Биыл қала аумағында аулалар абаттандырылып, ойын алаңшалары пайдалануға берілді. Бірқатар көше күрделі жөндеуден өтсе, оның жиегіне жаяу жүргіншілер жолы салынды. Бұдан бөлек, өткен айдың бел ортасында жұртты әбігерге салған долы желден кейін келтірілген шығын көлемі анықталып, қалпына келтіру жұмыстары толығымен аяқталды.
Тараздың жолдары тақтайдай тегіс
Әрине, жүйелі жұмыс жан жадырататыны анық. Осы орайда біз қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлымен бірге шаһарда биыл іске асқан жұмыстардың ауқымын бақылап қайтқан едік. Алдымен БАҚ өкілдері мен бөлім мамандарынан жасақталған топ Б.Адамбаев көшесіне ат ізін салды. Онда ұзындығы 320 метр асфальт жол салынып, көше жиегіндегі ескі арық жүйелері ауыстырылған екен. Бұдан соң топ мүшелері одан әрі асфальт төселіп, жаяу жүргіншілер жолы салынған Байзақ батыр көшесіне бағыт бұрды. Көше тұрғындары ауқымды жұмыстың сапасына ризашылықтарын білдіріп жатты. Бөлім басшысының айтуынша, биыл шаһарда жол инфрақұрылымы бағытында қыруар қаржы бөлініп, жобалар уақытылы орындалып жатыр.
– Қала бойынша жалпы 1388 көше болса, соның ішінде 745 көше асфальтталған. Ал 643 көшеге қиыршық тас төселген. Автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 1831,3 шақырым. Биыл орташа жөндеуден 78 көше өтсе, оның ішінде бұрылыс пен тұйық көшелердің ұзындығы – 44,4 шақырым. Сонымен қатар көшелердің 12,5 шақырымы тротуармен қамтылды. Осы ауқымды жұмыстарға бюджеттен 1 миллиард 587 миллион 319 мың теңге қаралды. Сонымен, жолдарды қалпына келтіру бойынша жоспарланған 26 жобаның бүгінде 25-і аяқталған. Ал Есей би көшесіндегі жұмыстар желтоқсан айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде, – деді Зият Тұрсынұлы.
Қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүрді
Бұдан соң топ мүшелері қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерге ат басын бұрды. Өткен айдың 17 қарашасында мезгілсіз соққан дүлей жел қала тұрғындарын әлекке салған еді. Ең қиыны, 200-ден астам тал құлап, салдарынан электр сымдары үзілді. Кейбір үйлер жарықсыз қалды. Қала әкімдігі сол күннен бастап залал келген аймақтарға 12 бригада тартты. Араға үш күн салып, қалпына келтіру жұмыстарына шыққан топтың саны 32-ге артты. Себебі электр сымдарын реттеуге аудандардан қосымша бригада шақырылды. Жалпы желдің салдары бойынша тұрғындардан 738 арыз-шағым түссе, бүгінде соның барлығы толығымен орындалып отыр. Сонымен қатар қаладағы 140-қа жуық бағдаршамның 32-сі істен шығып, бүгінде ақау толығымен қалпына келтірілген. Қала бойынша дауылдан зардап шеккен аумақтарда әлі күнге дейін абаттандыру, санитарлық тазалау жұмыстары үзілген жоқ.
Желдің салдарынан қаладағы кейбір көпқабатты үйлердің шатыры мен қасбетіне залал келген еді. Жұмыс ауқымы белгілі болған соң, бұл тапсырма қала әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиевке жүтелген.
– Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін қаладағы 107 көпқабатты тұрғын үйге зақым келгені белгілі болды. Зерделеу жұмыстарынан кейін жалпы қала бойынша үйлердің 22 мың 672 шаршы метрге жуық жабындысы мен шатыры ұшқаны анықталды. Сонымен, 107 үйдің ішінде жабындысы 50 шаршы метрге жетпейтін үйлердің тұрғындары дер кезінде ақша жинап, ақауды ретке келтіріп алды. Ал 98 үйдің шатырын өз қаражаты есебінен жабуға тұрғындардың қаражаты жетпеді. Десе де, бүгінде барлық үйлердің шатыры жабылды. Жобалық-сметалық құжаттамаға сай көпқабатты үйлерге бюджеттен бөлінген қаражат көлемі 235 миллион теңгені құрады, – деді бөлім басшысы.
Тосын жағдайдан кейін «Бәйтерек» ықшамауданындағы №18, №19 үйлердің 4 мың шаршы метр қасбеті түскен еді. Бұл шаруаны әкімдік өз құзырына алып, үйдің іргесін қайта жөндеу үшін тұрғындар мен құрылыс компания-сынан бір тиын да алмаған.
Аулалар абаттандырылып, спорт алаңшалары ашылуда
Биыл қаланы абаттандырудың 2021-2023 жылдарға арналған жоспарына сәйкес, облыс орталығындағы 14 үй маңындағы аула жөндеуден өткен. Яғни тұрғын үйге апаратын жол асфальтталып, ауласы жарықтандырылған. Қоқыс жәшіктері қойылып, балалар ойын алаңдары мен «Street Workout» алаңшалары орнатылған. Бұған қалалық бюджеттен 265,4 миллион теңге қаралған. Бүгінде абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Құрылыс жұмыстарын мердігер «ST Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған. Сонымен қатар 7 бірдей шағын футбол алаңына жасанды көгал төселген.
Енді жыл соңына дейін «Тастақ», «Родничок», «Рассвет» алқаптарында және «Мамыр» саябағында шағын алаңдар және қосымша №26 шағынаудандағы шағын футбол алаңы пайдалануға берілмек.
Міне, осындай толайым тірлік жан жадыратып тұр. Бұл, әрине, ең бірінші кезекте бұқара үшін жасалып жатқан дүние екені анық. Сондықтан жоспарлы жұмыстар жыл соңына дейін толықтай аяқталып, алған бағытынан айнымасын деп тілейміз.
Сәндібек ПІРЕНОВ