Шаһар шежіресінің айнасы

Музей – ғылыми, мәдени-тарихи орталық. Ол – бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан-ұрпаққа жалғап отыратын институт. Сондай-ақ жинақталған жәдігерді ғылыми түрде зерттеп, зерделеп, халықтың салт-санасын танытып отырады. Осы арқылы өскелең ұрпақтың бойында отаншыл рухты қалыптастырары сөзсіз.

Жамбыл жері – тарихы терең, шежіресі бай өлке. Мұнда ат басын бұрған қонақтар ең алдымен облыстық тарихи-өлкетану музейіне соғып, өңір тарихымен танысады. Аталған музей – еліміздегі ең көне мұражайлардың бірі. 1931 жылы 25 тамызда қалалық музей ретінде ашылып, 1940 жылдары облыстық болып қайта құрылған. 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап аталған музей шығыс стилінде салынған жаңа ғимаратқа көшірілді.


Ағымдағы жылы музейде атқарылған жұмыс аз емес. Мәселен, А.Әшімов шығармашылық орталығы, «Даңқ» залы, «Желтоқсан-86» орталығы, Б.Момышұлы, К.Әзірбаев, Ж.Қуанышбаев, Әлжан ана мемориалдық музейлері, Сарысу, Шу, Т.Рысқұлов, Меркі, Талас аудандық мұражайларында түрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылды. Оның ішінде 31 дәріс, 42 көрме, 2 семинар және 1 024 экскурсия бар. Жалпы саны 20 317 адам қамтылды. Олардың дені – оқушылар мен студенттер. Бұған қоса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевтың 110 жылдығына орай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы фотосуреттерден жасақталған бейнеролик түсіріліп, мұражайдың «Экскурсия және көпшілікке қызмет» бөлімінің экскурсоводы Ұ.Омарова «Тектұрмас» кешені бойынша онлайн экскурсия ұйымдастырды. Сонымен қатар шаһар төріндегі «ДАҢҚ» залы қызметкерлері және мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық «Жамбыл дарыны» орталығымен бірлесе Ленинград блокадасының алынуының 78 жылдығына орай «Хочешь мира, помни о войне!» атты облыстық мәнерлеп оқу сайысының іріктеу кезеңін өткізді. Аталған нысанда қазақтың текті қырандары – Талғат Бигелдинов және Хиуаз Доспанованың 100 жылдығына орай «Қырандар биік самғайды» атты Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің ардагерлерімен кездесу кеші де өткен еді. Мұндағы құнды жәдігерлерден облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында «Болашақ» мектебінің оқушыларына «Ерлікке тағзым» атты тақырыпта арнайы жылжымалы көрме және викториналық сұрақ-жауап ойыны ұйымдастырылды.
Сонымен бірге даңқы алысқа кеткен «Даңқ» залына арнайы алыстан ат терлетіп келетін қонақтар да аз емес. Өлке тынысымен терең танысу үшін Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылындағы Ә.Бөкейханов атындағы мектеп оқушылары орталыққа бас сұғып, ұлағатты ұстаздарымен бірге оқу ошағы қабырғасында алған білімдерін пысықтап, ғылыми қызметкер Қ.Демешовтің аты аңызға айналған мерген Ыбырайым Сүлейменов туралы баяндамасын тыңдап, музей бойынша экскурсияны тамашалады. Сонымен қатар тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан 17 сарбазды еске алуға орай бітімгершілік күштерінің ардагерлерімен болған кездесу кеші де жұртшылық жадында. Бұлардан бөлек, Отан қорғаушылар күніне орай «ДАҢҚ» залында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы және облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұйытқы болуымен жастарды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына шығарып салуға арналған «Мен Отанды қорғауға дайынмын!» атты патриоттық акция, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығында Жеңіс күніне арналған «Ұлы Отан соғысы тақырыбы қазақстандық жазушылар көзімен» атты дөңгелек үстел, Халықаралық музейлер күні қарсаңында «Музей түні» акциясы өтті. Биылғы жылы қала тұрғындары мен қонақтары офлайн тамашалауға мүмкіндік алған іс-шараға өз ризашылығын білдірді. Аталған орталықта облыс әкімдігі білім басқармасының бастамасымен Балалар жылы аясындағы іс-шаралар кешенін жүзеге асыру негізінде «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының көшбасшылары арасында мерекелік жиын ұйымдастырылып, «Даңқ» залы бойынша арнайы экскурсия өтті.
