Шығыс Қазақстан облысында әскери борышын өтеп жатқан сарбаз өз-өзіне қол салды, деп хабарлайы «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Үйіне оралуына 4 ай қалғанда 20 жастағы жігіттің мәйіті әскери қоймадан табылған. Аяқ астынан болған қайғылы жағдайды естіген оның туыстары ес жия алмай отырған көрінеді.
Көкшетаулық Асылхан Қалияқбаров жарты жылдан астам уақыт бұрын әскерге кеткен. Отбасының кенжесі еді. Мерзімін аяқтап, үйге оралады деп күтіп отырғанда, баласының қаза тапқанын естіген ата-ана есеңгіреп қалды. Айтуларынша, оның мәйіті әскери қоймадан асылған күйінде табылған. Бірақ олар Асылхан өзін-өзі өлтірді дегенге сенбейді. Қайғыдан қан жұтқан ана Асылханның шыншыл болғанын айтады. Шындық айтамын деп өліп кетті ме екен деп қан жылайды анасы.
“Денесі, қабырғалары, құлағының тұсы көгерген. Құлағы ісіп кеткен. Көзі ашық қалған, қолы жұмылып қалған. Өзі жасады дегенге сенбеймін. Баламда бірдеңе болғаны анық. Ұрып тастады ма, содан кейін балам хабарласа алмады. Асылхан шындықты жақсы көруші еді, шындықты айтамын деп жақпай қалған шығар. Мен мұны бұлай қалдырмаймын”, – дейді марқұмның анасы Асылтас Қалияқбарова.
Ал апасы Жұмабике Жақсыбекованың айтуынша, Асылхан алғашқыда Алматыдағы әскери бөлімде болған, кейін Үржарға ауыстырылыпты. Содан кейін хабарсыз қалған көрінеді. Өмірге құштар еді, өзіне қол жұмсауы мүмкін емес дейді.
“Ол өзіне-өзі қол салуы мүмкін емес еді. Оның үлкен жоспарлары болатын. Қайтуға төрт ай қалғанда мұндай қадамға бармайтын еді. Бір минутта өлуге шешім қабылдай салатын бала емес еді. Олар тіпті тергеу жүргізбей жатып, өзіне қол салды деп айтты”, – дейді марқұмның әпкесі Жұмабике Жақсыбекова.
Әскерге сап-сау кеткен бозбаланың мәйітін отбасына офицерлердің өздері жеткізіп берген. Баласынан қапияда айрылып қалған ата-ана енді не істерін білмей отыр. Әскери бөлімшедегілер мардымды жауап бермейді дейді.
Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне хабарластық. Қатынас хат жолдадық. Әзірге жауап жоқ.
Ал сарбаздың жақындары, кінәлілер жазалансын деп талап етіп отыр