Оқушылардың білім, білік дағдыларын байқау, өздерін еркін ұстай білуге үйрету, шапшаң ойлау қабілеттерін дамыту мақсатында Талас ауданы, Ақкөл ауылы, Ақкөл орта мектебінің 2«Ә» сынып оқушылары арасында «Қызық екен…» атты сайыс ұйымдастырылды.
Жарысқа қатысқан 11 үміткер «Жүйріктер», «Бір ел – бір кітап», «Кім шапшаң?» және «Суреттер сыр шертеді» атты 4 кезең бойынша сынға түсті. «Жүйріктер» бөлімінде түрлі сұрақтар қойылып, жоғары ұпай алған оқушылар екінші кезеңге жолдама алды. Ал II бөлімде мықтылар кітап авторларының туған жері мен жылы, қандай кітаптар мен өлеңдер жазғанын айтумен анықталса, III бөлімде қағаз ішіне жасырылған мақалды шамның көмегімен табу және мақалдың түпкі ойын түсіндірумен сынға түсті. Соңғы «Суреттер сыр шертеді» атты бөлімде ұлтымыздың қазынасы – домбыра мен киіз үйдің құрылымы мен киіз үйдің жабдықтарын атап айтумен жүлделі жүйріктер белгілі болды.
Жарыс соңында барлық қатысушыға Алғыс хаттар табысталды.
Гульнара ТУРМАХАНБЕТОВА,
Ақкөл орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі.
Талас ауданы