Үш жылдық жоспарға артылар үміт көп

Бүгінде Тараз қаласы тотыдай таранып, әлеуметтің әлеуеті күн санап артып келеді. Десе де, әлі де шешімін күткен мәселелер жоқ емес. Осыған орай 2023-2025 жылдарға арналған Тараз қаласын дамытудың 3 жылдық жоспары бекітілген болатын. Аз уақыттың ішінде баянды бастама бағдарын тауып, жүйелі жоба жемісін бере бастады. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков баян етті.

Инвестиция – ел игілігіне

Қала әкімінің сөзіне сүйенсек, әлеуметтің әлеуетін көтеру үшін өндіріс өркендеуі қажет екен. Бұл бағытта биыл өнеркәсіп көлемін 531,2 млрд теңгеге жеткізу көзделген. Ағымдағы жылдың І тоқсанындағы меже 137,8 млрд теңгені құраған. Жоспар 2023 жылы жалпы құны 9,2 млрд теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаны іске қосу есебінен орындалмақ. Олар: «Alina Group» ЖШС, «Kisc» ЖШС және «Дәмді себет» ЖШС-нің жобалары.
Киелі Әулиеата өңірі – ауыл шаруашылығы саласы арқылы да танылған аймақ. Сондықтан қала әкімдігі бұл салаға да барынша басымдық беруде.
– Ауыл шаруашылығы саласында өнім көлемін 2023 жылы 15,3 миллиард теңгеге жеткізу көзделген. Бұл межеге жету үшін жыл соңына дейін құны 2,8 миллиард теңге болатын 2 жоба іске асырылады.
Инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2023 жылдың қорытындысымен 150,0 миллиард теңгеге дейін арттыру жоспарланса, І тоқсанның қорытындысымен 21,8 миллиард теңгеге инвестиция тартылды. Бөлшек сауда тауар айналымын 2023 жылы 323,1 миллиард теңгеге жеткізу көзделсе, есепті кезеңде 75,4 миллиард теңгені құрады.
Бұдан бөлек, құрылыс жұмыстарының көлемі 2023 жылы 72,8 миллиард теңгеге жеткізу, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданын 372 мың шаршы метрге дейін арттыру межеленіп отыр. Бұл көрсеткіштердің барлығын жыл соңына дейін толық орындай- мыз, – дейді Бақытжан Әмірбекұлы.

47 көпқабатты тұрғын үй салынады

Ағымдағы жылы қалалық бюджеттің кірістері 58,9 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 14,9 млрд теңгеге артқан. Оның ішінде салықтық түсімдер – 23,3 млрд теңгеге немесе 4,8 млрд теңгеге, салықтық емес түсімдер – 350 млн теңге немесе 10,8 млн теңгеге, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 15,6 млрд теңге сомасында жоспарлануда.
Бұдан бөлек, жоғары тұрған бюджеттерден жалпы сомасы 19,6 млрд теңге көлемінде нысаналы трансферттер бөлінген. Оның ішінде 9,6 млрд теңге даму трансферттері болса, 10 млрд теңге ағымдағы мақсатты трансферттер.
Даму картасында 2023 жылы бюджет есебінен 47 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Бүгінгі таңда Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы 3 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қалған 28 үйді аяқтауға және А.Асқаров көшесінің соңындағы 16 көпқабатты тұрғын үйдің бастамасына 9,7 млрд теңге қаржы қарастырылған.
Бақытжан Орынбеков мердігерлердің жеке қаражаты есебінен 2023-2024 жылдары 11 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланғанын да тілге тиек етті. Бүгінгі күні «Самал» шағынауданында 50 пәтерден тұратын 5 қабатты тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал қалған 10 үйдің құрылыстары жүргізілуде.

Мектептердің құрылысы қарқынды

Қала әкімі брифингте білім саласын да назардан тыс қалдырмады.
– Білім саласында 2023 жылы жалпы құны 10,1 млрд теңгеге 5 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі таңда «Барысхан» тұрғын алқабындағы 600 орынды мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 4 мектептің құрылыстары жүргізілуде. Олар Ы.Сүлейменов көшесінің соңында №15 мөлтекауданында әрқайсысы 1 200 орынды 2 мектеп, «Арай» тұрғын алқабында 600 орынды 1 мектеп және «Казарма» тұрғын алқабында 180 орынды 1 мектеп.
Сондай-ақ 1,8 млрд теңгеге 7 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары және 132 млн теңгеге 17 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жұмыстар маусым айында бастала- ды, – деді Б.Орынбеков.
Жұмыспен қамту саласында биылғы жылы жеке, бюджеттік инвестициялық жобалардың және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобалардың аясында 10 596 жұмыс орны ашылмақ. Оның 3 367-сі уақытша жұмыс орындары және 7 229-ы тұрақты жұмыс орындары.

