Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков «Шаңырақ» алқабына арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Мұндағы жұртшылықты көптен бері жол жөндеу, кәріз суларын тазарту, ауызсу, жарық, емхана салу, аялдама орнату, қаңғыбас иттерді жою сынды өзекті мәселелер толғандырып келеді. Барлық өтініш-тілекті мұқият тыңдаған шаһар басшысы әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
– Алқаптағы мәселелер жақсы таныс. Қазіргі таңда оларды шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Әуелі жолдарды жөндеуге тоқталайық. Алқап маңындағы үлкен тас жол республикалық маңызға ие. Сондықтан дәл қазір оған жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін болмай тұр. Алайда аталған жолға жергілікті маңызы бар мәртебесін беру бойынша тиісті ұсыныс жолданды. Бұл ойымыз іске асса, жолдарды кеңейту, жөндеу секілді жұмыстарды өз қолымызға аламыз. Сондай-ақ биыл алқапқа қарасты 18 көшенің 30 пайызын жөндеуден өткізу жоспарлануда. Жалпы 3 жылдың ішінде алқап көшелері толығымен жаңаша кейіпке енеді, – деген Бақытжан Әмірбекұлы өзге де мәселелерге кеңінен тоқталды.
Шаһар басшысының айтуы бойынша, алқап 2016 жылы Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі тарапынан электр және көше жарығы қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда аталған алқапта түнгі жарық шамы қалыпты жағдайда жанып тұр. Енді жарық мәселесін толығымен шешу үшін 2 бірдей қосалқы станцияның (подстанция) құрылысы жүргізілмек. Жоба толығымен іске қосылса, алқап тұрғындары жарықтан таршылық көрмейді. Сонымен қатар алқапты сумен қамтамасыз ету мақсатында инженерлік желісі құрылысы жүргізілген. Аталған алқаптың қосылу нүктесі – жоба бойынша 2016 жылы құрылысы аяқталған су сорғы станциясы. Аталған станцияның құрылысын «Тараз құрылыс Инвест» мекемесі жүргізіп, пайдалануға өткізілген. Бірақ нысан тұтынушылардың болмауына байланысты пайдаланылмаған. Соның салдарынан трансформатордың майы ағып, сорғы насостары даттанып, электр желісі жарамсыз болып қалған. Қазіргі таңда құрылыс бөлімі тарапынан істен шыққан электр желісін қалпына келтіріп, нысандағы транформаторлық қосалқы станцияға (подстанцияға) арнайы тексеру жұмыстары жүргізіліп, техникалық дайындықтан өткізілген. Станцияны уақытша электр желіге қосылуға Тараз қалалық электр желілері (ТҚЭЖ) мекемесінен техникалық шарт алынған. Шартқа сәйкес құрылыс жұмыстары жүргі-зіліпті. Оның қосылу нүктесі – Пригородныйдағы «ТП 12 Фидр». Нысан іске қосылуға дайын. Тараз қалалық электр желілері (ТҚЭЖ) мекемесінен желіні уақытша өшіруге рұқсат алу үшін хат жолданған. Желіні уақытша өшіруге рұқсат берген күні электр көзіне қосылатын болады.
Жиын барысында қала әкімі жауапты сала басшыларына көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.