Шаһар шаттыққа бөленді

Тәуелсіздік күні өңірде кеңінен атап өтіліп, 20-дан астам түрлі нысан ел игілігіне берілді.

 

Еліміздің ұлық мерекесіне орай «Тәуелсіз Қазақстан» монументіне гүл қою рәсіміне қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай қатысты.

Азаттық ұранын ұрпағына ұлағат еткен бабалар үрдісінің жалғасы, тарих атты қарт шежіренің қойнауына алтын әріптермен жазылған, егемен еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күніне арналған шарада монумент алаңына халық көп жиналды. «Оңтүстік» әскери қолбасшылығы оркестрінің сүйемелдеуімен «Тәуелсіз Қазақстан» монументіне басшылар, жиналған жұртшылық гүл шоқтарын қойды. Бұл күні тарихымызбен тамырлас, рухымызбен үндес, болашағымыз үшін аса маңызды саналатын ерекше мерекенің маңызы тереңінен айшықталды. Айта кету керек, аталған монумент Егемендігіміздің 25 жылдық тойында Төле би даңғылының бойында, яғни, 12-ші шағын ауданда бой көтерген болатын. Биіктігі 15,8 метр, ені 3,5 метрді құрайтын монумент бүгінде шаһар көркін еселеп-ақ тұр. Ал еліміз үшін қастерлі күнде жиналған қауым бір-біріне жақсы тілектерін арнады.

Тәуелсіздікті жырына қосып, кең даланы әсем әнге бөлеген «Болашақты нұрландырған Тәуелсіздік!» атты мерекелік іс-шара Қайрат Рысқұлбеков саябағында өтті. Сән-салтанаты жарасқан жұлдызды кеште әр жүректе бір арман бүр жарып, әр кеудеде жауқазын тілек көктеді. Ол тілек азаттыққа жеткен қазақтың төріндегі бесігін тербетіп, шаңырағын биіктетуге жарап тұр. Ұлттың қасиеті мен құндылығын ұлықтап, намысын қолдан бермеген бабалардың арманына айналған бейбіт күннің қасиеті елім деп соққан әр жүректің төрінде дүрсілдей соқты. Тараздықтарды осынау Тәуелсіздік мерекесімен «Жігіттер» тобы құттықтады. Жаңғырған саябақтың ауласында ұйымдастырылған кештен кейін жиылған көпшілік серуен құрып, мерекені шат-шадыман тойлады.

 

Зере ҚУАНЫШ Суреттерді түсірген Ю.Ким

 

 

Comments (0)
Add Comment