Спорт саласында серпін бар

Спорт саласында үстіміздегі жылы 2 нысанның құрылысы жоспарланған. Атап айтсақ, «Талас» мөлтекауданында фитнес залының құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілсе, «Құмшағал» тұрғын алқабында спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұл жобаға қалалық бюджеттен 485 млн теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар аулаларға 4 спорт алаңшасын салу жоспарланса, бүгінгі күні №15 мөлтекауданда және Д.Менделеев көшесіндегі спорт алаңшаларының құрылыстары басталған. Ал қалған 2 спорт алаңшасы шілде-тамыз айларында салынады.
Мәдениет саласында да бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің ғимараты күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ Асанәлі Әшімовтің шығармашылық орталығының құрылысы мен «Көне қамал» кешенінің үшінші кезеңі іске асырылады.
– Туризмді дамыту бағытында Тараз қаласы Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енді. Бүгінгі таңда қаламызда 76 қолөнерші 8 бағыт бойынша жұмыс істейді. Алдағы кезеңде осы саланы дамыту мақсатында қолөнер орталығын ашу жоспарлануда.
2023 жылы саяжайларды жандандыру мақсатында «Жеңіс», «Қайрат Рысқұлбеков», «Шахристан» және «Арбат» демалыс орындарында гүлзарлар алаңы, демалыс аумағы, велосипедтер, скутерлер сынды айдайтын арнайы алаң, дүңгіршектер, заманауи үлгідегі аттракциондар салынады.
Инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысы бойынша №15 шағынаудандағы 40 көпқабатты тұрғын үйдің ішкі алаңдық инженерлік желілері бойынша жұмыстар атқарылуда. 25 тұрғын үйдің ішкі алаңдық инженерлік желілерінің құрылыс жұмыстарын бастау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде. Шалғай Қарасу 1,2,3,4,5,6,7, «Шөлдала», «Құмшағал», «Шаңырақ», «Көктем», «28 саяжай» алқаптарына және 14, 15 шағынаудандарына электр желісі тартылды.

68 көше жарықтандырылады

Бұдан бөлек, биыл 500 млн теңгеге 68 көшедегі темір бетонды бағаналарға түнгі жарық шамдары орнатылады. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізіліп, мердігерлер анықталды. Аталған жұмыстар қыркүйек айына дейін аяқталмақ.
Тағы бір айта кетерлігі, ағымдағы жылы 3,4 млрд теңгеге 118 көшеге, бұрылыс және тұйықтарымен орташа жөндеу жүргізіледі. 1,1 млрд теңгеге Саңырақ батыр және Д.Шостакович көшелері қайта жаңғырудан өтеді. Қазіргі таңда бұл жобалар бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізілуде. Сонымен қатар көшелерді ағымды жөндеуге 200 млн теңге қаржы қарастырылып, жұмыстар жүргізілуде.Нәтижесінде жақсы жағдайдағы асфальт жолдардың үлесі 61,6 пайыздан 65 пайызға дейін артады, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Жағымды жаңалықтың бірі – биыл 625 млн теңгеге 27 аула заманауи және соңғы үлгіге сай абаттандырылады. Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 10 мыңнан астам тұрғынның өмір сүру сапасына оң әсерін тигізіп, қаланың сәулеттік келбеті жақсарады.
Ағымдағы жылы даму картасына сәйкес, 43 көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Бүгінгі таңда 5,4 млрд теңгеге республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Қолдау тапқан жағдайда 63 көппәтерлі тұрғын үйді жөндеуден өткізуге мүмкіндік болады.
Қаланың көгалдандыру және жасыл аймақ құрудың жоспарына сәйкес, «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2023 жылы 12 гектар жерге 15 мың тал көшеттерін отырғызу жоспарланса, қазіргі таңда 7,8 мың тал көшеттері отырғызылған. Бұл жұмыстар ары қарай өз жалғасын табады.
Арық жүйелерін қалпына келтіру бойынша (ирригация) алдағы үш жылда бюджет қаражаты есебінен 3,5 млрд теңге қаражат бөлініп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. 2023 жылы 3 аумақтық округтің ирригация жүйелерін қалпына келтіру мақсатында бюджеттен 1 млрд теңге қаржы қарастырылып, «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС жұмыстарды жүргізбек.