Биыл ұлы жазушы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық торқалы тойы. Айтулы датаны біздің орталық та ерекше атап өтті. Айталық, автордың «Мылтықсыз майдан» шығармасындағы соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлерінің көрсеткен ерлікке пара-пар жұмыстары жайлы жиналғандар әсерлі әңгіме өрбітті. Ал Талғат Бигелдиновтің 100 жылдығына орай «Бигелдинов биігі» атты тақырыпта Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінде әскери қызметкерлер, жас ұландармен әскери тақырыпта пікір алмасты. «Халық қаһарманы», «Отан», «Қызыл Жұлдыз», II дәрежелі «Данқ» ордендерінің иегері, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың 70 жасқа толуына орай облыстық әскери-патриоттық конференциясы ұйымдастырылды. Аталған орталықта «Батыр қызы Қобданың» тақырыбында шаһардағы №6 мектеп оқушыларымен Әлия Молдағұлованың есімін ұлықтауға арналған музей сабағы ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – Әлияның ерлігі туралы баяндау, оқушылардың туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін арттыру, батырдың ерлігін үлгі тұтуға үйрету, Отанның қорғай білуге, батырлыққа, ерлікке, патриоттыққа тәрбиелеу, өз ойын еркін жеткізе білуге дағдыландыру.
Бұл орталық жай ғана өлкетану музейі ғана емес, жоғары оқу орнында оқитын студенттердің білім алаңына да айналған. Айталық, облыстық музейге қарасты К.И.Скрябин музей-үйіне Тараз инновациялық университетінің «Биология және ауыл шаруашылық мамандықтары» кафедрасының студенттері жиі келіп танысып тұрады. Ал облыстық музейге қарасты «Желтоқсан-86» орталығында студенттер КСРО әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай аталған майданның тарихи мағынасын аша отырып, соғыс ардагерлерінің музей экспозициясындағы қойылған жеке заттарын, яғни жәдігерлерін халық арасында таныстыру және жас ұрпақты Ауғанстан соғысына қатысқан батырлардың ерлігімен сусындату, арамызда азайып бара жатқан ардагерлерді ардақтап, үлгі-өнеге алуға тәрбиелеу мақсатындағы онлайн экскурсияны тамашалап, ардагер Дүкенбай Ермековпен ашық әңгіме өрбіткен болатын. Аталған орталықта Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің туған күніне орай мектеп оқушыларымен «Мен Қайраттай боламын» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтіп, оқушыларға экскурсия ұйымдастырылды. Бұл орталыққа ҚР Суретшілер одағының мүшесі, мәдениет қайраткері, қуыршақ шебері М.А.Дәуренбаеваның да ат басын бұрып, «Қуыршақтар əлемінде» атты жеке шығармашылық көрмесін көпшілікке ұсынды.
Біздің есігіміз қылқалам шеберлері үшін де, жалпы сурет әлеміне сапар шегуге ынталы адамдарға да қашанда ашық. Облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты көркемсурет галереясында «RAINBOW» арт-студиясының «Суретшінің қылқаламы үнемі жанында» атты балалар шығармашылық көрмесі өтті. Көрмеге 16 жас суретшінің 80-ге жуық шығармашылық жұмысы қойылды. Көркемсурет галереясында «Lashyn» керамика мектебінің Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған «Бақыт құсы» атты шығармашылық көрмесі де өтті. Көрмеде 130-ға жуық қыштан жасалған бұйымдар орналастырылды. Сонымен қатар Балалар жылына орай «Shabyt» үйірме-студиясының ұйымдастыруымен «Балалар әлемді суреттейді» атты балалар шығармашылық көрмесі ұйымдастырылды.
Тарихи-өлкетану музейі балаларды қорғау күніне орай «Ашық есік» акциясын да ұйымдастырып тұрады. Мұнда 18 жасқа дейінгі балалар музейді тегін аралап, қызықты экскурсияларды қызықтай алады. Дәстүрге айналған бұл акция әрдайым жалғасын тауып, балалардың таным көкжиегін арттыру, өлкені сүю, мәдениетті дамыту жұмыстары жүргізіле береді. Сондай-ақ А.Әшімов шығармашылық орталығында «Абыз актердің балалық шағы» атты экскурсия өткізілді. Оған қалалық мектептерден 60-қа жуық оқушы қатысты. Экскурсия барысында балаларға абыз актердің бала кезде тұрған үйінің макеті таныстырылып, балалық шағы соғыс жылдарына тура келген тұлғаның сол кездер жайлы естеліктері туралы мағлұмат берілді. Кішкентай балаларымыз ғылыми қызметкер Қ.Демешевтің авторлық «Аюдың түсі» атты кітабынан алынған түрлі сұрақтарға да жауап беріп, ертегі кейіпкерлерімен бірге шара көркін қыздыра түсті.
