Санаулы күндерден соң жадыраған жаз мезгілі келеді. Ми қайнатар аптап ыстық болатын бұл уақытта өрттен келер қауіптің де күшейе түсетіні белгілі. Сондықтан, қала аумағында тілсіз жауды болдырмаудың қамын ертерек жасаған жөн. Бұл ретте ерекше назар аударатын бір жайт бар…
Биылғы көктем жауын-шашынды болғандықтан, жолдардың, арық-атыздардың жиектерінде, саябақтар мен үйлердің аулаларында шөп қалың өсті. Ал күннің сәуір айынан бастап күрт ысып кеткенін ескерсек, жылдағыдан ерте қураған шөп өрт шығу қаупін әдеттегіден жоғарылатып отыр.
Осыған орай, шаһар көлемінде шөп шабу науқаны қарқын алды. Аталған жұмыстарға тікелей жауапты «Жасыл ел-Тараз» мекемесі қала аумағындағы көгалдарды биылдыққа екі қайтара орып шыққан. Нәтижесінде бірінші кезеңде 764 437 шаршы метр көгал мен 5 мың шаршы метрден астам жол және арық жиектерінің шөбі шабылған.
– Жыл сайынғы шөп ору жұмыстары Тараз қаласын абаттандыру жоспарының аясында жүргізіледі. Қазіргі уақытта «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылары шөп-шалғынды екінші қайтара шабуға кірісіп кетті. Осылайша бүгінде облыс орталығындағы саябақтар мен демалыс орындарының 780 196 шаршы метр, 127 көшедегі 969 003 шаршы метр көгалын шабу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Көгалдарды оруға 26 жұмысшы, айналмалы орағы бар 1 үлкен және 1 кіші трактор, 8 бұта қырыққыш және 2 «ГАЗель» жүк көлігі жұмылдырылды, – дейді «Жасыл ел-Тараз» ЖШС өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Ақжол Төлепов.
Алайда бұл іске жалғыз «Жасыл ел-Тараз» мекемесі жұмысшыларының күші жетпейтіні анық. Себебі мамандар бір аймақтың шөбін екі-үш мәрте қайтара орғанымен, жасыл желек бір жауыннан соң қайта қаулап көтеріліп шыға келеді. Ал оны қайта орып шығу көп уақыт пен жұмыс күшін қажет ететіні түсінікті.
Бұған Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков те ерекше назар аударып отыр. Осыған орай, апта басында қала әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде шаһар басшысы жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар жүктеді.
– Өткен демалыс күндері қала аумағында 20-дан аса қураған шөп өртену фактісі тіркелді. Бұған олардың уақытылы орылмағаны себеп болып отыр. Өйткені көктеп шыққан кезінен бастап орақ тимеген жасыл желектің биіктігі тізеден асады. Сондықтан «Жасыл ел-Тараз» мекемесі бұл бағыттағы жұмыстарды барынша күшейтуі керек.
Дегенмен, қала ішіндегі шөп шабу жұмыстарына бір ғана «Жасыл ел-Тараз» жұмысшыларының күші жетпейді. Сондықтан барынша күш біріктіріп, бұл жұмыстарға қала аудандарының әкімдері, округ инспекторлары, кәсіпкерлер, кәсіпорындар мен қала тұрғындары да атсалысу керек. Қазірден жұдырықша жұмылмасақ, ертең қураған шөптен шыққан өрт саны көбейіп кетуі мүмкін, – дейді қала әкімі.
Расында, қала тұрғындары өз үйлерінің маңайындағы, мекеме-нысан иелері өз аумақтарындағы шөпті уақытында орып, тазалық жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуі коммуналдық қызмет жұмысын едәуір жеңілдетер еді. Бұл арқылы біз, біріншіден, тұратын жеріміздің тазалығын сақтасақ, екіншіден, өз қауіпсіздігімізге атсалысамыз. Өйткені, қаулаған шөп арасына түскен кішкене шыны сынығының өзі аптап ыстықта қызыл жалынның тұтануына себеп болатыны белгілі. Ал тілсіз жаудың жақын маңайда орналасқан үйлер мен өзге де ғимараттарға көшпейтініне ешкім кепіл бола алмайды. Сол себепті бұл іске кімде-кім болмасын немқұрайды қарамауы қажет.
Еркін САЙЫН