Қоғамдық көліктер мәселесі шешіліп келеді

Шаһар басшысы брифингте қоғамдық көлік мәселесіне де баса тоқталды.
– Автобус парктерін жаңарту мақсатында 2023 жылдан бастап жыл сайын үлкен және орта сыйымдылықты 70 автобустан алу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда «№1 Тараз автобус паркі» ЖШС 20 бірлік және «Әулиеататранспасс» ЖШС 3 бірлік «Zhong Tong» маркалы автобустарын жеткізіп отыр. Сыйымдылығы кемінде 55 адамды тасымалдау мүмкіндігі бар бұл қоғамдық көліктер №11, №19, №46, №28, №55 маршрут бағыттарында қызмет көрсетеді. Жыл соңына дейін жоспарды толық орындау күтілуде.
Бұдан бөлек, Тараз қаласы аумағынан жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімін алу кезегінде бүгінгі күні 113 273 азамат тіркелген. Кезекте тұрған азаматтарды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында жалпы көлемі 1 821,6 гектар болатын 5 алқапты мемлекеттің мұқтажы үшін алып, қажетті инфрақұрылым жүргізу бойынша жұмыстар басталды. Аталған тұрғын алқаптарда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар жүргізілгеннен кейін жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 6 213 жер телімін беруге мүмкіндік болады.
Тараз қаласының дамуын заманауи жоспарлау, тұрғындарға қажетті әлеуметтік инфрақұрылымдарды тиімді салу мақсатында жаңа Бас жоспар әзірленгенінен ел хабардар. Қазіргі уақытта қала аумағы 18 787 гектарды құраса, жобалау аумағы 30 542 гектар болады.

Қосымша екі аудан құрылады

Бүгінгі күні қаланың халық саны 428 мыңға жуықтаған. Оған қоса, қала маңындағы Жамбыл және Байзақ аудандарынан 44 500 адам тұратын аумағы 11 755 гектарды құрайтын 14 елді мекен қосылуы көзделіп отыр. Бұл жағдайда қаланың халық саны 472 мыңнан асатын болады. Заңға сәйкес, «облыс орталығындағы қала халқының саны 400 мыңнан асқан кезде қаладағы аудандар құрылады» деп көзделген. Осыған байланысты қалада 2 аудан құру жоспарлануда. Әр ауданда 200 мыңнан аса халық қоныстанбақ.
– Қаланың өмірін және дамуын тиімді қамтамасыз ету үшін Тараз қаласында екі аудан құру қажеттілігі туындап отыр. Ол қаланың аумақтық тұтастығын, бүкіл қаланы бақылауды, жалпыұлттық қызметтерді аумақтық ұйымдастыру және төтенше жағдайлар кезінде күштерді жедел ұйымдастыруды қамтамасыз етеді. Екі аудан құру туралы ҚР Президентінің атына хат жолданып, келісім құжаты алынды. Сондай-ақ Тараз қаласында екі аудан құру бойынша іс-шаралар жоспары (Жол картасы) әзірленіп, бекітілген жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілуде.
Бас жоспардың маңызды жобалық шешімдері өзекті мәселеге айналған көлік қозғалысын тиімді ұйымдастырып, көлік жолдарындағы жүктемені азайтады.
Абай даңғылын Балуан Шолақ көшесімен қиылысқан аумағындағы теміржол үстінен өтетін көлік жолы құрылысы арқылы халық арасында «За линией» аталатын аумаққа жалғастыру, Абай даңғылын 14 шағынаудан арқылы Кенесары хан даңғылына шығару қарастырылған. Қазіргі таңда қалалық бюджеттен 65 млн теңге бөлініп отыр.
Атқарылған жұмыстар аз емес. Дегенмен алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар одан да ауқымды. Облыс орталығы Тараз қаласының даму жоспарын толығымен іске асыруға бар күш-жігерімізді салып жұмыс істейміз, – деп сөзін түйіндеді қала әкімі Б.Орынбеков.
Бұдан кейін БАҚ өкілдері шаһар басшысына қала тынысына қатысты бірқатар сұрағын қойды. Бақытжан Орынбекұлы барлық сауалдарға тұшымды жауап беріп, билік пен бұқара біріксе ғана сүйікті қаламызды көркейте алатынымызды баса айтты.

Саян ТІЛЕУЖАН

Comments (0)
Add Comment