Үш жылдық даму жоспары: Көне шаһар күн санап көркейіп келеді

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрғалығымен Тараз қаласын дамыту, мәселелерді шешу жолдарын қарастыру жөнінде кеңес өтті. Жиынға қала басшылығы, аумақтық округтердің бас инспекторлары, пәтер иелерінің кооперативтері мен мүлік иелерінің бірлестіктерінің өкілдері, кварталдық комитет төрағалары мен үй ағалары да қатысты.

Ербол Қарашөкеев бұған дейін жұмыс кестесінен тыс таңертеңгілік уақытта қаланың бірқатар аумақтарын аралап, тазалық сақтау, аулаларды реттеу бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелгенін жеткізді. Басқосуда баяндама жасаған Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жоспарлы жұмыстардың орындалу барысына және өзекті мәселелерге жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, 11 аумақтық округке бөлінген Тараз қаласы тұрғындарының саны 430 мыңға жуық адамды құрайды. Шаһарда 57 270 жеке тұрғын үй, 70 тұрғын алқап, 1 438 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Оның ішінде 1 103 көппәтерлі үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. «Нұрлы жер» және өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламалары аясында 2011 жылдан бастап 477 үй күрделі жөндеуден өткізілсе, 626-сын жөндеуден өткізу жоспарлануда.
– Тараз қаласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған 3 жылдық Даму картасында қаламызды жан-жақты дамытуға бағытталған, барлық саланы қамтитын жұмыстар қарастырылған. Жалпы шаһардағы өзекті мәселелерді шешу осы Даму жоспарына сәйкес жүзеге асырылады, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Аталған кешенді жоспарға сәйкес, көшелерді жарықтандыру мәселесі бойынша ағымдағы жылы 500,3 миллион теңгеге 83 көшедегі темірбетон бағаналарға түнгі жарық шамдары орнатылған. Келесі жылға тағы 76 көшенің бағаналарын ауыстыру жұмыстарының құжаттамалары дайындалуда. Ал 2024 жылы қаладағы 345 көпқабатты тұрғын үй ауласына және кіреберіс жолдарына түнгі жарық шамдарын орнату жоспарлануда.
– Жалпы қалада 821 аула бар десек, оның ішінде 417 ауланың жағдайы өте нашар. 2020 жылы жұмыспен қамту жол картасы аясында 163 аула абаттандырылған. Оның бүгінде 152-сінің жағдайы сын көтермейді, жарамсыз күйге түскен. Ал 13 ауланың жағдайы орташа. 2022 жылы 5 аула, 2023 жылы 27 аула абаттандырылды. Бүгінгі күнге нашар жағдайдағы 417 ауланың 191-іне балалар ойын алаңшаларымен қоса ауланың жолдарын жөндеу, көлік тұрағын қалпына келтіру, жарықтандыру жұмыстарын жүргізу, ал 226 ауланың жолын жөндеу, жарықтандыру және жаяу жүргіншілер жолын салу қажет етеді, – деді қала әкімі.
Сонымен қатар биыл 144 көше, бұрылыс және тұйықтарды орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. Бүгінгі күні 83 көшеде жұмыс аяқталса, қалған 61 көшеде құрылыс-монтаж жұмыстары орындалуда. Саңырық батыр және Шостакович көшелері қайта жаңғырудан өтсе, «Барысхан» және «Бурыл» тұрғын алқаптарында жол құрылысы жүруде.
2024 жылы 107 көше бұрылысы, 6 жаяу жүргіншілер жолы, «Құмшағал», «Шөлдала» алқаптары мен 28 саяжайдың жолдарына шағал төселіп, бас-аяғы 22 жоба бойынша жұмыс жүреді. Одан бөлек, А.Асқаров, Қолбасшы Қойгелді және Рысбек батыр көшелері қайта жаңғыртылады. Ал 2025 жылы 86 көше орташа жөндеуден өтіп, 4 көше қайта жаңартылады деп жоспарланған.
Басқосу барысында жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеу, қоғамдық көлік қатынасын арттыру, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, қоқыс алаңшаларын реттеу және аулалардың тазалығына да қатысты мәселелер талқыланды.

 

Comments (0)
Add Comment