Музейіміз Отанның келешегі болған ұрпақ үшін де тынбай еңбек етуде. Мұражайдың конференция залында 7-8 жастағы балаларға арнап, музейдің ең түсіндіруге қарапайым жеткізілетін құнды жәдігерлерімен көрме жасақталған. Онда ортағасырлық тұрмыста пайдаланған қыш құмыралар, жұмыртастар, жануарлардың және батырдың мүсіндері, этнографиялық жәдігерлерден сусын құятын торсық, тостаған және ожау қойылған. Балаларға жеңіл тілде жәдігерлер тарихы, қалай пайдаланғаны туралы баяндалады. Сонымен қатар музей экспозицияларын аралау танысуға мүмкіндіктері бар. Облыс әкімдігінің білім басқармасы, көркемсурет галереясы, облыстық халық шығармашылық орталығы, ҚР Суретшілер одағы Жамбыл облыстық филиалымен бірлесіп, Балалар жылына орай кәсіби суретшілер мен көркем еңбек пәні мұғалімдерінің «Тараз толғауы» атты көрмесі өтті. Көрмені Қазақстан педагогикалық академиясы президентінің міндетін атқарушы Ғалия Текеева, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева, Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Суретшілер одағының Жамбыл облысы филиалының төрағасы Болат Хусайнов құттықтау сөзімен ашты. Көрмеге көркем еңбек пәні мұғалімдерімен кәсіби суретші педагогтардың шығармашылық колөнер бұйымдарының 300-ден аса туындысы орналастырылды. Шара барысында Балхия Тұрысбекова және Ляззат Естебекова ұлттық нақыштағы, жаңа үлгіде киізден жасалған қазақ ұлттық киімдерінің көрсетілімін паш етті. Дана Ғанибекқызының «Алғашқы самғау» атты жеке шығармашылық көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Бейнелеу өнерін өміріне серік еткен талантты жас суретшінің көрмеге 50-ге жуық шығармашылық туындылары қойылды. Суретшінің портреттік және пейзаж, натюрморттық жанрға арнаған циклдік суреттерінің арасынан жекелеген біреуін ерекшелеп айту қиын. Олардың әрқайсысы да өзінше керемет. Әр суретте ерекше көрінісін, құбылысын айрықша бейнелеп, аквалерь бояуының нәзіктігін көрсете білген.
Музей сол өңірдің тылсым табиғатын, бөлек болмысын, өңірде мекендейтін аң-құстар жайлы толық мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Осыған орай тарихи-өлкетану музейінің «Экскурсиялық және көпшілікке қызмет көрсету» бөлімінің меңгерушісі Жұлдыз Алманқұлова «Туған жердің тарихы» атты дөңгелек үстел отырысына қатысты. Жуалы ауданындағы Ақтөбе тірек мектебінің ұйымдастыруымен өткен бұл іс-шараға ҚР үздік өлкетанушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, тірек мектебінің ғылыми жетекшісі Дархан Байдалиев, «Жас саяхатшылар» клубының жетекшісі Эльмира Саулебекова және клубқа мүше оқушылар, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық музейінің бөлім басшысы Жамал Ақпан қатысып, тамыры терең өлкенің тарихына кеңінен тоқталды. Шарада тарихи-өлкетану музейінің маңыздылығы, атқарылып жатқан іс-шаралар да кеңінен айтылды. Сондай-ақ оқушыларға экскурсия жүргізіліп, киелі Тараздың жауһар жәдігерлері таныстырылып, бай тарихы баяндалды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі Айдана Мекемова Балалар жылына орай және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тараз қаласындағы №48 орта мектеп оқушыларына «Ұлы даланың ұлы ескерткіштері» атты музей сабағын өткізді. Бұдан бөлек, облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығының мүмкіндігі шектеулі азаматтары келіп, музей залдарын тамашалады. Келген қонақтарға музейдің экспозициялық залдары бойынша экскурсия жүргізіліп, көркемсурет галереясына да саяхат жасалды.
