Үш жылдық жоспар артығымен орындалды

Жаңа қоғамдық көліктердің қатары көбеюде

Қаланың күнделікті өмірі қарбалас тіршіліктен, үздіксіз қозғалыстан құрылған. Таңертеңгі жұмысқа асыққан жолаушыдан бастап, кешкісін үйіне қайтқан тұрғынға дейін – бәріне ортақ бір қажеттілік бар. Ол – сенімді, жайлы және қолжетімді қоғамдық көлік. Сондықтан автобус күн сайын мыңдаған адамның басты көлік құралына айналып отыр.

Оның үстіне жыл өткен сайын Тараз қаласында халық саны артып, соған сай жолаушы ағыны да көбейіп келеді. Таңғы және кешкі қарбалас уақытта автобустардағы орын тапшылығы, оларды ұзақ күту, маршруттардың жетіспеушілігі сияқты мәселелер тұрғындардың жиі шағымына айналғаны жасырын емес. Сондықтан автобус санының артуы бір ғана көлік жүйесіне емес, тұтас шаһардың тыныс-тіршілігіне оң әсер етері сөзсіз. Біріншіден, бұл – уақыт үнемдеу. Яғни, жолаушылар автобус күтіп ұзақ тұрмайды, діттеген жеріне уақытында жетеді. Екіншіден, экологиялық жағынан тиімділігі – жеке көліктерден бас тартып, автобуспен жүру ауа сапасын жақсартады. Үшіншіден, экономикалық тұрғыдан оңтайлы тұсы – халықтың көлікке жұмсайтын шығыны азаяды, ал жаңа автобустар арқылы жаңа жұмыс орындары ашылады.
Аталмыш өзекті мәселе жергілікті биліктің назарынан тыс қалған емес. Тараз қаласын дамытудың үш жылдық жоспарында да бұған баса мән берілген. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһар тізгінін қолға алған сәттен бастап бірден бұл мәселеге айрықша назар аударып, тиісті тапсырмалар жүктеген болатын. Осыған сәйкес көне шаһарда ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Жалпы, 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында 3 жыл көлемінде 200 бірлік автобус алып, қосымша 15 маршрут ашу көзделген еді. Нәтижесінде 2023 жылы – 73, 2024 жылы – 155, жалпы саны 228 автобус жеткізіліп, жоспарланған меже артығымен орындалды.
Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып отыр. Айталық, шаһар аумағына енген елді мекендерді ескере отырып, №42 және №6 бағыттарға екі-екіден жаңа автобустар қосылды. Сонымен қатар тұрғындар сұранысына орай «Талас» станциясы мен Талас елді мекендерін «Ауыл береке» базарымен байланыстыратын №62 маршрут қызмет көрсетуді бастады. Бұған қоса биыл алдын ала болжам бойынша тасымалдаушылар есебінен кемінде тағы 50-ден аса автобус сатып алып, қосымша 5 маршрут ашу көзделуде. Бұдан бөлек, 75 аялдама орнату, қосымша маршруттарға дауыстық хабарлама жүйесін енгізу жұмыстары да жүзеге асады. Дегенмен, бұл жоспар әлі де өзгеруі мүмкін екенін айта кеткен абзал.
Кез келген қаланың әлеуметтік-экономикалық тіршілігінің тиімді де іркіліссіз жұмыс істеуі үшін жол-көлік инфрақұрылымы жоғары деңгейде болуы қажет. Сонда шаһардағы өмір сүру деңгейі де барынша сапалы әрі қолайлы болмақ. Сондықтан бүгінде осы саланы дамытуға ерекше екпін түсірілген.
Әрине, бұл іс тек автобустарды жаңалаумен ғана шектелмесі анық. Қоғамдық көліктер көбейген сайын нақты орны белгіленген, ыңғайлы аялдамаларға деген қажеттілікті де арттыруда. Соған орай 2023 жылы шаһар аумағына 36 дана аялдама орнату үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде «RusStroy» ЖШС-мен 21, «Строительная компания NSN» ЖШС-мен 15 аялдама орнату үшін келісімшарт жасалған еді. Сондай-ақ «Жасыл ел-Тараз» ЖШС тарапынан бұрын қолданыста болған 6 аялдама қайта қалпына келтірілді.
Былтыр да жалғасын тапқан жүйелі жұмыстардың аясында «DarynKazStroyGroup» ЖШС-мен 75 аялдаманы орнату бойынша келісімшарт жасалды. Тұрғындардың сұранысы бойынша аялдамалар қаланың шет аумақтарына, әсіресе, жаңадан бой көтеріп жатқан шағын аудандарға, тұрғын алқаптарға орнатылды.

Аман Есен

Comments (0)
Add Comment