлек, орталықта Қазақстанда алғаш болып болашақ аналарды, ауыл тұрғындарын ультрадыбыстық зерттеу әдістемесінің интеграциясы енгізілді. Алынған мәліметтер нақты уақыт режимінде бірыңғай ақпараттық желіге біріктіріліп, олар перинаталдық орталықтың медициналық-генетикалық консультациясына жіберіледі. Аталмыш жаңашылдықты елімізде тұңғыш енгізген мекеме ретінде орталық пилоттық жобаға айналды, – дейді Қайрат Қыдырәліұлы.
Перинаталдық орталықтың жетістіктері мұнымен аяқталмайды. Мәселен, мұндағы антенаталдық-гормондық дайындық көлемі 80 пайызды құрауының өзі медициналық қызмет сапасының жоғарылығынан хабар беріп тұр. Бұдан бөлек, мекеме метропластиканың қан сақтау және мүшелерді сақтау операциясы ретінде енгізілуімен, жаппай акушерлік қан кету кезінде аутогемотрансфузия үшін «Cell-saver» құрылғысын қолдануымен және LISA әдісі бойынша шала туған нәрестелерді 28 аптаға дейін тұрақтандыру әдісінің іс жүзінде пайдаланылуымен мақтана алады.
Орталық жұмысын бұдан ары дамыту мақсатында көптеген жобалар қолға алынып, жүзеге аса бастаған. Бұл, бірінші кезекте, ана мен бала саулығын сақтауға бағытталған шаралар болып отыр. Қазіргі уақытта мекеме жұмысын бастағалы бері енгізілген шала туған нәрестелердің ретинопатиясында көз торының лазерьлік коагуляциясының пайдасы көп болып тұр. Сонымен қатар 2022 жылдан бастап тұқым қуалайтын метаболикалық ауруларға пилоттық скринингтік жоба жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ жаңа туған нәрестелерге арналған жансақтау бөлімінде шала туған нәрестелер үшін жабдықталған мамандандырылған босану бөлмесі ашылады. Бұл орталықты білікті медициналық көмек көрсетілетін әлемнің үздік емдеу мекемелеріне бір табан жақындата түспек. Ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу бойынша жаңа шаралар енгізіліп, антибиотикалық терапия стратегиясы қайта қаралмақ. Инвазивті манипуляциялардың жаңа алгоритмдерін енгізу де жоспарда бар көрінеді.
Орталық жоғарыда аталған қызметтерді көрсетумен қатар, облысымыз бен еліміздің өзге өңірлерінің дәрігерлерін оқыту жұмыстарын да жүргізіп келеді. Бұл мақсатта 2018 жылы мекеме базасында оқу-клиникалық орталық ашылған. Онда облысымыздың неонатологтары, неонаталдық медбикелері, акушер-гинекологтары, акушерлері және Алматы, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының медицина қызметкерлері дайындалып келеді.
Саланы дамытуды басты мақсат еткен орталықты танытуға біліктілігі жоғары қызметкерлері де атсалысып келеді. Мәселен, биылғы мамыр айында өткен V Халықаралық «Ана мен бала» ғылыми-білім беру форумында орталықтың неонатолог-дәрігері «Жас ғалым» аталымы бойынша үздік деп танылған. Ал Астана қаласында өткен «Дені сау ұлт» ұлттық медициналық саммиті аясында Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының перинаталдық орталығы «Үздік босану ұйымы» номинациясы бойынша «Altyn Shipager» жүлдесінің финалисі атанды.
Бала – Жаратқан Иеміздің ең қымбат сыйы. Ал оның жарық дүние есігін ашуына бірден-бір дәнекер, бірден-бір себепші дәрігерлер екені ақиқат. Бұл тұрғыда ана мен бала денсаулығын көздерінің қарашығындай қорып, кез келген көмек қажет жанға қол ұшын созып келе жатқан облыстық перинаталдық орталық ел көлемінде өз саласының үздіктері қатарында екенін дәлелдеп келеді.

Comments (0)
Add Comment