Шаһарға жаңа әкім тағайындалды

Тараз қалалық мәслихатының кезектен тыс қырық төртінші сессиясында шаһарға жаңа әкім тағайындалды. Енді бұл қызметті Қайрат Әскербекұлы Досаев атқарады. Шаһардың жаңа басшысын қала активіне облыс әкімі Асқар Мырзахметов таныстырды. Мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол Қайрат Әскербекұлына аймақ басшысы сәттілік тілеп, облыс орталығының экономикасының өркендеп, гүлденуіне өз үлесін қосатындығына сенім білдірді.

Арайлым Шабденова. Суретті түсірген Ю.Ким

Бұған дейін Шу ауданының әкімі лауазымында болған Қайрат Досаевтың басқару ісінде тәжірибесі мол. Жоғары білімді. Инженерден бастап, бірнеше мемлекеттік қызметтер атқарған, еңбек жолында шыңдалған азамат. Соңғы жылдары Жамбыл облысында Қордай және Шу ауданы әкімі қызметтерін атқарып келді. Тараз қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында депутаттардың келісімімен Қайрат Досаевтың кандидатурасы бірауыздан мақұлданды. Ал жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметов жаңа басшыға облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуі үшін атқарылатын жұмыстың ауқымды екенін атап көрсетті.

– Қала экономикасын дамыту жұмыстары жоғары деңгейде жасалынып жатқан жоқ. Қала әкімдігі облыс әкімдігімен тығыз жұмыс жасап, жоспарланған іс-шаралардың бәрін қарауы керек. Соның ішінде индустриалды аймақ құру, қаладағы кәсіпкерлермен жасалған дерекқорларға қатысты әрбір кәсіпорынның туындап отырған мәселелерін шешу. Яғни бағытталған нақты жұмыс керек. Қала қойып отырған міндеттерді шешуге қатысты, атқарылған жұмысқа қатысты барлық ауданға, облысқа үлгі болуы қажет, – деді өңір басшысы Асқар Исабекұлы.

Қала тұрғындарын алаңдататын мәселенің басым көпшілігі жолға қатысты. Шаһарда тізімге енбеген жолдар көп. Түгендеу жұмыстарынан соң 576 емес, 1330 көше бар екендігі анықталып отыр. Асқар Мырзахметов бюджеттің мүмкіншілігіне қарай қала билігі осы мәселеге де назар аударуы қажеттігін ескертті. Қала шетіндегі «Шалғай Қарасу», «Шөлдала» алқабы мен саяжайдағы жағдайларды реттеу де кезек күттірмейді. «Кәсіпкерлікті дамыту жағы кенжелеп тұр. Қаржылай қолдау бар. Бағыт-бағдары көрсетілген жұмыс жоспары бекітілген. Қаланың потенциалы жеткілікті. Ендігі жерде тек нақты жұмыс жасау қажет» – деді облыс әкімі. Өз кезегінде Қайрат Досаев артылған сенімді ақтауға, шешімін күткен шаруаларға бел шеше кірісуге уәде берді.

Қалалық мәслихаттың қырық төртінші сессиясында күн тәртібіне шығарылған екінші мәселе «2019-2021 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2018 жылғы 19 желтоқсандағы №40-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Нұрбол Әкек хабарлама жасады. Сонымен қатар жиында бірқатар мәселелер күн тәртібіне шығарылып, депутаттар назарына ұсынылды.

Comments (0)
Add Comment