«Шөлдала» мен «Құмшағалдағы» саяжайлар мәселесі шешімін табуда

«Құмшағал», «Шөлдала» алаптары мен 28 саяжай кіретін қаланың 11-ші әкімшілік аумағында бүгінде 20 мыңға жуық адам тіркелген. Аумақ негізінен саяжайлар мен бірыңғай шағын үйлерден тұрады, коттедждер, көп қабатты үйлер жоқтың қасы.

Мұнда 7 мектеп бар, оның ішінде 900 оқушыға арналған жетінші мектептің ғимараты былтыр «Шөлдалада» пайдалануға берілген. «Шөлдала» мен «Құмшағал» алаптары тұрғындарына екі отбасылық-дәрігерлік амбулатория медициналық қызмет көрсетеді. Екі ауылда да спорт алаңдары салынып, пайдалануға берілген. №54 автобус бағыты бойынша 9 жаңа аялдама іске қосылды. Сондай-ақ қала маңындағы арақашықтығы 3 шақырымнан асатын «Шалғай Қарасу» және «Шөлдала» алаптарынан қатынап оқитын оқушыларды көлікпен тасымалдау мақсатында 2018 жылы №55 және №19 мектептерге 2 автобус сатып әперілсе, үстіміздегі жылы дәл осы жалпы білім беру орындарына қосымша тағы да екі автобус алынғанын атап өтуге тиіспіз.

Осыдан екі жыл бұрын үлкен жолдан «Көлтоған» елді мекені арқылы «Жиделіге» дейінгі аралықтағы 8 шақырымдық автомобиль жолы орта жөндеуден өткен. «Тараз-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының осы аумақты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су-құбыр жүйелерін жүргізуіне қалалық мәслихаттың ықпал етуімен 30 миллион теңге қаржы бөлінген-ді.

Дегенмен аумақта қордаланған мәселе әлі де көп. Бүгінгі таңда «Құмшағал», «Шөлдала» аумақтарындағы саяжай алаптарына қатысты мәселелер тұрақты бақылауымызда. Қос алаптағы жалпы тұрғындардың саны 14 мыңға жуықтайды. Нақтылай айтсақ, «Құмшағалға» қарасты 13 саяжай алабында 1423 аула болса, онда 4298 адам тұрады. Ал «Шөлдаладағы» 16 саяжай алапта 2887 аула бар. Мұнда барлығы 9300 адам тұрады. Қаланың әкімшілік аумағына енгеніне бес жылдан асса да, ауыз су, жарық, көгілдір отын, жол және кәріз жүйелері мәселелері оң шешімін таппауда. Оның басты себебі – саяжай алаптарына осы күнге дейін тұрғын жай алабы мәртебесінің берілмеуі. Бұрынғы саяжай алаптары енді қала құрамына алынып отыр. Сондықтан да қала ауқымы аясында жаңғыртылуы ойластырылуда. Саяжайлардағы баспаналар енді жеке тұрғын үй мәртебесіне ауыстырылатын болады. Бұл үшін тұрғындардың тиісті мемлекеттік төлемдерді төлеуіне де тура келеді. Ауыз су, кәріз жүйелерін жүргізу және жол салу аумақтың егжей-тегжейлендіру жобалары бекітілгеннен кейін, сол жобалардың негізінде жүзеге асырыла бастайтын болады.

Бүгінде тұрғындар үйлерінің мемлекеттік актілерін жер қатынастары бөлімі арқылы қайта рәсімдеуде. Саяжай телімдерінің әділет органдарында жеке тұрғын телімі ретінде тіркелуі коммуналдық қызметтерге төленетін тарифтік төлемақылардың төмендетілуіне мүмкіндік береді. Осылай өңір басшысының тапсырмасын орындау жұмыстарын бастадық. Қазір 28 саяжайға қатысты мәселені шешу мақсатында қалалық бюджеттен 18,5 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға жоғарыда аталған егжей-тегжейлі жоспарлау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ облыстық энергетика басқармасы тарапынан 24,6 миллион теңгеге аталмыш аумақтан магистральды электр желілері жүйесі салынуда. Бұған қосымша жергілікті қазынадан 3 миллион теңге қарастырылып, ішкі электр желілерін тарту жобасы дайындалуда. Бұдан бөлек, құрылыстар салынған қала аумағында кешенді инженерлік-геодезиялық барлау жұмыстарын жүргізуге облыс қазынасынан 45 миллион теңге бөлініп отыр.

Жалпы қаланың 2025 жылға арналған дамуының Бас жоспары 2010 жылы бекітілгені белгілі. Бүгінгі күні осынау Бас жоспардағы қайта жаңғыртылатын аумақтардың 55,7 пайызы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен қамтылған. Өткен жылы алғашқы кезеңдерге құрылыс жұмыстарын жобалау мақсатында қала орталығының – 102, «Тектұрмас» тарихи-мемориалдық кешенінің – 59, «Арай» тұрғын алабының – 241 және «Көлтоған», «Жиделі», «Қарасай», «Қызыл-Абад» тұрғын алаптарының 556 гектарлық бөлігіне, барлығы 958 гектар аумаққа егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары әзірленген болатын.

Болашақта Бас жоспарға сай міндеттерді толықтай орындау мақсатында жалпы 7 072 гектар жер көлемін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен қамту қажет. Бұл жұмыстар үш кезеңде жүзеге аспақ. Үстіміздегі жылы 2 960 гектар аумақ егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларымен қамтылатын болады. Келесі кезекте қаладағы 6 418 гектар көлеміндегі құрылысы жүргізілген аумақтарда инженерлік-геодезиялық жұмыстар жүргізу (мұндай іс бұған дейін 7347 гектарда немесе 53,4 пайызында жүзеге асырылған) жоспарланып отыр.

2019 жылы оның 3086 гектары қала бюджеті және республикалық «Қала-кадастр» кәсіпорны есебінен топотүсіріліммен қамтылмақ. «Тектұрмас», «Қарасай», «Родничок», «Ақжол», «Қайнар» және «Мичуринец» алаптарын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары 2020-2022 жылдар аралығында жүзеге асырылмақ. Бұдан бөлек, 2012 жылдан бері «Көлтоған» алабының маңындағы 250 гектар көлемінде бөлінген 1232 жер телімдерін түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде пайдалану мерзімі өткен 127 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Осы жерлер кезекте тұрған азаматтарға қайта берілетін болады.

Облыс орталығындағы бірқатар тұрғын жай және саяжай алаптарында алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстардың жоспары, міне, осындай. Жалпы қаланың 2025 жылға арналған дамуының егжей-тегжейлілендірілген Бас жоспары аясында тындырылатын тірліктердің барысында көне де жаңа қаламыздың сәулеттік келбет-айшығы одан әрі де арта түсуі әр кезде де назарымыздан тыс қалмақ емес.

Ғалымжан ӘБДІРАЙЫМОВ,
қала әкімі

Comments (0)
Add Comment