Шаһар басшысына айтар алғысымыз шексіз

2015 жылы наурыз айынан бастап №1 квартал комитетінің төрағасы қызметін атқарып келемін. Жұмысты бірден халықты ауыз сумен қамтамасыз етуден бастадым. Себебі біз тұратын Көшеней, 8-бұрылыс Көшеней, Сеңкібай, 2-ші Сеңкібай, 3,4,5,6-шы бұрылыс Сеңкібай көшесі тұрғындарының ауласында өздері қазған құдықтан ішіп отырған сулары санитарлық талаптарға сай емес етін. Осы күрделі мәселені қалалық әкімдікке және қалалық мәслихаттың алдына тарттым. Көп ұзамай, өтінішіміз оңынан шешіліп, көшемізге таза ауыз су келді.

Екі жылдан кейін су құрылысы кезінде тоз-тозы шығып кеткен көшемізге асфальт төсеуге қол жеткіздік. Жауын-шашын күндері мектепке баратын балаларымыз автобус күтіп су болып, ауырып қалмасын деп әкімдікке аялдама қойдырдық.
Қаланы жасыл аймақта ұстау үшін тал егіп, «Сұлтанғазы» ЖШС келісімшартқа тұрып, қоқыстарды уақытылы шығардық.
Биыл қала әкімі Ержан Жылқыбаев қоғамдық қабыл-дауды әр аумақтық округте, ашық аспан астында өткізуде. Оған қала әкімінің орынбасарлары, қалалық бөлім басшылары түгел қатысты. Мұндай қабылдаудың пайдасы орасан. Себебі әкім өтінішпен келген сұрағыңды алысқа ұзатпай, қасында отырған орынбасарымен немесе бөлім басшыларымен тез ақылдасып, шешіп береді. Көкейде жүрген сұрақпен біз де қабылдауда болдық.
Бірінші мәселеміз өткен жылы пандемия кезінде тоқтап қалған №13 автобус маршрутын қайта қолға алып, жүргізу болды. Себебі балалардың мектепке қатынауы қиындап кетті. Екінші, Көшеней көшесіне түнгі жарық көзін орнату болды. Қазіргі таңда осы екі мәселенің де түйіні тарқады. №8 автобус тоқтаусыз жүріп, Көшеней көшесі де жарқырап тұр. Балалар мектепке автобуспен алаңсыз қатынауда. Әкімге барша қала тұрғындарының атынан алғысымды білдіргім келеді.

Аманғали Саршаев,
№1 квартал комитетінің төрағасы

Comments (0)
Add Comment