Қазақ мемлекеті – түрлі ұлттар мен ұлыстардың ортақ шаңырағына айналған құтты мекен. Өңірімізде қырықтан астам түрлі этностар бақытты ғұмыр кешіп, өңірдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосуда. Алғыс айту күніне орай №30 мектеп-гимназиясының оқушылары және «Парасат» колледжінің студенттерінің қатысуымен «Мың алғыс саған, Ұлы далам!» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар көрнекті жамбылдық лирик ақын Владимир Краковскийдің 75 жылдығына орай облыстық «Шиват Цион» еврей мәдени орталығымен бірлескен жаңа экспозициясы ашылды. Бұл музейде Жамбыл жерінде өмір сүріп жатқан түрлі ұлттардың ұлттық киімі, салт-дәстүрін айғақтайтын заттарының қойылғанын атап өткен жөн. Тараз қаласын Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енгізу мақсатында «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде өткен «Тараз – шеберлер шаһары» атты қолөнершілер көрмесі мен концерттік бағдарламасы аясында облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған қазақ халқының этнографиялық бұйымдарынан киіз үй ішінде көрме жасақталды. Көрмеге көшпелі қазақ халқының өмірінің, тұрмысының, мәдениетінің, дүниетанымының көрінісін бейнелейтін XVIII-XIX ғасырлардағы ұлттық нақыштағы ағаштан, теріден жасалған тұрмыстық заттары, ыдыс-аяқтар және тоқыма бұйымдар жиынтығы орналастырылды. Сонымен қатар облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Музей құндылықтар ордасы» тақырыбында тарихи жәдігерлер орналасқан экспозициялық залдарға экскурсия ұйымдастырылып, қор жұмысы таныстырылды. Ағымдағы жылдың 30 қыркүйегінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің Д.Қонаев орталығының ұйымдас- тыруымен Халықаралық қарттар күніне орай «Қарты бар елдің қазынасы бар» тақырыбында облыстық №1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының қарияларына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өмір жолы мен елімізге сіңірген еңбегі таныстырылды. Сол күні «Қарттарым – асыл қазынам» атты тақырыпта музей қорынан жасақталған жылжымалы көрме ұйымдастырылды. Көрмеде ортағасырлық Тараздың тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлер қойылды.
Облыстық тарихи-өлкетану музейі тек өңірде ғана шектелмей, республиканың әр түкпіріне барып, Жамбыл жерінің бай тарихын таныстыру үшін жемісті қызмет атқаруда. Айталық, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің 90 жылдық мерейтойы аясында «Музей педагогикасы: дәстүр мен жаңашылдық» атты халықаралық семинар-тренинг Қазақстан музейлерінің қорындағы құнды жәдігерлерден құралған «Өткен шақ пен болашақ арасында» тақырыбындағы республикалық көрмеден бастау алды. Көрмеге еліміздің әр қаласынан, жалпы саны 17 музейден келген өкілдер қатысты. Облыстық тарихи-өлкетану музейі бұл ауқымды шарадан да тыс қалмай, өзінің қорындағы құнды жәдігерлерді ұсынды. Аталған көрмені ұйымдастырудағы басты мақсат – тарихи-мәдени мұраны сақтау, музей ісіндегі кәсіби стандарттарды жетілдіріп дамыту, Қазақстан музейлерінің жаңа жұмыс әдістерімен танысу, Қазақстан музейлері арасындағы өзара әріптестік пен мәдени байланыстарды нығайту еді. Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Бабалар дидары» залында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы А.Бегалиева және кіші ғылыми қызметкер Қ.Әбілдаева ортағасырлық Тараз қаласының тарихын баяндайтын, Түркі, Қараханид, Саманид теңгелерінің айналымда болған ең құнды топтамалары, ортағасырлық тұрмыста түрлі мақсатта қолданылған қыш ыдыстарды таныстырды. Соның арқасында Қарағанды қаласының тұрғындары мен еліміздегі музейлердің өкілдері бағалы жәдігерлердің тарихымен жақын танысу мүмкіндігіне ие болды. Мұндай шаралар еліміздің музейлері арасындағы әріптестікті нығайтып, өзара тәжірибе алмасуға зор септігін тигізері сөзсіз.
Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған жәдігерлерді жинақтап жүйелеу, оларды келешекке сақтап жеткізу, өзге жұртқа барымызды көрсетіп насихаттау – абыройлы міндеттің бірі. Қазіргі таңда қоғамымызда мұражай ісіне, ондағы құндылықтарға деген талап пен қызығушылық артып келеді. Отандық мұражай қызметіне, ондағы тарихи-мәдени мұраларға деген сұраныс халықаралық деңгейге дейін көтерілді. Қоғамда мұражайдың тек әлеуметтік емес, тарихи-мәдени мұраларды сақтайтын мәдени-ғылыми институт, ғылыми ақпараттар жүйесінің орталығы, тарихи феномен ретінде маңыздылығы артты. Музей ісіне деген қызығушылық та өсуде. Мұның барлығы – мемлекеттің қолдауы мен жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Зарина Дүкенбаева, облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары

Comments (0)
Add Comment